NetNado
  Найти на сайте:

Учащимся

Учителям



1. /концепция утвержденная в 2013 году/Концепция итоговая (19.02.2013) (Перечень Конституция РК).doc
2. /концепция утвержденная в 2013 году/Постановление Правительства Республики Казахстан от 27 февраля 2013 года.docx
3. /концепция утвержденная в 2013 году/т?жырымдама НПА 12022013 18 фев.doc
«Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі

скачать doc

Қазақстан Республикасы

Үкiметiнiң

2013 жылғы « »

№ қаулысымен

мақұлданған

«Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
Кіріспе

  1. Мемлекеттік жастар саясатын дамытуды пайымдау

  2. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы әдістері

  3. Тұжырымдаманы іске асыруды реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі


Кіріспе

Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған өскелең жастар. Қазақстан жастарының даму деңгейінің, олардың қоғамға ықпалдасуының негізі Қазақстанның болашағымен байланысты.

Жастар саясатының басымдықтары Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты мақсаттарының бірі болып табылады.

Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қояды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық жетістігін бекіте отырып, Қазақстан XXI ғасырдың үшінші он жылдығының негізгі мақсаты – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру үшін сеніммен қадам басу ниетінде.

Осы жағдайларда аға буынның жасампаздығын жалғастыру, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің деңгейін одан әрі жоғарылату, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік танылуын қамтамасыз ету - жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктейді.

Мұндай аса жауапты миссия тек кәсіби білімі, тәрбиесі мен адамгершілігі бар, бәсекеге қабілетті, елжанды және әлеуметтік жауапкершілікті жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің негізгі міндеті мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекелестікке қабілетті негізгі күшіне айналдыру.

Мемлекеттік жастар саясаты

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жас ұрпақтың табысты әлеуеттенуі мемлекет назарында болды және болып қалады.

1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы Өкімімен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы» бекітілді. Бұдан әрі аталған құжатты Үкімет қабылдағаннан кейін, 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар іске асырылды, оның ішінде «Қазақстан жастары», «Жастар саясатының 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жастар саясатының 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2005-2008 жылдарға арналған бағдарламасы».

Барлық аталған бағдарламалар жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

Жастар саясатын одан әрі іске асыру үшін институционалдық негіз «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шілдедегі Заңын қабылдау болды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда.

2008 жылы «Нұр-Отан» Халықтық-демокартиялық партиясының (бұдан әрі – «Нұр-Отан» ХДП) «Жас Отан» Жастар қанаты I съезінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.

Басым бағыттардың бірі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау болып табылды, өткен 7 жылда оның көлемі 10 еседен астам өсті.

Мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл үдерістерін одан әрі жетілдіру кезеңі Білім және ғылым министрлігінің құрылымында Жастар ісі комитетін және Астана, Алматы қалаларының және облыстардың жастар саясаты мәселелері бойынша басқармаларын құру болды.

Жалпы алғанда, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайларды дамытуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламасы ғана емес, бүгінгі күні елімізде іске асырылып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Жұмыспен қамту – 2020», Бизнестің жол картасы – 2020», «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламалары сияқты білім беруді, денсаулықты, тілді дамытудың, үдемелі индустриалды-инновациялық дамытудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары бағытталған.

Демографиялық жағдай

Қазақстанның 14-тен 29 жасқа дейінгі жастары халықтың 26 %-ын құрайды. Қоғамда жастардың үлесі артуда. Оның саны 2012 жылы 4,4 млн. адамға жақындады. Бұл ретте, өңірлерге байланысты жастардың жалпы санындағы жастардың үлесі өзгеріп отырады. Айталық, ол Оңтүстік Қазақстан облысында - 17 %, Алматы облысында - 12 %, Алматы қаласында - 10 % құрайды. Жастардың жалпы санынан анағұрлым аз үлесі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады - 4 %-дан төмен.

Қазақстан жастары үшін жоғары білім деңгейі тән. Жоғары білімі бар жастардың саны соңғы онжылдықта 3 есеге, арнаулы орта білімі барлардың саны 2 есеге өсті. Жоғары білімі бар ауыл жастарының саны 6 есеге, қала жастарының саны 4 есеге өсті. Жалпы алғанда жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білім Қазақстан жастарының 40 %-да бар.

Жастар ұйымдары

Соңғы он жылда олардың саны 7 есеге өсті. Қазақстан жастарының конгресі (2002) және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты (2008) сияқты көпшілік ұйымдарда жастардың шоғырлану үдерісі жалғасуда. 2005 жылы «Қазақстан студенттерінің альянсы» студент жастардың қоғамдық бірлестігі құрылды.

2011 жылдан бастап «Қазақстанның жас депутаттары қауымдастығы», ал республиканың барлық өңірлерінде – жастар мәслихаты жұмыс істейді. 2011 жылы балалар мен жас жеткіншектерге арналған – «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» жаңа ұйымдары пайда болды, олардың басым міндеттері патриоттық тәрбие болып табылады.

Бірқатар жастар бағдарламалары мен бастамалары іске асырылуда: «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар-Отанға!», олар ауқымды оң қоғамдық резонансқа ие.

Жұмыспен қамту

Еңбек және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясаты жастарды жұмысқа орналастыру, қоғамды жұмыстарды дамыту және жастарды кәсіби даярлық пен біліктіліктерін арттыру курстарында оқыту бағдарламаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

2011 жылы 15 және одан жоғары жастағы белсенді экономикалық тұрғындардың саны 8,8 млн.адамға жетті. Жұмыспен қамту құрылымының (8,3 млн.адам), шамамен үштен бір бөлігін (30,5 %) 25-34 жас аралығындағы адамдар және 14,5 %-ын 15-тен 24 жас аралығындағы жастар құрайды. Жұмыспен қамту құрылымында жалдамалы еңбек қала жастарында 78,3%-ға, ауыл жастарында - 40,9%-ға басым.

