скачать doc
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
Қазақ әдебиеті
ОҚУ БАҒДАРЛАМАCЫ
5-9 сыныптар
Аcтана 2010
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
Қазақ әдебиеті
оқыту қазақ тілінде емес жалпы білім беретін мектептің 5-9 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Құрманбай К.С., Әрінова Б.А., Адамбаева Ж.Д., Дәулетбекова Ж.Т., Дүйсебаев С.Р., Мадиева А.Т., Рауандина А.Қ.
Оқыту қазақ тілінде емес жалпы білім беретін мектептің 5-9 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасы. – Астана, 2010. – 19 б.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім беру академиясы, 2010
І. ТҮСІНІК ХАТ
Оқыту қазақ тілінде емес мектептердегі «Қазақ әдебиеті» пәні – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес «Тіл мен әдебиет» білім саласына енгізілген және мектептің негізгі деңгейінде міндетті түрде оқытылатын пән. Қазақ әдебиеті пәнінің маңыздылығы оқушылардың қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгеруіне әдеби мәтіндер арқылы тілдік орта жағдайын кеңейтуге мүмкіндік туғызуға қызмет етуімен дәйектеледі. Ол қазақ әдебиетінің үздік шығармалары үлгілері негізінде жүзеге асады. Оқушылардың қазақ тілінде сөйлесуі мен тілдесу ортасының кеңеюін қамтамасыз етеді.
Оқыту қазақ тілінде емес мектептердегі «Қазақ әдебиеті» пәні 5-сыныптан бастап оқытылады.
Оқушы тұлғасының қалыптасуын қазақ әдебиеті пәнінің тілдік-коммуникативтік, тілдік-ақпараттық, тілдік-проблема шешушілік қызметтерін жүзеге асыра отырып, рухани-адамгершілік, тілдік-эстетикалық сапалармен байытуды көздейді. Бай ауыз әдебиетінің түрлі жанрларының көркемдік қуаты мол үлгілерін оқып білу арқылы қазақ халқының ұлттық рухын, дүниетанымын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, ұлттық мәдеиетін танып, оқушының рухани жетілген көп мәдениетті әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуына, ұлттық мәдени мұраларға құрмет сезіммен қарауына, өзі өмір сүріп отырған қоғамның негізін танып, оның болашағына сенімділік танытатын Қазақстандық патриот болып қалыптасуына көмектеседі. Әдеби-теориялық бастапқы ұғымдарды ажырата білуі оқушылардың эстетикалық талғамының жетілуіне және әдеби білімінің қалыптасуына жол ашады.
Пәннің осы қызметі негізінде оны қазақ тілінде емес мектепте үздіксіз оқытудың мақсаты – қазақ халқының көркем әдебиетін оқыту, оқу жолымен қазақ тілін меңгерген, көпмәдениетті, өзге ұлттар әдебиетін құрметтейтін, бойында қазақстандық патриотизм, рухани адамгершілік сезімдері қалыптасқан тұлға дамуына ықпал ету.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін танымдық және практикалық бағыттағы төмендегідей міндеттер қойылады:
қазақ әдебиеті шығармалары негізінде мемлекеттік тілді меңгеру мүмкіндігін арттыру;
қазақ әдебиеті үлгілерімен танысып, әдеби тіл үлгісін пайдалана отырып, пән бойынша өз ойларын қазақ тілінде өзгеге және топта қорғай білу;
қазақ ауыз әдебиетінің, ІХ-ХV және XVI-XVIII ғасырлар әдебиетінің пән қызметі аясына сай үлгілермен педагогикалық-тілдік бейімделген нұсқада оқып тану;
ІХ және ХХ ғасырлар әдебиетінің озық классикалық үлгілерімен пәндік қызмет шеңберінде табысу;
көркем шығармалар негізінде коммуникативтік-модульдік тақырыптар аясында қазақ тілінде сөйлеу әрекеттерін (тыңдалым, оқылым, сөйлесім, жазылым) еркін орындау;
коммуникативтік-модульдер және әдеби мәтіндер жүйесімен сабақтастықта күнделікті коммуникативтік қарым-қатынас тілін дамытуды қазақ тілі пәнімен пәнаралық байланыс сипатында жүзеге асыру;
қазақстандық патриотизм, рухани-адамгершілік, көркем-эстетикалық сапалары құндылықтарын дамыту;
қазақ халқының тілі, әдебиеті, тарихы, мәдениеті, өнері туралы біртұтас түсініктерін қалыптастыру.
Білім беру мазмұнын сыныптарға сәйкес бөлу білім беруді гуманизациялау ұстанымына сай іске асады. Мұнда білім алушылардың қоғамдық ортаға мәдени-әлеуметтік бейімделуін жас ерекшелігі мүмкіндіктеріне қарай қалыптастыру жүзеге асырылады.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің білім мазмұнын іріктеуде өзіндік ерекшелігі болады. Мұнда қазақ ауыз әдебиеті, фольклоры, классикалық көркем туындылардың мәтіндерінің ықшамдалуы, тілдік-педагогикалық бейімге келтірілуі қарастырылады. Қазақ әдебиетін аудармасыз түпнұсқадан оқыту пән бойынша оқу-әдістемелік кешендердің бейімдеу ұстанымында ескрілетін болады.
Әдебиеттік білім аймағының мазмұны әлуметтік-тарихи, тақырыптық бірліктерден құрылып оқылады.
Пән бойынша оқу жүктемесі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес «Қазақ әдебиеті» пәні аптасына – 1 сағат оқытылады. Оқу жылындағы барлық сағат саны:
5-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылына - 34 сағат.
