скачать doc
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
10-11 сыныптар
жаратылыстану-математикалық бағыт
Астана 2010
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін
мектептің жаратылыстану-математикалық бағыттағы
10-11 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Қирабаев С.С., Жұмажанова Т.Қ., Әрінова Б.А., Құрманбай Г.С., Мадиева А.Т.
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасы.– Астана, 2010. – 23 б.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім беру академиясы, 2010
І. ТҮСІНІК ХАТ
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы оның көркем әдебиетінде көрініс табады. Оқушыларды көркемдік әлеміндегі тұтастықты, қоршаған ортадағы үйлесім мен жарастықты және адамзат баласына тән барлық ізгі қасиеттерді оқушы бойына ұялатуға ерекше орын алатын «Қазақ әдебиеті» пәнінің 10-11 сыныптарына арналған бұл бағдарламасы оқытудың жаңа талаптарына сай мазмұндық, құрылымдық және әдістемелік жағынан жаңартылып ұсынылып отыр.
Жаратылыстану және математика бағытындағы қазақ әдебиетi бағдарламасы қоғамдық-гуманитарлық бағдарлы мектепке арналған қазақ әдебиетi бағдарламасының бiлiм мазмұнын толық қамтиды. Дегенмен, сағат санының аздығына байланысты ақын жазушылардың өмiрi мен шығармашылығына тоқталу тек шолу түрiнде болады. Тақырыптардың iшкi мәнiн толық ашу мақсат етiлмейдi. Мәселен, белгiлi бiр автор туралы негiзгi мағлұмат, автордың қазақ әдебиетiндегi орны, оның басты шығармасы берiлген апталық сағаттар мөлшерi тұрғысынан қарастырылады да, бағдарламадағы көрсетiлген тақырып шолу түрiнде қамтылады.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-сыныпқа ұсынылған бiлiм мазмұны да қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектептердегi бiлiм мазмұны сияқты ХIХ ғасыр әдебиетiндегi қазақ елiнiң болашағын ағартушылық идеясымен байланыстыратын, саяси және рухани тәуелсiздiк рухы бiрiктiретiн ақын-жазушылар топтамасынан құрылады. Әдеби бiлiм мазмұнының толығуына байланысты Дулат, Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Қашаған Күржiманұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүйiнбай Аронұлы т.б. мұралары дербес сипатта оқытылады. Бұл сыныпта сонымен қатар ХIХ ғасырдың екiншi жартысында қазақ әдебиетiнiң жарқын болашағын белгiлеген, осы күшке тiкелей қосылмаса да, оған тiлектес болған халық мұңын шығармасына арқау еткен бiр топ әншi – ақындар шығармашылығы да қамтылды.
11-сыныпта берiлетiн бiлiм мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгiнгi күнге дейiнгi уақытты қамтиды. Бұған дейiнгi мектептегi әдебиетiмiздiң бiлiм мазмұнында 1960 жылдардан кейiнгi ақын-жазушылар соңғы дәуiр әдебиетi деген айдармен шолу түрiнде ғана бiрiлiп келгенi аян, ал ендiгi жерде яғни ХХI ғасырда оларды соңғы дәуiр әдебиетi деп емес, қазақ әдебиетiнiң нағыз тарихы, құрамдас асыл құрылымы деп бiлу қажет болады, онсыз жас ұрпаққа қазақ әдебиетiн толық таныту мүмкiн емес.
Сөйтiп, 11-сынып бiлiм мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгiнге дейiнгi қазақ әдебиетi туралы толыққанды түсiнiк бере алатын болады.
Базалық деңгейдің 10-11-сыныптарында бағдарлама қазақ әдебиетi туралы жалпы ұғымдары бар, оқырмандық мәдениетiнiң негiздерi қалыптасқан, көркем туындыны рационалды және эмоционалды меңгере алатын, әдеби теориялық бiлiм – дағдыларын қолдана бiлетiн оқушыларға арналып жасалынды.