Орта мерзімді кезеңдегі жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі (2005 жылдан бастап) 13,4-тен 4,6 %-ға дейінгі (жұмыссыздықтың жалпы деңгейі кезінде 8,1 – 5,4%) шекте болды.

2012 жылы жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі (4,6 %) алғаш рет жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен (5,4 %) төмен болды. Жастар жұмыссыздығының деңгейі қалаларда жоғары. 2011 жылы ол 6,4 % құрады, ал ауылда – 4,3% болды.
***

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүргізіліп жатқан мемлекеттік жастар саясаты қоғам өмірінде тұрақты рөл атқарды, жастарға көп кездесетін өмір ағымының қиындықтарын жеңілдетуге мүмкіндік берді, жастардың әлеуеттенуіне жағдай жасады.

I-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУДЫ ПАЙЫМДАУ


  1. Қазіргі заманғы жастардың өзекті мәселелері


Қазақстан жастарын әлеуметтендіру мәселесіндегі қауіптер мен тәуекелдер мемлекеттік жастар саясатының өзекті тәртібін қалыптастырады, олардың айналасында барлық мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың және азаматтық қоғам институттарының күші біріктірілуі тиіс.

1. Дәстүрлі құндылықтардың жүйесіндегі жаһандық қысым.

Жаһандану үдерісі әртүрлі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени даму деңгейлері бар мемлекеттердің ұлттық шекараларын ашады. Тұтынудың жаппай мәдениетінің қысымымен ұлттық құндылықтар тұрақтамауда.

Бүгінде дүниежүзінде ұлттық мемлекеттер жас ұрпаққа ашық әлем деңгейінде қоғамды дамытудың басымдықтарын сақтап қалуға мүмкіндік беретін құндылықтардың көңілге қонымды жүйесін ұсынуға қызығушылық танытуда.

2. Еңбек құндылықтарының доминанттық емес дәрежесі

Қазіргі уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейіп келе

жатыр. Өмір құндылықтарының қатарында анағұрлым маңыздысы материалдық игіліктерге ұмтылу. Бұл ретте көбінесе өмірлік жетістік, жоғары әлеуметтік дәрежеге қол жеткізу өз қабілеттілігімен еңбек ету, алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен тікелей байланыспайды, қойылған мақсатқа біртіндеп жету.

3. Патерналистік көңіл және әлеуметтік инфантилизм

Әлемдік тәжрибеде экономиканың өсуі қоғамда әлеуметтік күтулердің артуымен қоса жүретінін, мемлекетке деген патреналистік көңіл-күйді тарауына және инфатильді азаматтардың ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетті. Осындай құбылыстар Қазақстанда да байқалады. Социологиялық зерттеулер бүгінде Қазақстан жастарының 58 %-ы өз мәселелерін шешуге мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенім артатынын, бозбалалар мен бойжеткендердің 92,5 % тікелей қолдауды және жұмысқа орналасуда әлдекімдердің қол ұшын беруін күтетінін растап отыр.

4. Тұтынушылыққа құштарлық

Жастардың дүниетанымдық дағдарысының бір көрінісі -тұтынушылыққа құштарлық, жаппай тұтынушы қоғам дағдарысының бір бөлігі болып табылады. Жастардың қазіргі өмір сүру тәсілінің ерекшелігі болып табылатын тұтынушылық тәжірибе – олардың тек қана материалдық байлыққа ие болуын көздейді.

5. Жастар ортасының радикалдану қаупі.

Өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар, өзінің саяси мақсаттарын іске асыруды көздейтін сыртқы және ішкі деструктивті күштердің ықпалында қалу қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу, қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады.

6. Жастардың маргиналдануы

Мемлекет қабылдайтын жедел әлеуметтік жаңғырту жағдайында қайта құрудан көбіне көп мінез-құлықтары девиантты болатын «артта қалушы» әлеуметтік топтар пайда болады. Маргиналды жастардың пайда болуы қоғамдағы ықпалдастықтың қиындықтарына және жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуге байланысты.

Сонымен қатар, жастардың әлеуеттену үдерісі, оны қоғамдық-саяси өмірге тарту мынадай құндылықтарға негізделеді:

Патриотизм

«Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату» - Мемлекет басшысы құндылықты осылайша айқындап берді. Жас қазақстандықтар үшін Елбасының өмірі мен еңбек жолы - өз еліңнің Патриоты болудың жарқын үлгісі болып табылады.

Отан өз жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, онда тұратын халыққа, мерекелері мен күнделікті тірлігіне, мемлекеттік нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптасатын отбасыдан басталады.

Жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін сіңіру ерекше маңызды.

Халық бірлігі

Тұрақтылық – Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы табысының негізі және басты нәтижесі. Көп этносты және көп конфессиялы Қазақстан халқының бірлігі –абсолюттік құндылық және барша ұрпақтың міндеті – осы құндылықтарды қорғау және елді көркейту жолында оны дамытып, орнықтыра түсу.

Мәдени саналуандық – бұл адамдарды бөлмейтін, керісінше біріктіретін құндылық. Этностық алуандыққа негізделген қазақстандық дүниетаным әлемдік мәдениет ағынына сіңіп жоғалып кетпеуге тиіс, оны жас ұрпақ бірегей ұлттық игілік ретінде сақтауы керек.

Жастарды адамгершілік жағынан қалыптастыру үрдісіне әсер ете отырып, мемлекет мәдениеттің жалпы деңгейінің өсуіне, коммуникациялық технологияларды дамытуға назар аударуы тиіс.