6-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылына - 34 сағат.
7-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылына - 34 сағат.
8-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылына - 34 сағат.
9-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылына - 34 сағат.
Оқу пәні мазмұнының вариативті бөлігі оқушылардың инвариант бөлім бойынша алған білімін ары қарай тереңдету мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты шеңберінде оқушы жылжымалы бөліктегі оқу курстарын өз қалауы бойынша таңдай алады. Мысалы, «Поэзия құдіреті», «Ертегілер әлеміне саяхат», «Қазақ лирикасы», «Қазақ әңгімелері» т.б. таңдау курстары ұсынылады.
ІІ оқу пәнінің базалық мазмұны
5 СЫНЫП
Кіріспе (1 сағат). Әдебиет – сөз өнері. Қазақ әдебиеті – халық өмірінің айнасы екендігі. Халық ауыз әдебиеті туралы түсінік. Ауыз әдебиетінің түрлері: тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар. Жаңылтпаштар, ертегілер, аңыз-әңгімелер т.б. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, тұрмыс тіршілігінің ерекшеліктері.
Тұрмыс – салт жырлары (3 сағат). Оның түрлері. Халық өмірімен байланысы. Жан-жануарларға байланысты жырлар. Наурыз жырлары.
Мақал-мәтелдер (2 сағат). Мақал-мәтелдердің ерекшеліктерін аңғарту. Мақал-мәтелдердің тақырыптары. Онда қазақ халықының өмір, тыныс-тіршілігінің, халық даналығының көрініс табуы.
Жұмбақ-жаңылтпаштар (2 сағат). Жұмбақ-жаңылтпаштардың ерекшеліктері, ой шапшаңдығына тәрбиелеудегі орны.
Ертегілер (4 сағат). «Қаңбақ шал», «Түлкі мен ешкі», «Мақта қыз бен мысық».
Ертегілердің ұлттық ерекшеліктері, түрлері.
Ертегілерден жауыздықты ізгіліктің жеңіп шығатынына халықтың сенімі.
Аңыз-әңгімелер (3 сағат). «Қожанасырдың тойға баруы», «Алдар көсе мен қу жауырын», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?».
Ы.Алтынсарин (1 сғат). «Әке мен бала».
Әңгімеде адамгершілік тақырыбы, жастарды жақсы мінезге баулу, еңбікке үндеу.
А.Құнанбаев (2 сағат). «Қыс», «Жазғытұры». Абай қазақ халқының ұлы ақыны екендігі. Ақынның қысты жандандыра, адамға теңей суреттеуі, табиғат көрінісі. Көктемнің жан-жануарға, айналаға әсері.
А.Байтұрсынов (1 сағат). «Балаларды оқуға шақыру». Ақанның балаларды оқу-білімге, еңбекке шақыруы.
М.Дулатов (1 сағат). «Шешенің балаларын сүюі» өлеңдегі ананың балаға деген махаббаты.
М. Жұмабаев (1 сағат). «Мен жастарға сенемін». Ақынның жастарға артқан үлкен сенімі. Халықтың тағдырын, елдің ертеңін жастарға аманатету.
Б.Момышұлы (2 сағат).«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?». («Ұшқан ұя» кітабынан үзінді). Қарлығаштың адамзатқа ізгілік қарым-қатынасы, оның ерлігі. Қарлығаштың қасиеті мен жыланның әрекетін қарсы суреттеу.
М.Мақатаев (1 сағат). «Үш бақытым». Ақынның халыққа, тілге, Отанға деген перзенттік сезімі. Өлеңдегі байқалатын азаматтық рух, мақтаныш сезім.
Т.Айбергенов (1 сағат). «Көктем әуендері». Ақынның жыл мезгілдерін суреттеуі, көктемнің айналаға әсері. Ақынның тілі, ой-өрнегі туралы.
Б.Соқпақбаев (2 сағат). «Менің атым - Қожа» повесінен үзінді. Шығарманың кейіпкері Қожа қиялшыл, сезімтал, зейінді бала екендігі, бала табиғатына тән мінездерінің көрінуі.
Жаттауға ұсынылатын шығармалар:
1. Малдың баласын сүюі.
2. Мақал-мәтелдер.
3. Жұмбақтар-жаңылтпаштар.
4. Абай «Қыс».
5. А.Байтұрсынов «Балаларды оқуға шақыру».
6. М.Мақатаев «Үш бақытым».
7. Т.Айбергенов «Көктем әуендері».
Шығармаларды оқып, талдау – 27 сағат.
Тіл дамыту – 3 сағат.
Сыныптан тыс оқылған шығармалар жайлы әңгіме – 4 сағат.
6 СЫНЫП
Халық ауыз әдебиеті туралы түсінік (1 сағат).
Ауыз әдебиетінің түрлері: ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыз-әңгімелер(1 сағат).
Ертегілер (1 сағат). Қиял-ғажайып ертегілер. Оның өзіндік ерекшеліктері туралы.
«Алтын сақа» (1 сағат). Ертегінің кейіпкерлері және олардың іс-әрекеттері туралы.
Сыныптан тыс оқуға: халық ертегілерінен; әдеби ертегілер туралы.
Ә.Тәжібаев (1 сағат). «Толағай» (ерлік туралы аңыз).
Сыныптан тыс оқуға: Ө. Тұрманжанов «Құмырсқалар, аралар - қиыспас дос құдалар».
Мақал-мәтелдер - халық даналығы (1 сағат).
Мақал-мәтелдің тура және ауыспалы мағынасы. Адамгершілік, туған жер тақырыбындағы мақал-мәтелдер.