«Қазақ әдебиеті» бағдарламасы қандай бағыттағы мектепке арналып жасалмасын, ол пәннің негізгі қызметін жүзеге асыруға бағытталады және мемлекеттік білім стандартында белгіленген білім мазмұны мен оқу нәтижесінің жоспарланған түрі болып табылатын оқушылардың білім, білік, бағдарларына қойылатын талаптар негіздерін міндетті түрде сақтайды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектептер бағдарламада көрсетілген әдеби білім мазмұнын толық оқиды, ал жаратылыстану математика бағдардағы мектептер бағдарламаның мазмұндық құрылымын толық сақтайды, бірақ оның тақырыптарының ішкі мәнін терең ашуды мақсат етпейді. Мәселен, белгілі бір автор туралы негізгі мағлұмат, автордың қазақ әдебиетіндегі орны, оның басты шығармасы берілген апталық сағаттар мөлшері тұрғысынан қарастырылады да, бағдарламадағы көрсетілген тақырып шолу түрінде қамтылады. Халық ауыз әдебиетінен бастап XVIII ғасырды қамтыған мазмұнда оқытылған тарихи курс материалдарын толық ұсынуға оқу жоспарындағы мүмкіндік сәйкес келмейді. Осы есептен 9-сыныпта басталған тарихи курс 10-11 сыныптарда одан әрі жалғастырылып, іштей сабақтастыққа құрылады және тиянақталып, тұтастық бітімге ие болады.
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес «Қазақ әдебиетi» пәнi «Тіл және әдебиет» білім беру саласына енеді. Бұл бiлiм беру саласының мақсаты – оқушының тiл және көркем сөз туралы дүниетанымын кеңейту, ғаламның шындық болмысын таныту және олардың функционалдық сауаттылығы мен прагматикалық қабiлеттерiн жетiлдiру болып табылады. Пәнді оқытуда тәуелсіз еліміздің төл әдебиетін ұлттық құндылық ретінде бағалап қабылдауға үйрету және оқушылардың сөз өнерi негiзiнде сөйлеу шеберлiгiн арттыру қарастырылады.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәнінің 10-11-сыныптардағы білім мазмұнына әдебиеттiң теориялық мәселелерi, құрамдас бөлiктерi, әдеби ағымдар мен бағыттар, әдеби көркем шығармаларды тұтас талдау жүйесi, әдеби шығарма және болмыс, ұлттық мәдениет, әдебиет және ұлттық рух, әдебиет және ғаламның шындық бейнесi, әдебиеттiң өзге ғылымдармен байланысы, қазiргi әдебиеттегi заманауи мәселелер, әдеби оқырмандық мәдениет, сөз өнерi және шығармашылық даму, көркем шығарманың стильдiк ерекшелiктерi өзек етiлiп, әдебиет туралы бiртұтас ұғым қалыптастыру ойластырылады.
«Қазақ әдебиеті» пәнiн оқуда оқушылар көркем шығармалардың табиғатын таныту, оның мазмұндық-құрылымдық сипаттарын ажырата бiлу және әдебиеттiң сөз өнерi ретiндегi құдiретiн дәйектей алу дағдыларын меңгереді. Әдебиет көркемөнердің бір түрі ретінде танымдық, тәрбиелік, дамытушылық, гедонистикалық (оқушының көркемөнерді эстетикалық ләззаттану күйін кеше қабылдауы) қызмет атқаратындықтан бұл бағдарламаларда көрсетілетін әдеби білім мазмұны негізгі сатыдағы берілген білімнің табиғи жалғасы, біртұтас құрамдас бөлімі және толық аяқталған әдеби курс болып табылады.
«Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты - қазіргі өзгермелі қоғам жағдайында өзіндік белсенділік көрсете алатын, халқымыздың тарихын, дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей білетін, әдеби көркем туындыда бейнеленген құбылысты эстетикалық тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларымен қаруланған, оқырмандық талғамы терең, жан-жақты дамыған дара тұлға қалыптастыру.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәнінің міндеттері:
оқушыларға әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдауға мүмкіндік туғызып, әдеби білім мазмұнын жүйелі меңгертуді ұйымдастыру;
төл әдебиеттің ұлттық сипатын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің халықтық көрінісін, көркем туындының идеялық мағынасы мен тақырыптық ерекшелігін түсіндіру;
дара тұлғаның көркемдік мәдениетін дамыту, кейіпкерлер қарым-қатынасындағы, табиғаттағы жарасымдық пен сұлулықты, имандылық пен ізгілікті терең пайымдап, тебірене қабылдай алуға үйрету;
оқушылардың оқу әрекеттерін, образды ойлау қабілеттерін жетілдіріп, сөз өнерін құндылық ретінде қабылдай алуына мүмкіндік туғызу;
ойын сауатты, еркін жеткізе білуге, шешен де ұтқыр сөйлеу алуға баулу.