Жастардың даму деңгейі үшінші мыңжылдықтың талаптарына сәйкес болуына қол жеткізу қажет. Жұмыстың маңызды бағыты ар-ождан және діни сенім еркіндігін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз ету.

Толеранттылық

Елбасының этносаралық және конфессияаралық келісімінің теңдессіз үлгісі жас ұрпақтың толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық және діни ерекшеліктерді түсіністікпен қарауының және құрметпен қабылдауының негізіне айналуы керек. Мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының түйіскен орны, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болып табылатын елдің жастары бейбітшілік пен келісім мәдениетін таратуға басқаларға қарағанда мүдделірек болуы тиіс.

Заңға мойынұсынушылық

Заңға бағынатын азаматтар ғана демократияны жетілдіруге және шынайы құқықтық мемлекет құруға қабілетті екені айқын. Заңды бұлжытпай орындау жастардың өмірлік дағдыларына айналуы керек. Бұл өсіп келе жатқан буында әсіресе, «ересек» өмірдің дағдылары жаңа қалыптаса бастаған кезеңінде маңызды болып табылады. Құқықтық сананың өсуі, белгіленген тәртіп ережелері мен қағидаларын құрметтеуді қалыптастыру барлық әлеуметтік институттардың ерекше назар аударатын нысанасына айналысуға тиіс. Заңның беделдігі қазақстандық жастардың санасында қазіргі кезеңнің дамуының базалық құндылығы ретінде берік бекітілуі қажет.

Білім

Жастардың дәстүрлі құндылықтары – білім мен мансап білім беру жүйесінің еңбек нарығында анықталған қажеттіліктер мен технологиялық жаңалықтарды және экономикалық, әлеуметтік, кәсіпкерлік өмірге айқын бейімделуді ескере отырып, қайта қаралуға тиіс. Жастар арасында ғылымның беделдін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге тарту жастар саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажет.

Еңбекқорлық

Жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастардың маңызды негізгі құндылықтары жастарды экономикалық-еңбек қызметіне тартуға негізделген еңбексүйгіштік пен ерекше еңбек этикасы болуы керек. Осыған байланысты, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялы-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасы» бағдарламаларында жастардың өздерін көрсетулеріне айрықша мүмкіндік беріледі.

Жастардың іске жұмыла білуінің экономикалық құндылығы аса жоғары. Зерттеулерге сәйкес, жастардың үштен бірі жұмыс үшін елдің кез келген өңіріне баруға әзір. Кез келген жағдайда әлеуметтік бейімделуге әзірлік, жастардың өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп беруге табиғи ұмтылысы өсіп жатқан Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтаудың ішкі көші-қон мәселесін шеше алады.

Инновациялық, ғылым және инновация

Инновациялық экономикаға өту - қазақстандық жастардың инновациялық мінез-құлқын қалыптастыру міндеттерін өзекті етеді. Жастар өткен күнмен астасқан дүниенің бәріне құштар емес. Сондықтан барлық жаңаны айрықша қабылдағыш, өмірдегі өзгерістерге бейімделгіш, мол әлеуеті мен шығармашылық зияткерлік энергиясы бар және әлеуметтік белсенді қызметке дайын жастар тәжірибеге жаңа идеяларды, бастамалар мен технологияларды жылдам ендіретін жолбасшы болуы керек. Онымен қазақстандық ғылымның өсуі, әсіресе жаратылыстану, техникалық ғылымдардың өсуі байланысты болуы керек. Жастардың ғылымға бет бұруы – бұл болашаққа айқын жол.

Отбасы

Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтің аса маңызды құраушы элементі ретінде қарастырылып келеді. Ол қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.

Қазақстан халқында бұрыннан бар қасиет, қарттар мен балалар ерекше қамқорға бөленуге тиіс. Өзі және өз жақындары үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден бастау ала отырып, жастар саясаты мәселелерінде негіз болуы қажет. Өмірдің құндылығы, қауіпсіздігі және оны жалғастыру отбасымен тікелей байланысты.

Денсаулық және спорт

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясына денсаулық пен спорттың құндылығын насихаттау енгізілуі тиіс. Өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидасы, зиянды әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану бұрынғыша маңыздылығы жоғары болып қалады.

Қазақстандағы спорт бүгінгі әлеуметтік лифтілер жүйесі анағұрлым үйлесімді жұмыс істейтін сала болып табылады. Қазақстандық спортшылардың ғаламдық табыстары жігіттер мен қыздарға өздерінің жарқын талантын, ерік-жігерін, мінезі мен еңбексүйгіштігін көрсете отырып, жоғары нәтижелерге, сонымен бірге даңқ пен құрметке бөлене алатындығын, материалдық игілікке де қол жеткізуге болатындығын көрсетіп берді.

Спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту жастар саясатының ерекше басымдығына айналуға тиіс.

Оң мұрат-мақсаттар

Нарық экономикасы мен Қазақстанның постиндустриалды дамуы жастардың әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқының жаңа стратегиясын қалыптастыру қажеттілігіне себепші болады. Кәсіпті таңдай білу, мансапқа дұрыс жолмен жету, еңбек саласындағы ықпалдастыққа және табысқа жету жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуы қажет.

Бұл ретте, жастарда меритократия қағидасын («лайықтылар билігі») ұстануды қалыптастырудың маңызы зор. Заманауи кәсіби мансаптың басты нышаны деңгейлік, кәсіби, еңбегіне қарай қызметтік сатылық өсу болуы керек. Жастар оң идеалдар мен өз талантына, жұмыс істеу қабілеті мен жеке жауапкершілігінің нәтижесінде табысқа жеткен үздіктерге теңесіп, алға жылжуы тиіс.