Жұмбақтар (1 сағат). Жұмбақтардағы ой қисыны, олардың тапқырлыққа, ой ұшқырлығына жетелейтін ерекшелігі.
Аңыз әңгімелер (2 сағат). Аңыздардың кейіпкерлерінің тарихи тұлға екендігі туралы. «Жиренше мен хан», Әл-Фараби туралы аңыз.
Ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсінік.
Заманымыздан бұрыңғы жазу-сызулардың тарихи тұлғаларға арналғандығы жөнінде (1 сағат).
«Мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт» (1 сағат). Аңызға айналған Қорқыттың өз бейнесі туралы.
Дерсеханұлы Бұқашжан туралы жыр. (1 сағат).
Сыныптан тыс оқуға: «Алпамыс» батыр туралы. ХХғасыр әдебиеті.
«Ғылымға бастаған жол». Ш. Уәлиханов (1 сағат). Ұлы ғалым туралы мәлімет, өмірбаяны мен балалық шағы, достарының берген бағасы.
Әңгіме туралы түсінік.
Ы.Алтынсарин (1 сағат). «Бай баласы мен жарлы баласы». Әңгіменің мазмұны. Асан мен Үсен мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі,өмірге икемділігіндегі айырмашылықтар.еңбек сүйгіштік Үсенге тигізген пайдасы.
Сыныптан тыс оқуға: «Таза бұлақ», «Талаптың пайдасы».
А.Құнанбаев (1 сағат). «Ғылым атппай мақтанба». Жастарды өнер-білім, ғылым үйрену арқылы өмірден өз орнын табуға шақыру.
Сыныптан тыс оқуға: «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім».
ХХ ғасыр әдебиеті.
Мысал туралы түсінік.
А.Байтұрсынов (1 сағат). «Аққу, шортан, һәм шаян». Ақынның өмірі, шығармашылығы. Мысалдың ерекшелігі, тәрбиелік мәні.
Сыныптан тыс оқуға: «Қасқыр мен қозы». «Қасқыр мен тырна».
Ж.Жабаев (1 сағат). «Алатау». Өлеңдегі Алатаудың көрінісі, суреті, ондағы жеке суреттеулер. Балаларға Ақынның арнауы.
Сыныптан тыс оқуға: «Абайдың суретіне».
С.Сейфуллин (1 сағат). «Дала». Көк-жасыл кестелі жібек оранған дала келбетінің өлеңде көрініс табуы. «Наурыз». өлеңдегі көтеріңкі көңіл-күй, жаңарған тіршілік.
І.Жансүгіров (1 сағат). «Көкшетау» («Құлагер» поэмасынан үзінді). Өлеңде айтылған жер шоқтығы Көкшетаудың сұлу табиғаты туралы ақынның ұшқыр ойы, туған жерге деген сүйіспеншілік. Оқжетпес тауының биіктігі, әсемдігі.
Сыныптан тыс оқуға: «Көктемде».
С.Бегалин (1 сағат). «Бала Шоқан» (повесінен үзінді). Болашақ ұлы ғалымның өмірге, айналасындағы басқа адамдарға деген бала кезінен байқалған адамгершілік қарым-қатынасының әңгімедегі көріністері. Шоқан мен мүсінші Мысықтың достығы.
Сыныптан тыс оқуға: «Қырдың жас түлегі».
М.Әуезов (1 сағат). «Әжемнің әңгімесі» («Абай жолы» романынан үзінді). Зере мен Ұлжан сияқты аналардың рухани байлығы. Әже мейірімі.
Сыныптан тыс оқуға: «Әке арманы».
С.Мұқанов (1 сағат). «Каронмен күрес» («Балуан Шолақ» повесінен үзінді). Балуан Шолақтың дүние жүзінің чемпионы, ағылшын балуаны «Қара масканы» жеңуі. Үзіндіде берілген күресу тәсілдері туралы.
Сыныптан тыс оқуға: Нұрмағанбеттің Балуан атануы. (повесінен үзінді).
Ғ.Мүсірепов (1 сағат). «Тимка-Димка». Әңгімеде суреттелген қарапайымдылық пен қайырымдылық.
Сыныптан тыс оқуға: «Аңға шыққанда». «Ұлпан» повесінен үзінді.
Ғ.Мұстафин (1 сағат). «Қадірлі қонақ». Соғыс кезінде жетім қалған сәбилерді бауырына басып, аналақ, әкелік мейірімін берген қарапайым жандардың ерлігі.
Сыныптан тыс оқуға: «Қарағанды» романынан үзінді.
С.Мәуленов (1 сағат). «Менің республикам», «Мен елімді сүйемін». Кеңбайтақ Қазақстан жеріне деген мақтаныш пен сүйіспеншілік.
Сыныптан тыс оқуға: «Наурыз», «Жаңбыр».
Шерхан Мұртаза (1 сағат). «Қыз бен бота». Әңгіме арқауына негіз болған шалғайда тұратын қыз баланың кіршіксіз сезімі, бала көңілі. Қыз бен бота достығы.
Сыныптан тыс оқуға: «Бала Тұрар».
Сыныптан тыс оқуға: «Төрт ана».
Жаттауға ұсынылатын шығармалар:
Мақал-мәтелдерден таңлауы бойынша.
«Аққу, шортан, һәм шаян».
«Ғылым таппай мақтанба».
«Көкшетау».
«Алатау».
«Менің республикам».
Шығармаларды оқуға -26 сағат
Сыныптан тыс оқыған шығармалар бойынша әңгіме – 4 сағат.
Тіл дамыту – 4 сағат.