10-11 сыныптардағы «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша берілетін білім мазмұнын сұрыптауда ғылымилық, түсініктілік, жүйелілік, сабақтастық, іс-әрекеттілік, пәнаралық ықпалдастық, сабақтастық сияқты дидактикалық ұстанымдар басшылыққа алынып, оқушылардың бейіндік ерекшеліктері ескеріледі. Оқытудың барлық деңгейлерінде жалғасын табатын сабақтастық ұстанымы пәндік білім мазмұнын меңгертудің әдіснамалық және әдістемелік қағидаларынан көрінеді. Оқытудың іс-әрекеттілік ұстанымы білім алушылардың танымдық әрекетін дамытып, олардың өз әрекетін өзі бақылай алуының қалыптасуына негіз болады. Пәнаралық интеграция ұстанымы берілетін білім мазмұнының нәтижелiлiгi мен оқытудың сапалық деңгейін танытады. Сол себептi әдебиеттің басқа пәндермен ықпалдастығы оқушының интеллектуальдық-танымдық, iскерлiк сапаларын, шығармашылық әрекетiн, қарым-қатынастық бiлiктiлiгiн, әлеуметтенуге бейiмдiлiгiн, эстетикалық, рухани-адамгершiлiк құндылықтарын дамытуға септігін тигізеді. Қазақ әдебиетін оқытуда түсініктілік ұстанымы оқушылардың өзіндік қабілеті мен ерекшеліктерін ескере отырып үйлесімді психологиялық ахуал тудыруға мүмкіндік жасайды. Оқушылардың тұлғалық жетістіктерін ескеру ұстанымы күрделі тапсырмаларды шешуге, өздік жұмыстарды орындауға бағытталып, оқушылардың күтілетін нәтижеге жетуіне мүмкіндік береді. Шығармашылық ұстанымы әр түрлі тапсырмаларды өздігінен орындау білігін қалыптастыру.
Сөйтіп, тұтастай алғанда «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасы пәннің мақсаты, мазмұны, оқытудың жалпы ұстанымдары туралы, сонымен қатар, осы пәннің оқушыларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлі туралы ақпараттық-әдістемелік қызмет көрсетеді. Ұсынылған әдеби білім мазмұнын толық қамти отырып, бағдарлама оқушылардың нәтижелі білім алуының барлық мүмкіндіктерін орайластырады.
Пән бойынша оқу жүктемесі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес:
10-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;
11-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат оқытылады.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәні мазмұнының вариативті бөлігі
Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде жүзеге асады.
II «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
10-СЫНЫП
XІX ғасыр әдебиеті (2 сағат)
XІXғасырдағы қазақ елінің тарихи-әлеуметтік жағдайларына сипаттама. Ресейдің қазақ елін отарлауы. Отаршылдыққа қарсы бұқаралық күрес. Кенесары Қасымов, Сырым Датұлы, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
Қазақ еліндегі тарихи-әлеуметтік жағдайлардың қоғамдық санаға ықпалы. Ағартушылық идеяның алдыңғы орынға шығуы. Әдебиеттің реалисттік, романтикалық сипаттары.
Қазақ даласындағы өмір құрылыстарын өлең, жыр, тұлғаларында бейнеленген қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері. Байтоқ, Жанұзақ, Барақ жырау, Махамбет, Шернияз, Алмажан т.б.
Дулат Бабатайұлы (2 сағат).
«Еспембет» дастаны.
Ақының өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлмет.
Дулат Бабатайұлының шығармашылығындағы заман шындығы, екі жақсы зорлық-зомбылықты әшкерелеп жазуы.
«Еспембет» дастаны. Еспембет бейнесін сомдаудағы ақынның тәсілдері. Соғыс панорамасы, оны көрсетудегі ақындық шеберлік. Поэманың өлең өрнегі, поэтикалық тіл нәрі.