Жаңа экологиялық этика

«Жасыл экономиканы» дамыту индустрияландырудың негізі ретінде экологиялық мәселелердің маңыздылығын арттырады. Жастар жаңа экологиялық этиканы ұстанушылар болуы керек, туған жері мен оның табиғи байлықтарына жанашырлықпен қараулары тиіс.
2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Жастарды әлеуметтендіру үдерісі – бұл жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі. Жастардың қоғамның дамуына қатысу мәселесі – бұл ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетеді.

Жастарды әлеуметтік-экономикалық және саяси прогрестерге толыққанды ықпалдасуы мемлекеттің, азаматтық қоғам институттарының және бизнес - қоғамдастықтардың кең өзара іс-қимылы негізінде қамтамасыз етіледі.

Сонымен бірге, мемлекет пен қоғам жастарға қолдау көрсете отырып жастардың өмірдегі өз орнын табуға деген ұмтылысын төмендететін шамадан тыс қамқорлықтан арылуға тиіс.

Осылайша, Тұжырымдаманың мақсаты жастарды ойдағыдай әлеуметтендіруге, олардың әлеуетін елдің одан әрі дамуына бағыттайтын мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру болып табылады.

Алға қойылған мақсаттарға жету мынадай міндеттерді іске асыруды болжайды:

1) Қол жетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету;

  1. Салауатты өмір салтын қалыптастыру;

  2. Құқықтық мәдениетті арттыру және жастар бойында мемлекеттіліктің негізін құраушы құндылықтарына деген құрметті қалыптастыру;

  3. Жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдайлар жасау;

  4. Жастарға арналған қол жетімді тұрғын үй жүйесін дамыту;

  5. Жастарды мәдени құндылықтарға қатыстыру;

  6. Жастардың азаматтық және патриоттық сезімдерін өздігінен дамытуына ынталандыру;

  7. Жастарды моральдық - рухани сабақтастықты қамтамасыз етуге бағыттау;

  8. Мемлекеттік жастар саясатын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету және нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру;

  9. Жастарды «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға қатыстыру.



3. Іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер
Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту мынадай сипатта кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады:

  1. 2013-2015 жылдар аралығында

Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының және бизнестің құзырын және жауапкершілік аймағын нақтылайтын салааралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісі құрылатын болады.

Көрсетілген міндеттерге қол жеткізу мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы консультациялық - кеңестік органдар арқылы мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл әдістерін жетілдіру қажет. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жастар саясатын тұрақты негізде жетілдіруге негізделген ұсыныстарды әзірлеу мәселесінде үйлестірушілік рөлін арттыруға бағытталған жұмысын жалғастырады.

Жастар саясатының бағдарламаларын іске асыруға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтарының федерациясы, «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасы, «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және жастар ұйымдары қатыстырылады.

Алдағы кезеңде орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарымен жобалық үйлесім қағидасына және әлеуметтік нәтижеге жетуге негізделген өзара іс-қимылының жаңа схемасы іске асырылады. Орталық және жергілікті деңгейде әлеуметтік тапсырысты орналастырудың жастардың барлық санатын қамтитын, әлеуметтік жобаларды орта мерзімді болжамды негізде іске асыруға мүмкіндік беретін салалық қағидаты белсенді қолданысқа ие болады. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде жастар саясатының бірінші кезекті іс-шаралары әзірленетін болады.

Жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналастыруға, қол жетімді тұрғын үй және болашағы бар бизнес-идеяларды іс жүзінде қолдануға бағытталған жобаларға қатысу және өту шарттары дәйекті түрде жетілдірілетін болады.

Тұжырымдаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде жастармен нақтылы тұрғылықты жері, оқуы және жұмысы бойынша өзара іс-қимылға бағытталған біртұтас инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыс басталатын болады.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру үдерісінде мемлекеттік жастар саясаты мониторингінің, талдаудың және реттеудің жаңа құралдары әзірленетін болады.

Барлық мүдделі тараптардың күштері жастардың қажеттілігін және жастар арасындағы хал-ахуал, беталыстарын ескеретін нысаналы ақпараттық сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі.


  1. 2015-2020 жылдар аралығы

Жастардың мүдделері мен қажеттіліктеріне қатысты барлық бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды бағалаудың нысаналы индикаторларын енгізу маңызды шарт болады. Мемлекеттік органдардың жастар саясаты саласында іске асыратын шараларына талдау жүргізіліп, қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясаты саласындағы міндеттерді іске асыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыру болжануда.

Жастардың бастамаларын қолдау орталықтарын құру және олардың мемлекеттік және ақпараттық қызметтердің барлық спектрін көрсетуі туралы мәселе қарастырылатын болады. Ұлттық еріктілер желісі жаппай дамытылады.

Тұжырымдаманы ойдағыдай іске асырудың басты шарты білім беру жүйесінде жастармен өзара іс-қимыл жасау әдістерін қайта қарау болып табылады. Барлық жоғары оқу орындарында жас отбасыларға ақыл-кеңес қызметін ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау жөніндегі бағдарламаларды, спорт инфрақұрылымын, соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде нысаналы бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі пысықталады. Барлық оқу орындарының спорт залдарын жаңарту, жалпы дене шынықтыруды оқытудың және спортты дамытудың стандарттарын қайта қарау мәселелерін зерделеу болжануда. Студенттік спорттың ұлттық лигалары жаппай құрылатын болады.