7 СЫНЫП
Кіріспе сабақ (1 сағат). 7 сыныптағы қазақ әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері. Қазақ әдебиеті бойынша оқылатын шығармаларға шолу.
Батырлар жыры туралы түсінік (2 сағат). «Қобыланды батыр» жыры.
Батырлар жырының – қазақ ауыз әдебиетінің ең басты салаларының бірі екендгі. Эпостық жырдың өзіндік ерекшеліктері: а) өлеңмен берілуі, ә) Отанды, елді қорғау идеясын көтеруі; б) белгілі бір батырдың ерлік істерін дәптерге құрылуы; в) бірнеше нұсқаларының болуы; г) ұлттық салт-дәстүрлердің кеңінен көрініс табуы; ғ) тәрбиелік сипатының терең болу.
Осы сипаттардың «Қобыланды батыр» жырында қамтылуы. Үзіндінің мазмұны мен идеясы.
Шешендік сөздер (3 сағат).
Шешендік сөздер туралы түсінік. Шешендік сөздің – халық ауыз әдебиетінің ерекше жанры екендігі. Шешендік сөздің ерекшеліктері; а) кейіпкерлерінің тарихта болуы; ә) шешендік сөздердің әрі көркем, тәрбиелік құнды ойға құрылуы; б) шешендік сөздер- ұлттық танымның биігі екені; в) шешендік сөздерді айтушы тарихи тұлғалар.
Жыраулар поэзиясы (1 сағат).
Жыраулар поэзиясының ерекшелігі.
Олардың ел – жұртты ауызбірлікке шақырып, адамгершілік алыс қасиеттерді насихаттап, Отанын сүйе білуге уағыздайтыны.
«Жырау», «жыршы», «ақын» ұғымдарын ажырата білудің мәні.
Д.Бабатайұлы (1 сағат).
Д.Бабатайұлының жыраулар поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, зар заман ақындарының бірі екендігі. Дулаттың өмірі мен оның шығармаларының негізгі сарыны. Ақынның ХІХ ғасырдың орта кезіндегі қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып, түр жағынан байыта түскен, көркемдік тәсіл тұрғысынан жаңа сатыға көтерген жырау екендігі.
Ақынның «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі.
Өлең жеке адамға арнау үлгісінде айтылғанымен, ақынның ел болашағы – жалпы жасқа бата-тілек, зор үміт, сенімі айқыни көрінетіндігі. Ақын арманының риторикалықсұраулы сөйлем арқылы берілуі, өлеңнің көркемдік ерекшелігін танытатындығы.
Қосымша оқып, пікір алысуға: «Асқар таудың сәні жоқ».
С.Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» (толғау, 1 сағат).
Сүйінбай ХІХ ғасырда өмір сүрген айтыстың асқан шебері, сыншы жырау екендігі. Халқының жоғын жоқтап, мұңын жырлаған елжанды аққын екендігі. М,Әуезов Сүйінбайды «ХІХ ғасырдағы Жетісу ақындарының діңгегі» деп атанғандығы.
Өлеңде ақынның жақсы адам бойындағы кемшіліктерді қарама-қарсы суреттеуі, адамгершілік ізгі қасиеттерді жоғары тұтып ардақтауы. Жақсы адамның қасиеттерін теріп жазып, өмір шындығымен салыстыра жырлайтындығы.
Қосымша оқып, пікір алысуға:Шал ақын
«Әр жерде қадір-құрмет көрген жанмын,
Жақсы менен жаманды білген жанмын».
Абай Құнанбаев(2 сағат).
Абай – қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы екендігі. Абайдың қара сөздеріндегі тәлім-тәрбиенің молдығы; Абайдың сөз өнері туралы айтқан пікірлерінің құндылығы.
Отыз сегізінші қара сөз. Ойы, идеясы.
С.Торайғыров (1 сағат). «Шығамын тірі болсам адам болып». Ақын өлеңіндегі биік рух. өлеңнің тәрбиелік мәні. Ақынның арманы.
А.Байтұрсынов (1 сағат). «Егіннің бастары».
А.Байтұрсыновтың аударма мысал өлеңінің кейіпкерлеріне мінездеме. Өлеңдегі негізгі ойы, басты идеясы – қарапайымдылық. Ақынның жастарды адамдыққа үндеуі.
Жүсіпбек Аймауытов (2 сағат). «Әнші» (әңгіме).
Ж.Аймауытовтың ХХ ғасыр басындағы көрнекті ақын, жазушы, сыншы екендігі.
ХХ ғасыр басындағы қала жастары өмірінің көрінісі. Олардың өнерді жоғары бағалауы. Әмірқандай әншінің прототипі қазақтың атақты әншісі, дарынды тұлға Әміре Қашубаев екендігін түсіндіру. Балаларды әнді, өнерді құрметтеуге үйрету.
Әншінің үнтаспаға жазылған әнін тыңдату.
Қосымша оқып, пікір алысуға: Ә.Кекілбаев «Аш бөрі».
М.Жұмабаев (1 сағат). «Сүйемін».
Мағжанның өлеңдеріндегі адами биік қасиеттер. өлеңдегі ақынның ішкі толқыныстары. Отанға, елге, жерге, отбасына деген махаббаттың орны. өлеңнің басты түйіні – тәрбие.
Б.Майлин (2 сағат). «Айт күндері».
Әңгімідегі айт мерекесінің көріністері. Ауыл адамдарының көңіл-күйі: қуанышты жүздер, ақ тілектер, құрбан айттың өзіндік дәстүрлері.