Әдебиет теориясы:Аллетериятсия, ассонанс, эпитет туралы.
Махамбет Өтемісұлы (2 сағат).
«Менің атым Махамбет», «Атадан туған аруақты ер», «Нарын», «Тайманның ұлы Исатай». Ақынның отты поэзиасы.
Махамбет өлеңдеріндегі романтикалық сырын. Халық трагедиасы –ақын трагедиасы.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғам өмірімен байланысы туралы
Пәнаралық байланыс: Тарих. Қазақыстан XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатты. Кіші жүздегі шаруа көтерілісі (1783-1797). 1836-1837 жылдары Бөкей хандығы Исатай Тайманов басшылығымен болған шаруалар көтерілісі.
Музыка. Құрманғазы. «Лаушкен», «Кішкентай».
Абыл Тілеуұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы (4 сағат)
Ақындардың шығармашылығындағы отаншылдық, адамгершілік, ізгілік мәселлелері. Заман шындығын нақты жырлауы.
Шортанбай Қанайұлы (2 сағат).
«Зар заман», «Опасыз жалған», «Бала зары»,»Жер толғаулар».
Ақынның шығармаларында ХІХ ғасырдың орта тұсында патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясатынан туындаған әлеуметтік өмірдің шынайы суреттелуі .
Шортанбай еңбекші бұқараның азапты ауыр тұрмысын, шынжыр балақ, шұбар төстердің әділетсіздігі мен зұлымдығын әшкерлеген ақынның бірі. Ақынның өткен игі жақсылардың іс – әрекетін аңсап, тәлім – тәрбие мәселесін ескі салт – жоба, шариғат тұрғысынан қарастыруы.
Шортанбайдың айтыс ақыны ретінде көрінуі.
Әдебиет теориясы: Жыршы ақындар поэзиясы.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті.
Сүйінбай Аронұлы (2 сағат).
«Бөрілі менің байрағым», «Әділеттік орнаса», «Сүйінбайдың Тезек төреге көңіл айтуы», «Бала Жамбылға бата», «Төреге, Үмбетәліге». Айтыстары: «Сүйінбай мен Тезек төре», «Сүйінбай мен Қатаған».
Сүйінбай – айтыстың асқан шебері және қазақ пен қырғыз елдеріне өткір тілі, озық ойымен кеңінен танылған ақын.
Әдебиет теориясы: Айтыс туралы ұғымды кеңейту.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет
Жалпы шолу (2сағат).
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің демократтық, ағартушылық бағытының ұлттық әдебиетінің болашақ даму жолын бағыттаған тың беталыс екендігі.
Ыбырай мен Абай негізін салған қазақтың демократтық жаңа әдебиетінің тууы. Ағартушы идеяның алдыңғы орынға шығуы.
Қазақ әдебиетінде ақындықтың, жазушылықтың жаңа үлгісінің пайда болуы. Әдебиеттің реалистік сипаты.
Романтикалық үлгідегі шығармалардың пайда болуы («Медғат – Қасым», «Дағыстан»).
Шоқан Уәлиханов (2 сағат).
«Ыстықкөл күнделігі», «Жоңғар очерктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері».
Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы Шоқан – қазақ халқының тұңғыш ғалымы, әдебиет зерттеушісі.
Әдебиет теориясы: поэзия, ауыл әдебиеті туралы Шоқанның жазғандары. Очерк туралы ұғым.
Сыныптан тыс оқуға: «Алтышаһар немесе Қашқария туралы».
Ыбырай Алтынсарин (2 сағат).
«Залым төреге», «Азған елдің хандары», «Азған елдің билері».
Ыбырайдың өмірі мен ағартушылық қызметі. Ақынның әлеуметтік теңсіздікті, ел әкімдерін сынауы, әңгімелері.
Әдебиет теорияс: Лирика, оның түрлері туралы.
Абай Құнанбаев (8 сағат).
«Сегіз аяқ», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?», «Ескендір дастаны. Қарасөздері: «Бесінші сөз», «Жетінші сөз», «Он тоғызыншы сөз»
Абай – классик ақын. Абай поэзиясы – азаматтық құндылықтың қоры.