Жастарды кеңінен әлеуметтендіру үдерісіне жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақ қозғалыстары тартылады. Орта және ірі бизнес кәсіпорындарында кадрлық әлеуетті қолдау мен дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламалары, соның ішінде тұрғын үй, білім беру және сауықтыру бағдарламалары іске асырылатын болады. Еңбек ұжымдарында жастардың әлеуметтік көңіл-күйін нығайту жөніндегі бағдарламаларды іске асыратын бизнесті әлеуметтік-экономикалық ынталандыру шаралары дәйекті түрде қолданылатын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жоғары кәсіби әдістемелік орталық бола отырып, оның жұмысы әлеуметтік зерттеулерді әзірлеу және іске асыруға, мониторинг, талдау шолуларын әзірлеу және өзге де зерттеулерді іске асыруға бағытталады.

Жастармен атаулы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін барлық мүдделі тараптар өкілдерінің біліктілігін арттыру және оқыту бойынша жүйелі жұмысты бастау мүмкіндігі зерделенеді.

Осылайша, жастармен өзара іс-қимылдың барлық тетіктері ұдайы даму үдерісінде болады, бұл ретте орталық және өңірлік деңгейде мемлекеттік жастар саясатын нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру басым бағыт болады.

Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру нәтижесі жас қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсаруы, жастардың білім алу және кәсіби өсуі, олардың қоғамның әлеуметтік – экономикалық өміріне тартылу дәрежесінің ұлғаюыу болуы тиіс.

Жастардың «Қазақстан - 2050» стратегиясының міндеттері мен мақсаттарын іске асыруға белсенді қатысуы жаһандық бәсекелестіктің жаңа жағдайларында Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді – жастардың жетістігі еліміз табысының мықты кепілі болады.

II БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ӘДІСТЕРІ
4. Жастар саясатын іске асырудың негізгі қағидаттары
Мемлекеттік жастар саясатын жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

  1. Жастар саясатын әзірлеу мен іске асырудың кешенділігі

  2. Әлеуметтік нәтижеге жету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл және барлық мүдделі тараптардың күштері мен ресурстарын қатыстыру;

  3. Біркелкілік, атаулылық және барлық нысаналы топтарды жаппай қамту;

  4. Жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жүріп жатқан үрдістердің мониторингі мен диагностикасының озық әдістерін енгізу;

  5. Іске асырылатын бағдарламаларды нысаналы ақпараттық сүйемелдеу.


5. Жастар саясатын іске асырудың негізі бағыттары
Қол жетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету

Білім мемлекеттің экономикалық қорын шешетін өндірістің басты шарты ретінде қарастырылады. Басты құзыреттер жүйесін меңгеруге бағытталған сапалы білім, функционалды сауаттылық, кәсібиліктің жоғары деңгейі жастарға бәсекеге қабілетті болу және еңбек нарығында қажетті болуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан «білім – ғылым – инновация» сияқты үштік басқаратын постиндустриялық әлемге беталған кезде, білім мен кәсібилік үшінші мыңжылдыққа рұқсаттама болып табылатыны сөзсіз. Осыған байланысты жаңғырту үдерісі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінен де, жоғары білім беру жүйесінде жалғасын тауып, ол нарықтың нақты қажеттіліктері мен әртараптандырылған экономиканы егжей-тегжейлі есепке алуға бағытталуы тиіс.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіби білім берудің дуальді жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету,

еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды қайта бағдарлау;

оқыту бағдарламаларын функционалдық сауаттылықты дамытуға және басты құзыреттерге жетуге қоса бағдарлау;

логикалық, сыни және сындарлы ойлауды қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін енгізу;

нарық қажеттілігін қоса алғанда ауыспалы әлеуметтік-экономикалық конъюнктураға білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіру үшін жұмысқа орналасуға бағытталған білім беруге және кәсіптік даярлауға көмек көрсету;

жастардың ғылымға бас бұруы;

жастар арасында білім беру порталын тарату;

жоғары оқу орындарын басқаруда ірі ұлттық және шетелдік компаниялардың түлектердің біліктілігін өндірістің мүдделеріне барынша жақындатуға мүмкіндік беретіндей қатысу жүйесін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде университеттердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, жоғары оқу орындарының базасында зерттеу орталықтарын және зертханаларды құру. Кәсіпкерлер және ірі бизнесмендер де кәсіптік біліктілік жүйесін құруға қатысулары керек.

қоғамға, ата-аналарға және білім алушылардың өзіне білім беру үдерісінің мазмұнына, оқыту сапасына әсер етуге мүмкіндікті беру, академиялық еркіндікті дамыту, соның ішінде білім беру мекемелерін басқару;

Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінде Болондық үдерісте ойларды қозғау мақсатында студенттік өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыру.

Білім алушы жастарға консультациялық көмек көрсету бойынша әлеуметтік жастар қызметтерін жандандыру қажет.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру

Жас қазақстандықтар шымыр, дендері сау болмаса экономикалық міндеттерді шешу мүмкін емес.

Өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікте болу қағидасы мемлекеттік жастар саясатының ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Жастарға профилактикалық іс-шараларды назарға алып зиян дағдылардан бас тарту, салауатты өмір салтын ұстануға уәждемесін арттыру қажет. Спортпен және дене шынықтырумен айналысу ерекше басымдылық болу керек.