Адамдардың көңіл-күй сезімдері және тілек сөздер. Айтқа қатысты тұрақты тілдік оралымдар.
І. Жансүгіров (2 сағат).«Домбыра», «Ана тілім» өлеңдері.
Ілиястың өлеңдеріндегі өнер тақырыбының көтерілуі. Өлеңдегі ұлттық саз аспабының суреттелуі мен ақын сезімінің бірлігі.
Ана тілінің адам тіршілігімен сабақтастығы. Ақынның тілді құрметтеуі. Өлеңнің негізгі идеясы.
С.Сейфуллин (1 сағат). «Далада».
Сәкен шығармашылығындағы табиғаттың ерекше жырланатындығы. Дала суретінің адам сезіміне әсері. Туған жер, Отан туралы толғаныстар.
Ж. Жабаев (1 сағат). «Ленинградтық өрендерім».
Бір ғасыр өмір сүрген жыр алыбының өз тағдырын ел тағдырымен ұштастыра суреттеуі. Ақынның өз ғұмырында екі дәуір кезеңін басынан өткеруі, соның бірі – халық басына көп қиыншылық пен қайғы әкелген екінші дүниежүзілік соғыс.
«Ленинградтық өрендерім» - қоршауда қалған орыс халқына ақынның үндеуі екені. Жаудың әрекетіне көнбеуіне, ұрпаққа үлгі болуға шақыруы.
Ақынның іштегі ыза-кегі.
Халықтың рухын көтерудегі ақын өлеңінің рөлі.
М.Әуезов (2 сағат). «Көксерек».
Әңгіменің тақырыбы. Басты кейіпкер Құрмаш пен Көксеректің достығы
Әңгімедегі адам – табиғат қатынасы.
Жазышының басты мақсатының көрінісі.
Ғ.Мүсірепов (2 сағат). «Автобиографиялық әңгіме».
Баланың өмірге келуі, оның қайсарлығы. Алғашқы сауат ашу күндері. Ауыл жағдайындағы оқу. Мұғалім өсиеті. Оқиғаның жүйелі баяндалуы.
М.Мағауин (3 сағат). «Бір атаның балалары» (повестің жеке тараулары).
Шығармадағы Отан соғысының кезіндегі қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі. Соғыс қасіретінің олардың өміріне көп қайғы әкелуі, ер-азаматтарынан айырылуы.
Соғыстан үш бірдей баласы қайтпай қалған Ахмет шал сияқты қарапайым, адамгершілігі мол адамдардың ауылға келген жат ұлт өкілдерінің балаларына мейірімділігін бере алуы.
Қазақ халқының бала тәрбиелеудегі өзіндік ерекшелігі.
Қосымша оқып пікір алысуғы: «Тазының өлімі» повесі.
Қ.Мырзалиев (1 сағат). «Жеті».
Бүгінгі таңдағы поэзия алыптарының бірі Қ. Мырзалиев туралы қысқаша мәлімет беру.
Жеті санының мұсылман халықтары үшін, қазақ үшін қасиетті сан екендігін түсіндіру.
Жеті ата, жеті қазына т.б. туралы мысал келтіру. Сөздікпен жұмыс. Өлеңді түсіне отырып оқу.
Қосымша оқып, пікір алысуға : Қ.Мырзалиев . «Мектеп».
Қорытынды сабақ (1 сабақ).
Сыныпта өткен материалдар бойынша пікіралмасулар. Оқушылардың ой қорытындылары.
Шығармаларды оқуға – 30 сағат
Тіл дамыту – 4 сағат.
8 СЫНЫП
Кіріспе (1 сағат). Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланысы. Әдебиет үрдісі тарихи үдерістің (процестің) бір бөлшегі, көрінісі, өмірдің көркем бейнесі екендігі. Қазақ әдебиетінің тарихы туралы.
Лиро-эпостық жырлар (1 сағат). Лиро-эпостық жырлар ауыз әдебиетінің көрнекті бір жанры екендігі. Лиро-эпостық жырлардың батырлар жырынан өзгешілігі және өзіндік ерекшелігі.
«Қыз Жібек» (2 сағат) «Қыз Жібек» жырының тақырыбы,сюжеті, композициясы туралы. Жырдағы кейіпкерлердің бет-бейнесі (портреті) және мінездері (характерлері) туралы. Жырдағы халықтың салт-дәстүр.
Әдебиет теориясы. Лиро-эпостық жырлар, сюжет, коммуникация, портрет туралы түсінік.
Пәнаралық байланыс. Тарих. Қазақстандағы феодалдық қатынастар. Кино. «Қыз Жібек» кинофильмі (Сценарийін жазған Ғ. Мүсірепов). Опера. «Қыз Жібек» операсы. ( авт. М. Төлебаев, Е. Брусиловский).
Қосымша оқуға: «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыры.
Абай Құнанбаев: «Сегіз аяқ» , «Он жетінші қара сөз» (4 сағат). Абай – қазақ халқының ұлы ақыны екендігі туралы, туған жер, өскен орта, алған білім- тәрбиесі жайында. Сегіз аяқ өлеңінің тақырыбы мен композициялық құрылымы. Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары.
Он жетінші қара сөз. Шағын сюжетке құрылған қара сөздің философиялық, тағылымдық мәні.
Әдебиет теориясы.Лирика туралы ұғымды білу. Қара сөз.
Пәнаралық байланыс.Музыка. Абай әндері. «Сегіз аяқ» әні.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Бостандық таңы атты»,
«Адамдық борышың»2 сағат. Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетінде алатын орны. Шығармаларының өзіндік ерекшелігі.