Лирикалық өлеңдерінің тақырыптары: азаматтық, адамгершілік, ғылым – білім, махаббат т.б.
«Ескендір» дастанындағы философиялық ой, дастанның көркемдік ерекшелігі.
Абайдың қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны.
Әдебиет теориясы: Өлең туралы ұғымды тереңдету.
Қосымша оқуға: «Масғұт» дастаны.
Шәкәрім Құдайбердіұлы (4 сағат).
«Жастарға», «Дүние мен өмір», «Бір Аллаға сыйынған адам өлмес», «Кәрілік туралы», «Еңлік – Кебек» дастаны.
Шәкәрімнің Абайдың шәкірті екндігі. Ақын шығармасындағы азаматтық әуен. Әлеуметтік өмірдегі кесапат кесірді, кертартпалықты әшкерлеуі, әділдікті, ақиқатты бейбіт тіршілікті жырына арқау етуі. Шынайы адал махабатты жырлауы. Ақын лирикасындағы нәзік те терең психологизм.
«Еңлік – Кебек» дастаны. Дастанда ақынның демократиялық – гуманистік көзқарасының көрінуі, кейіпкерлер бейнесін даралап берудегі шеберлігі, поэма оқиғасының терең драматизмге құрылуы.
Әдебиет теориясы: Дастан туралы ұғым.
Пәнаралық байланыс: Театр. «Еңлік – Кебек» пьсасы.
Нармамбет Орманбетұлы (2 сағат).
«Көпті көрген көнемін», «Шал қайғысы», «Сарыарқа сайран жерім – ай», «Ғылым туралы».
Өмірі мен шығармашылығы. Отарлық езгі, өктемдікке қарсы үн көтерген ұлттық болмыс, ұлттық тәуелсіздікке үндеген ақын.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғамдық мәні.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (2 сағат).
«Үлгі сөз», «Хал – ахуал», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Сарыарқа кімдікі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз». Дастандары : «Гүлшат – Шеризат».
Мәшһүр Жүсіп шығармаларында орын алған білім, жер мәселесі, сөз бостандығы. Халық бостандығы мәселелері.
Мәшһүр поэмалары – ертегі, аңыз негізінде жазылған сюжетті, әңгімелі шығармалар.
Әдебиет теориясы: Дастан туралы.
Әнші – ақындар шығармашылығна шолу (2 сағат).
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениетіндегі әнші-ақындар шоғыры. Ақындық, әншілік, композиторлық – әрқайсысы жеке-жеке өнер екендігі, бар өнердің тоғысуы.
Жаяу Мұса Байжанов, Мұхит Мералыұлы, Ақан Қорамсаұлы, Балуан Шолақ Баймырзин, Әсет Найманбайұлы, Мәди Бапиұлы, Иман Жүсіп, Үкілі Ыбырай, Истай Беркімбайұлы, Сегізсері (Мұхамедханапия), Баһрам Шақшақов, Біржан Қожағұловтар тума талант, табиғат дарын иелері. Поэзия, музыка тарихында, әншілік-өнер саласында мол мұра қалдырған өнер қайраткерлері.
Сегізсері (Мұхамедханапия) Баһрам Шақшақов (2 сағат).
«Қарлығаш», «Ғайни», «Көңіл күйі», «Гауһартас» өлеңдері. «Сегізсерімен Шернияз», «Сегіз бен Мақпал» айтыстары.
Заманында серілікті бар сәнімен өткізген Сегіз-жүйрік ат, қыран құсиың да бабын тауып, атағын батырлықпен де, ақындық-әншілікпен де, зергерлікпен де шығарған сегіз қырлы, бір сырлы азамат.
Біржан сал Қожағұлұлы (2 сағат).
«Жамбас сипар», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Көкек».
Елдің ардақты әншісі біржан – әнді әрі шығарушы, әрі орындаушылығымен қатар әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын.
Біржан сол заманның бай, болыс-билеріне бас имеген өр ақын.
Біржан әндерінің белгілі бір жағдайға тақырыпқа байланысты туатындығы.
Пәнаралық байланыс: Театр. «Біржан – Сара» операсы.
Ақан Қорамсаұлы (2 сағат).