«Жастар» және дене шынықтыру ұғымы жастар өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жастарда профилактикалық іс-шаралар мен екпелерді тұрақты өту дағдыларын қалыптастыру;

салауатты өмір салты аясында отбасын, құрбыларын, оқу орындарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, медициналық мекемелерді және басқа да серіктестерді қатыстыра отырып, консультациялық қызметтерді қоса алғанда, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыру;

ұрпақты болу денсаулығын сақтау мәселелері бойынша бірыңғай ақпараттық дерекқорын құру және жастардың оған қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтау;

білім беру жүйесі ұйымдарының спорт залдарын жаңарту және оларды спорт мүлкімен жабдықтау жөніндегі бағдарламаларды кеңейту мәселесін қарастыру;

жаппай спортпен айналысу үшін спорт нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

белсенді өмір сүруді дамыту және патриоттықты нығайту мақсатында жаңа бағдарлама-бағыттар әзірлеп және олардың танымалдылығының ұлғаюына қол жеткізумен отандық экологиялық туризмді насихаттауды енгізу қажет;

Жастардың бойында құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарына құрметін қалыптастыру

Жастар табысты ел – тек қана аға буын көрсеткен қамқорлығы ғана емес, бұл – жастардың өздерінің ертеңгі күні екенін анық сезінуі тиіс.

Жасөспірімдер мен бойжеткендердің санасында мемлекет – жастардың демеушісі емес, олардың өзін-өзі дамытуына жағдайлар жасайтын серіктесі деген ұғым бекітілуі тиіс.

Жастар тарапынан өзінің табанды еңбек етуі, сапалы білім алу және оны практикада қолдану, үнемшілдік, болып жатқан үдерістерге белсенді қатысумен жеке жетістікке және жалпы өркендеуге жетуге болатынын түсінуі маңызды.

Сонымен бірге, жас азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға кепілдік бере отырып, мемлекет құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейін арттыратын болады және жастар арасында орын алып отырған әлеуметтік – теріс құбылыстарға қарсы әрекет етеді.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

құқықтық мәдениетті арттыру және жастардың құқықтары мен еркіндіктеріне кепілдікті қамтамасыз ететін мемлекетке құрметпен қарауды тәрбиелеу бойынша барлық қажетті шараларды іске асыруды қамтамасыз ету;

жастар арасында құқықтық көзқамандыққа қарсы іс-әрекет, болмашы құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» стандарттарын қалыптастыру;

кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздықтың, қылмыстың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, толық емес және тұрмысы нашар отбасылардағы балалардың құқықтықтары мен мүдделерін қорғау үшін шараларды нақтылап, ювенальдық әділет жүйесін жетілдіру;

оңалтуды, қажет болған кезде, әсіресе білім беру мекемелері арқылы жастар әлеуметтік қызметтерін белсенді тарта отырып, қамаудағы немесе кәмелет жасына толмаған құқық бұзушылар ретінде бас бостандығынан айыру орындарында мерзімін өтеуші жастарды қоғамға қайта кіріктіруді қарастыру қажет.

Жастарды жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау

Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтуға көмек көрсету жөніндегі жұмысты жетілдіреді. Жастардың экономиканы, үдемелі инновациялық индустрияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қызметтің сапалық деңгейін арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударады.

Жастардың барлық сегменті мемлекеттік жұмыспен қамту саясатынан тыс қалмау тиіс. Мемлекеттің басты міндеті - әрбір жас азаматтың жұмысқа орналасуына көмек көрсету.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша әлеуетті мүмкіндіктерді және жастардың қажеттілігін егжей-тегжей зерделеу үшін диалог алаңдары, виртуалды консультациялық қоғамдастықтардың жұмысы арқылы жастармен кері байланыс жолдарын кеңейту;

жастарды кәсіподақ қатарына белсенді түрде тартудың тетіктерін қарастыру;

мүмкіндіктері шектеулі жастарды жұмысқа орналастыру үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз ету;

жас мамандарды жұмыс алу кезінде меншік нысананы қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың мүдделілігін арттыру үшін қосымша ынталандыру пайдалану, жастарға арналған жұмыс орындарын, оларды кәсіби даярлау және қайта даярлау, өндіріс оқыту орындарын құру мүмкіндігін қарастыру;

жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды жергілікті жерлерде оқыту және жетекшілік ету жүйесін құру. Қоғамдық бастамаларды зейнетке шыққан мамандарды тартумен бұнымен өндірістік және технологиялық мәдениеттің сабақтастығы үшін жағдай жасай отырып, өндірісте тәлімгерлік институтын дамыту,

мамандықты таңдау мәселелерінде жастарға арналған консультациялық қызметтердің мектептерде құрылуына көмек көрсету қажет.

Жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту

Жас отбасылардың ең көкейкесті мәселелерінің бірі өз тұрғын үйінің болуы болып табылады. Жекеменшік тұрғын үй – мықты отбасы, жемісті еңбек жолы, жанға жайлы қолайлылық және адамның өздігімен дамуының негізі. Мемлекет ұлттық экономиканың даму деңгейіне және мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жастарға тұрғын үй алуға көмек көрсетеді.

Осыны ескере отырып:

жас отбасыларға жеңілдікпен несие беруге бағытталған шараларды нақтылау мақсатында тұрғын үй заңнамасын жетілдіру мәселесін пысықтау;

қалыптасқан демографиялық үрдістерге байланысты тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға үміткер жас отбасыларының жастарына қойылатын шектеулерді оны ұлғайту жағына қарай қайта қарастыру мүмкіндігін зерделеу;

мемлекеттік - жеке меншік әріптестік шеңберінде студенттік жатақханалар салу бағдарламаларын кеңейту қажет;

Жастарды мәдени құндылықтарға қатыстыру

Халықтың мінез-құлқында және дүниеге көзқарасында айқындалатын халықтың мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы оның ұжымдық өмірлік тәжірибесін, оның ерекше ұлттық болмысын қамтиды.