«Бостандық таңы атты» өлеңінің тақырыбы, халқын, сәулетті болашаққа үндеуі.
«Адамдық борышың». Өлеңнің тәрбиелік мәні. Ақынның жастарға өлеңмен үлгі-өнеге, жол көрсетуі.
Пәнаралық байланыс. Тарих. XIX ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік тыныс-тіршілігі. Шәкәрім Құдайбердіұлының Меккеге қажылыққа екі рет баруы.
Музыка. Шәкәрім әндері.
Жамбыл Жабаев. «Кәмшат қыз» , «Жалғызбын деп жүрмесін»
(1 сағат). Жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы. Ақынның Абайдан ерекшелігі. Ауыз әдебиетін жалғастырушы, яғни жыршылық қасиеті.
«Кәмшат қыз» лирикасы. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер, қыз портреті, ақындық пафос.
«Жалғызбын деп жүрмесін». Жамбылдың Абайға хат арқылы көңіл айтуы. Ұлы ақынды бағалай білуі. Өлеңдегі ізгілік, адамгершілік мәселесі.
Әдебиет теориясы. Лирикалық кейіпкер туралы ұғымды білу. Көңіл айту.
Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Бір адамға», «Шілде» (1 сағат). Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен ақындық жолы. Ақын поэзиясындағы азаматтық сарын, болашақты аңсау, еліне деген сүйіспеншілік.
Пәнаралық байланыс.География. Ақынның туып-өскен, қызмет жасаған жерлері.
Қосымша оқуға: «Қамар сұлу» романынан үзінді.
Мағжан Жұмабаев «Сағындым» 1 сағат. Мағжанның өмірі мен шығармашылық жолы. Қазақ поэзиясындағы Мағжанның орны, стилі, ерекшелігі. Лирик-ақын өлеңінің қуаты.
«Сағындым» өлеңіндегі ақынның түрмедегі психологиялық халі, туған жерге, ағайын –туыс, бауырға деген сағынышы.
Әдебиет теориясы: Лиризм.
Пәнаралық байланыс.Тарих. 1937-1938 жылдардағы репрессия. XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тағдыры туралы.
Сәкен Сейфуллин. «Аққудың айырылуы» (3 сағат). Сәкен Сейфулиннің өмірі мен шығармашылық жолы. Әдебиет әлеміндегі жеке тұлғасы.
«Аққудың айырылуы» -махаббат жайындағы романтикалық поэма. Қос аққу - махаббат, сұлулық, ізгіліктің символы . Поэмадағы тіл мен сезімнің өтілуі одан көрінетін ақынның көзқарасы. Поэма тақырыбы көтерген экологиялық проблема.
Әдебиет теориясы. Поэма туралы ұғымды білу.
Мұхтар Әуезов . «Татьянаның қырдағы әні» (4 сағат). М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы .Әңгіменің идеялы мазмұны.
Пәнаралық байланыс. Орыс әдебиеті. А.С.Пушкин шығармашылығы.
Ғабит Мүсіріпов . «Өлімде женген ана» (2 сағат). Жазушының өмірі, еңбектері, жазған кітаптары туралы Ғ. Мүсіреповтің ана тақырыбына көп жазған қаламгерлер шеберлігі
«Өлімде жеңген ана» әңгімесін М.Горькийдің аударғандығы . Әңгімені еркін әрі жазушы өзі жазған ана туралы әңгімелерінің рухын сақтап аударғандығы .Әңгіме сюжеті .Шығыстық бояу. Ана ерлігі, ханның ана құдіретіне бас июі.
Пәнарлық байланыс. Тарих. Ақсақ Темір заманы. География. Азия елдері.
Қосымша оқуға. «Ананың анасы». Мұқағали Мақатаев «Өмір сүрейік алмасып» (1сағат). Ақынның ХХ ғасыр қазақ әдебиетінде алатын орны. «Өмір сүрейік алмасып». Ақынның табиғатқа қатынасы, өлеңнің көркемдік ерекшелігі, өлеңдегі нәзік лиризм.
Әдебиет теориясы. Параллелизм.
Пәнарлық байланыс: Жаратылыстану. Қайың. Музыка. Мұқағали өлеңіне жазылған әндер.
Қосымша оқуға: «Саржайлауым», «Мен сендерді іздеймін».
Қадыр Мырзалиев. «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» (1 сағат).
Қадыр ақынның шығармашылық лабораториясына шолу. Шығармаларының тақырыбы.
«Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру». Өлеңдегі ақындық шабыт, халқының салт-дәстүріне деген құрмет.
Пәнаралық байланыс. География. Қазақстан картасы. Биология. Аққу құс туралы. Экология. Табиғатты қорғау. Музыка. «Аққу» күйі. (Н.Тілендиев).
Олжас Сүлейменов. «Арғымақ», «Қыз қуу» (2 сағат). Ақынның шығармашылық кеңестігі. Әлем әдебиетіндегі орны, ақынға берген баға.
«Арғымақ», «Қыз қуу» өлеңдеріндегі пафос, ұлттық өрнек, ұлттық таным.
Шығармаларды оқуға – 26 сағат
Сыныптан тыс оқу – 4 сағат
Тіл дамыту – 4 сағат
9 СЫНЫП
Кіріспе (1сағат). Қазақ әдебиеті туралы біртұтас ұғым.
Ежелгі дәуір әдебиеті (1 сағат). Күлтегін жыры. Ежелгі дәуір әдебиеті туралы жалпы ұғым. Күлтегін жырының туған уақыты, руын жазуы, тас кітаптарының көптігі, түркі тайпалардың сол кездегі өмірінің суреттері , жырдын тарихы, әдеби және тәрбиелік мәні. Жыр тілінің қазіргі қазақ тілімен ортақтығы.
Жыраулар поэзиясы (1 сағат). Жыраулар поэзиясы туған дәуір және сол кездегі жыраулық шығармашылыққа деген қажеттілік. Жыраулар. Олардың жырларының –тақырыптары, идеялық мазмұны , кейіпкерлері, тәрбиелік мақсаты. Доспанбет, Қазтуған, Шалгез, Ақтанберді, Бұқар және т.б.
Ш. Уәлиханов. «Ыстықкөл күнделігі»(үзінді ) (2 сағат). Шоқанның өмірі мен тарихи орны туралы қысқа мәлімет. Ғалымның әр түрлі салалары бойынша жазған еңбектері жөнінде шағын түсініктер.
Ы. Алтынсарин. «Қыпшақ Сейітқұл» (2 сағат). Ыбырай Алтынсариннің Қазақстан тарихы мен әдебиетіндегі ірі тұлға екендігі. Қыпшақ Сейітқұл әңгімесінің тақырыбы мен идеялық мазмұны, отырықшылық өмірге шақыру идеясы. Әңгімедегі отырықшылық өмір суреттері. Автордың эсселік түжырымдамаларының үзінділері.
А. Құнанбаев. «Ескендір» (3сағат). Абайдың әдеби мұралары туралы түсінік. Ақын шығармаларының негізгі идеялары: халықты оқуға шақыру, адам атын биік ұстау, мәдениет, білім арқылы халықтар арасындағы түсіністік пен татулықты уағыздау. XIX ғасырдағы әлеуметтік қайшылықтар. Ақынның лирикалық өлендері турвалы қысқа мәлімет. «Ескендір» дастанының адамгершілік –рухани мәні, дастанның жеке үзінділерін түсіндіріп, жатқа айту. Абай шығармалары тілінің көркемдік ерекшеліктерін түсіндіру.
Ж. Жабаев (1 сағат). Жамбыл - аса ірі суырып салма (импровизатор) ақын. Жамбылдың айтыстары туралы жалпы мағлұмат. Жамбылдың айтыстарынан үзінділер. Айтыс өнері туралы жалпы тұжырым.
М.Жұмабаев. «Батыр Баян» дастаны (үзінді) (2 сағат). М. Жұмабаевтың сұлу лирикалық шығармалары туралы жалпы түсінік. ”Батыр Баян” дастанының жалпы сюжеті, оның орыс әдебиетінің романтикалық шығармаларымен идеялық үндестігі. Дастанның үзінділері. Эпитет, теңеу, метафора үлгілері.
Б.Майлин. «Шұғаның белгісі» повесі (үзінді) (2 сағат).
Б.Майлин –ақын, жазушы. Бейімбет - проза шебері. «Шұғынның белгісі» повесінің желпы мазмұны. Жастардың ойын-сауық кештері туралы үзінді оқу, әңгімелеу. Повестің адамгершілік - рухани уағызы.
І.Жансүгіров. «Құлагер» дастаны (2 сағат). І.Жансүгіров - аса көрнекті қазақ ақыны. Лирикалық дастандары. «Құлагер» дастанының сюжеті. Дастандағы Ақын сері, Құлагер бейнелері. Дастандағы жеке дәстүр-салт суреттері. Дастанның трагедиялық сипаты. Дастандағы поэтикалық қолданыстар туралы ұғым.
С.Мұқанов. «Ботагөз» романы. (2 сағат). С. Мұқанов-ақын, жазушы. «Ботагөз» романының жалпы мазмұны. Романдағы қазақ ауылы өмірінің суреттері. Әлеуметтік қайшылықтардың ашылып көрсетілуі. Романның баяндау тілінің жақын сипаттары.
М.Әуезов. «Абай жолы» 3 сағат. Ұлы Мұхтардың қазақ әдебиеті мен дүние жүзі әдебиетіндегі орны. М.Әуезов - жазушы, драматург, ғалым. «Абай жолы» эпопиясының идеялық мазмұны. Эпопеяның жалпы сюжеттік құрылымы. Абай бейнесінің өсу жолдары. «Абай жолы» романынан үзінді.
Қ.Аманжолов. «Өзім туралы» (1 сағат). Қ. Аманжоловтың шығармашылығы туралы мәлімет. «Өзім туралы» өлеңінің жалпы идеялық мазмұны, рухани пафосы. Өлеңнен үзінділер. Ақынның суреткерлік шеберлігіне көңіл аудару.
І.Есенберлин. «Көшпенділер» романы» (2 сағат). Ә.Есенберлин-тарихи романдар шебері. «Көшпенділер» романының жалпы мазмұндық құрылымы туралы мәлімет.Тарихи танымдық мәні.
Ә.Нұрпейсов «Қан мен тер» (2 сағат) .Ә.Нұрпейсов - көрнекті қазақ жазушысы «Қан мен тер» романындағы балықшылар өмірі. Романның жеке үзінділері.
Шығармаларды оқуға – 27 сағат
Сыныптан тыс оқу – 4 сағат
Тіл дамыту – 3 сағат.
III ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
5-сынып оқушылары:
өз бетінше оқып, түсініп, баяндайды;
сөздік жұмысын жүргізе біледі;
жоспарлай біледі;
сөйлеу әрекеттерін пәндік деңгейде атқара алады;
көркем туындыны жанрлық тұрғыдан тани алады;
логикалық оқу әрекеттерінің қарапайым түрлерін атқарады;
әдебиет материалынан рухани-адамгершілікті сезінеді.