Жастардың өркендеуі және жаһандандыруға ұмтылудың шынайы патриоттық сезіммен, өз халқының салт-дәстүрін және мәдениетін құрметтеу, этникааралық өзара құрмет және мәдениаралық өзара байыту қағидаттарымен үйлестірілуі тиіс.

Жастар мен олардың азаматтық сәйкестендіру адамгершілікті қалыптастыру үрдісіне ықпал ете отырып, мемлекет отандық бұқаралық мәдениетті, тілдерді дамыту, сондай-ақ оларды сақтау және арттыруға ықпал ететін коммуникация құралдарының контентіне ерекше көңіл бөлінетін болады.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жас адамдарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, отбасында тұрақты моральдік-адамгершілік жағдай жасауға, егде адамдарға ерекше құрмет көрсетуге, балаларға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу;

мектепке дейінгі мекемелерден бастап «үш тілділікті» белсенді насихаттауды жүргізу (қазақ, орыс, ағылшын тілдері);

жастарға әлеуметтік мәдени тәжірибені және алдыңғы ұрпақтың даналығын меңгеруге ықпал ете отырып, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көпшілікке тарату тәсілдерін жаңарту;

«Бiлiм», «Мәдениет» білім беру телеарналарында ағылшын тілінде деректі және көркем фильмдерді неғұрлым кеңінен көрсету мүмкіндігін пысықтау;

қоғамда ақпараттану теңсіздігін жоюға ықпал ету;

жастарды шоғырландыру құралы ретінде әлеуметтік желіні пайдалану.

Жастардың өздерін азаматтық және патриоттық тұрғыдан көрсетуін ынталандыру

Қазіргі заманғы жастар өзінің азаматтық ұстанымын қалыптастыра, қоғамдық іскерлік және мінез құлық дағдысын меңгере отырып, әлеуметтік- саяси өмірдің басты қатысушыларының бірі болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатын жүргізу кезінде шоғырланып бірігу мен азаматтық қағиданы қалыптастыруға бағдарланудың маңызы зор.

Қазіргі қоғамда азаматтық сәйкестендіру процесі – бұл ең алдымен демократиялық құндылықтарды меңгеру, заңды сыйлау, ұлттық мәдениетке қосылу. Осындай процес нәтижесінің идеалы саяси толқындар тербелісіне ұшырамаған, патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің ерекше рухы бар ержеткен азамат болып табылады.

Тұжырымдаманы табысты іске асыру мақсатында мемлекет жастарды әлеуметтендірудің маңызды факторы ретінде оларды берік топтастыруды жақтайды. Жастардың бастамасына қолдау көрсете отырып, мемлекет Қазақстан жастарының қызығушылықтары мен еркін таңдау қағидасын ескере отырып, олардың қоғамдық бірлестіктерге бірігуін қолдайды.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жастардың азаматтық бастамасын қолдауға бағытталған жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын нақты сала аралық үйлестіруді бастамасыз ету;

жастар саясатын мониторинг пен диагностиканың объективті бағдарламаларына негізделген ғылыми зерттеулермен сүйемелдей қамту бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізу;

жастар саясатының инфрақұрылымын дамытуға кешенді тәсілдерді қамтамасыз ету;

мемлекеттік органдардың жастар туралы бөлім қосылған және жас қазақстандықтардың қажеттіліктері ескерілген жыл сайынғы салалық жоспарларын дайындауды жүзеге асыру;

жастарды бірлескен ұжымдық қызметке тартудың әртүрлі институционалдық нысандарын енгізу;

жастар ұсынған жобаларды қаржыландыру және оның шығармашылық және инновациялық әлеуетін жандандыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қолдану аясын бағдарлау мүмкіндігін зерттеу;

үкіметтік емес ұйымдардың жас репатрианттар, маргинал жастармен жұмысына қолдау жасай отыра, олардың тарихи отанының жағдайына әлеуметтік бейімделіп кету мүмкіндігін қолдау;

волонтерлік қозғалысты дамытуға қолдау көрсету;

әскери қызметке дайындық бойынша, болашақ отан қорғаушылардың моралдік және денешынықтыру дайындық деңгейін арттыруға назар аудара отырып, мектептерде және колледждерде тәрбие жұмыстарын жүргізу;

әскери қызметтің мәртебесін насихаттау, әскери бөлімшелерде тәрбиелеу жұмысының жаңа үлгісін енгізу.

Моральдік адамгершілік бағдарлардың жастар ортасымен сабақтастығын қамтамасыз ету

Қазақстан жастары үшін басымдылық адал, мейірімділік, әділдік, шыдамдылық ретіндегі дәстүрлі жалпы адами құндылықтар болуы тиіс. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ол жастар мен келешек өскелең ұрпақты тәрбиелеуде әлеуметтік әріптес ретінде діни бірлестіктерді қарайды. Сонымен қатар діндарлық руханилықпен толықтай теңдестірілуге тиіс емес. Ал басқа жағдайларда қоғам секулярлық сипатын жоғалтады, діни қағидаларға бағыныстылығымен өзінің даму болашағын тарылтады.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жаңа адамгершілік бағдарды қалыптастыру: білім мен кәсібилік; денсаулығына деген сындарлы қарым-қатынас; жаңашылдық пен өзгерістерді дұрыс қабылдау; экологиялық таным; табиғаттың баға жетпес құндылығы және қоршаған ортаның және т.б. ахуалына жауапкершілік;

«Қазақстанның діни мұрасы» бойынша арнайы курс жүргізу мүмкіндігін қарастыру, оның шеңберінде жастардың дін саласында сапалы білім алуына бағытталған ағартушылық жұмыс жүргізу.

Ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету және мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету дегеніміз инновациялық ғылыми әдістер мен тәсілдерді пайдалана отырып, жастар мәселесін жүйелі негізде тереңірек зерделеуді қарастырады. Жастар ортасында ең өзекті мәселелерді шешу жолдарын әзірлеу үшін қазіргі заманғы тәсілдерді қолдана отырып, жастар құқығын іске асыруға, тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету: әлеуметтік зерттеулер, бақылау әдістері, халықаралық тәжірибені бейімдеу және т.б. қажет.

Қазіргі уақытта жастардың жай-күйін жан-жақты зерттеу үшін, сондай-ақ әлеуметтік мәдени үдерістерді объективті түрде көріп, бағалау үшін алғаш рет «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жастар арасында әртүрлі зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік жастар саясаты саласында ғылыми-зерттеу жобаларды және бағдарламаларды дайындауға қатысады, жастар және жастар қоғамдық ұйымдарын дамытуда оның қызметіне сараптамалық бағалауды және болжауды жүзеге асырады. Ғылыми зерттеулердің қорытындылары бойынша жастардың жағдайын жақсарту үшін және олардың құқықтары мен кепілдіктерін, сондай-ақ олардың бар мүмкіндіктерін ашу үшін нақты ұсыныстар әзірленетін болады. Дайындалған ұсынымдар жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге тұрақты негізде жіберіліп отырады. Жаңа заман талаптарын ескере отырып, Қазақстанды одан әрі дамытудың ұзақ мерзімді кезеңге арналған бағытын айқындайды.

Сондай-ақ аяқастылықты, біржақтылықты және үстірттікті болдырмау үшін мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын дайындау және жетілдіру кезінде осы ұсынымдарды ескеру қажет.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жастар арасында ең қажетті тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер тақырыбын кеңейту;

зерттеуді жастардың барлық деңгейінің қажеттіліктері мен сұраныстарын және қазіргі заманғы заңнама талаптарын ескере отырып жүзеге асыру;

мемлекеттік жастар саясатын іске асыру кезеңдерін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру;

жастар мәселесін зерделеу бойынша жас ғалымдар мен сарапшылар пулын қалыптастыру;

зерттеулер жүргізу кезінде кешенді тәсілдерді қамтамасыз ету;

қоғамды дамытудың өзіндік бағалы социумы ретінде жастармен жұмыстың заң шығару бастамасының жаңа ғылыми әдістерін енгізу.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға жастарды қатыстыру

Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектісі ғана емес, жастар – қоғам өміріне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететін белсенді субъект.

Мемлекет жастар ұйымдарының жұмыс істеу қабілеттілігін айқындауда олардың жастарға қатысты ең өзекті мәселелерді шешуіне және жаңа позитивтік қажеттілікті қалыптастыруына көңіл аударады. Ең бастысы мемлекетіміз жастар ұйымдарының Ел Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған міндеттерді шешуде жастардың бар күш –жігерін жұмылдыруға мүдделі.

Осыны ескере отырып, мыналар қажет:

жастарға олардың ел үшін қосқан үлесінен ел тағдыры шешілетінін түсіндіру - жақсы оқуымен, жұмысқа деген жауапкершілігімен, белсенді қоғамдық қағидасымен және істерімен жастар ел алдында тұрған стартегиялық мақсаттарды іске асыруға өз үлестерін қосады.

Жастарды еліміздің Жаңа бағытының қозғалыс күші ретінде, ел мен қоғам бейнесін өзгертетін дүниеге прогресивті көзқарас пен мінез-құлықты қалыптастырушы ретінде бейнелеп кескіндеу.
6. Тұжырымдаманы іске асыру құралдары
Осы Тұжырымдаманың ережелері заңнамалық актілерді, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жетілдіру арқылы іске асырылатын болады.

III-БӨЛІМ. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ТІЗБЕСІ
Осы Тұжырымдаманың ережелері мынадай нормативтік құқықтық актілерді іске асыру арқылы орындалатын болады:

  1. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және басқа заңнамалық актілер;

  2. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары;

  3. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

  4. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы;

  5. Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы;

  6. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы;

  7. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы;

  8. Аумақтарды дамыту бағдарламасы;

  9. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы;

  10. «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылғы дейінгі «Жастар - Отанға!» стратегиясы;

  11. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары.



ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Қоғамды жаңғырту және адами капиталға қойылатын талаптардың өсуі жағдайларында мемлекеттік жастар саясаты елді дамыту және қайта жаңарту құралы болуы тиіс

Бұл жастардың әлеуметтік қалыптасуына қатысатын барлық қатысушылардан жас адамдарды өз мәселелері мен жалпы ұлттық міндеттерді шешуге тікелей тартуға бағдарланған тәсілдерді әзірлеуді және оны дәйектілікпен іске асыруды талап етеді.

Мұндай ауқымдағы мемлекеттік жастар саясатының міндеті мемлекетті дамыту басымдылықтарына қол жеткізуде жастардың табысты әлеуметтенуіне бағдарланған жобалау тәсілдерін қолдану арқылы ғана шешілуі мүмкін. Осының барлығы нәтижесінде жастар мен жалпы халықтың өз-өзін ұйымдастыруы, Қазақстанның алдына қойған ауқымды міндеттеріне сай келетін бастамаларды дамыту үшін – азаматтардың әл-ауқатының өсуі және қоғамдық қатынастарды жетілдіру үшін орнықты жағдай жасайды.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев біздің буынның қолынан тастамайтын кітабына айналған «Қазақстан жолы» атты еңбегінде атап айтқандай, «Егер де жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділдікті таңдап алса және өзімшіл болмаса, онда олармен бірге табыс та ілесіп жүреді».

Қазақстанның жарқын болашағы бар, ол – БІЗДІҢ ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ ҚОЛЫНДА!