6-сынып оқушылары:
өз бетінше оқып, түсініп, тұтас және бөліктерге бөліп баяндайды;
сөздік жұмысында қосымша сөздіктер пайдалана біледі;
хрестоматиялық материалдарды өз бетінше оқиды;
жоспар бойынша баяндайды;
сөйлеу әрекеттерін толық орындайды;
көркем туындыны жанрлық ерекшелігіне қарай талдайды;
логикалық әрекеттердің қарапайым түрлерін мәтінмен жұмыста қолдана алады;
көркем шығармалардың рухани-адамгершілік әлеуетін сезінеді.
7-сынып оқушылары:
өз бетінше оқиды, түсінеді, монологтық түрде баяндайды;
түсіндірме мәтінді өз бетінше түсінеді, айтып береді;
көркем мәтін бойынша өз пікірін білдіріп әңгімелейді;
ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсініктерін жеткізеді;
кейіпкердің қоғамға, әлеуметке, адамға, табиғатқа қатынасын айта алуы тиіс;
сөйлеу әрекеттерін толық орындайды;
көркем мәтін бойынша шығармашылық жұмыс элементтерін атқарады;
логикалық ойлау әрекеттерінің негіздерін қолданады;
диалогқа түседі, оны құра алады;
хрестоматиялық материалдарды өз бетінше пайдалана біледі;
көркем шығармадағы тәрбиелік құндылықтық элементтерді қабылдайды;
8-сынып оқушылары:
бағдарламалық шығармаларды және, 5-6-7 сыныптағы оқыған шығармаларды біледі;
сөздік жұмысын мақсатты орындайды;
көркем мәтінді сюжеттік тұрғыдан танып, талдап, жоспарлап, оған жауап қайтара алады;
мәтінге берілген сұрау-тапсырмаларды өз бетінше ақпараттарды пайдалана отырып орындайды;
сөйлеу әрекеттерінің шығармашылық элементтерін қосып атқарады;
логикалық ойлау әрекеттерін көркем мәтінмен, түсіндірме мәтінмен жұмыста өз бетінше атқарады;
топтық жұмыста өз бетінше жұмыс істеуде көркем әдебиет білімдерін қолданады;
көркем шығармадағы кейіпкерлерге өз бағасын бере алады;
диалог, монолог құра біледі;
эстетикалық-этикалық, рухани сезімдерін көркем шығармаларды жеткізе біледі;
9-сынып оқушылары:
бағдарламада ұсынылған шығармаларды, ақын-жазушылары туралы мәліметтерді меңгерген;
көркем шығарманы бағдарлама талаптары бойынша және одан тыс өз бетінше оқып, түсінеді;
сөздік жұмысында қосымша сөздіктерді пайдаланып, түсіндірме жасайды;
сөйлеу әрекеттерін толымды атқарады;
көркем шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан танып, талдауда көркемдеуіш құралдарды анықтауды біледі;
көркем шығарманың дүниетанымдық, тәрбиелік сипаттарын қабылдауды біледі;
көркем шығарма, түсіндірме мәтін, сұрақ-жауаптар бойынша логикалық әрекеттерді шығармашылық элементтерін атқара алады;
диалог, монолог, пікірталас құру дағдыларын меңгереді;
5, 6, 7, 8, 9-сыныптарда меңгерген әдеби білімдерін жинақтап, жүйелеп біртұтас түсінік құра біледі.
IV «қазақ әдебиетін» Оқытудың әдістемелік жүйесінің ерекшеліктері
5-6 сыныптарда қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін таңдауда оқушылардың мектептің бастауыш білім беу деңгейінде қалыптасқан лексикалық сөздік қоры мен сөйлеу әрекеттерінің бастапқы деңгейін ескеру керек болады. Осы орайда: ойын элементтерін қолдану, түсіндірмелі баяндау, түсіндірмелі оқу, түсіндірмелі әңгіме әдістеріне басымдық беріліп, оларды дидактикалық мақсатта күрделендіре отырып, коммуникативтік оқыту әдісін бірте-бірте кеңейте қолдану жүзеге асады.
7-8 сыныптарда оқушылардың сөйлеу әрекеттері әдеби тіл элементтерімен біртіндеп байытылуы олардың 5-6 сыныптарда қалыптасқан мәтіндік ізбен сөйлеу дағдыларына сүйену ескеріледі. Осы орайда: коммуникативтік оқыту әдісіне басымдық беріледі. Мәтіндік жағдаяттарға негізделетін сәйкес әдісіне жүгіну кеңейеді. Сократ әдісі мен проблемалық ойланыстар, сезім толқындарын, адамгершілік-эстетикалық ұмтылыстарын ояту, қозғау жүзеге асады. Түсіндірмелі оқу бірте-бірте аутентикалық төте оқу әдісіне ұласады.
9-10 сыныптарда оқушылардың пәндік білімдері, әрекеттерінің біршама қалыптасқандығы негізінде диалогтық-шығармашылдық әдісі басымдыққа ие болады. Жинақтау, жүйелеу жағдайларында монологтық-лекциялық элементтер қолданылады. Дебат, пікірталас, жоба қорғау элементтері орын алатын болады.
Жинақтай айтқанда, пәннің қызметі мен оқушылардың дайындық ерекшеліктері, нәтижелік құзыреттіліктер факторлары көпмәдениетті белсенді әрекетшіл тұлға дамыту мақсатына бағытталған әдістерді таңдаудың негізі болып табылады. Сөйтіп, бағдарланған, нәтижеге бағытталған оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік ететін әдістер еркін таңдалынады.