«Жайықтың ақ түлкісі», «Ақ ләйлек», «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман», «Құлагер», «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша».
Ақан – қазақтың әнші-ақындар тобының көрнекті өкілі. Ақанның өмірінен мәлімет. Ақан – ақын, әнші, сазгер.
Адам психологисын берудегі шеберлігі. Ақанның әлеуметтік өмірге тереңдеуі, заман жайлы толғаулары, жастарды өнерге үндеуі.
«Құлагер» ақын трагедиясы. Ақынның өзіндік сөз саптауы.
Әдебиет теориясы: Махаббат лирикасы туралы ұғымды кеңейту.
Пәнаралық байланыс: Тарих. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның мәдениеті.
Театр. Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері – Ақтоты». С.Жүнісов, «Ақан сері» романы.
Жаяу Мұса Байжанов (2 сағат).
«Ақ сиса», «Көк аршын», «Сұрша қыз», «Хаулау», «Сәулем қыздар» өлеңдері.
Жаяу Мұсаның қазан төңкерісіне дейінгі қазақ музыкасының тарихында көрнекті орын алатын ірі композитор әрі білікті әнші екендігі. Жаяу Мұса әндерінің оның өз өмірінің тұсындағы шындықпен тікелей байланысты. Әнші - ақынның дәуір, замана жайларын, өз өмірінің шындығын, замана адамдарының әсіресе ел басқарған әкімдердің іс-әрекеттерін көрсететін әлеуметтік тақырыптағы шығармалары. Жаяу Мұсаның орыс, татар, халықтарының музыкасынан хабардар болуы. Қазақ музыкасына басқа ел музыкасының әсерімен мазмұн, түр, ырғақ жағынан жаңалықтар енгізуі.
Балуан Шолақ Баймырзаұлы (2 сағат).
«Ғалия», «Дікілдек», «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Қынжыл», «Кенже қоңыр».
Арқаның әншілік өнерін дамытуға көп үлес қосқан, Біржан бастаған әнші - ақындар дәстүрін ұстап, әннің әуенін де, сөзін де қатар шығарып өзі орындаған әнші – ақын.
Балуан Шолақтың жанына нөкер етіп елге ойын –сауық көрсеткен өнерпаз, жамбасы жерге тимеген балуан болғандығы жөнінде.
Балуан Шолақ шығармаларында патша үкіметінің озбыр чиновниктерінің зорлық-зомбылығына қарсы күрестің жырлануы.
Пәнішілік байланыс: Әдебиет. С.Мұқанов «Балуан Шолақ» романы.
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы (2 сағат).
«Мақпал», «Қарақат көз», «Маңмаңгер», «Шалқыма», «Гәкку», «Жиырма бес», «Қалдырған», «Арарай» әндері.
Ән ақын поэзиясына өмірдің, адамның жарастықты көркем көріністері, жастықтың нәзік сезім күйлері, сыршылдық тән екендігі. Ыбырай – жүйрік, суырып-салма импровизатор. Ыбырайдың сұлулықты, табиғат көріністерін суреттеуі.
«Қалдырған» - ойшыл ақынның терең философиялық тебіреністі толғауы.
Әдебиет теориясы: Лирикалық кейіпкер туралы.
Пәнаралық байланыс: Музыка. Үкілі Ыбырайдың әндері.
«Қыз Жібек» операсынан «Гәкку» әні. «Ер Тарғын» операсынан «Арарай» әні.
Әсет Найманбаев (2 сағат).
«Қор болмас зерек адам ақылы бар», «Адамның жасы жөнінде», «Тоты», «Арғынмын, атым Әсет – арындаған». Дастандары. «Пушкин», «Салиха-Сәлмен» т.б.
Әсет ойға жүйрік, көркем сөзге шебер, тілге бай ақын. Өз тұтастарымен ұқсастығы, айырмашылығы, әкелген жаңалықтары, әдеби дамуы ықпалы, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге көзқарасы, халықтың ой – сезімі, санасы, тұрмысын бейнелеуі. Ақын – әншінің әдебиет тарихындағы орны.
Пәнаралық байланыс: А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары»
Әдебиет танытушылар (2 сағат).
Әдебиеттанудың сөз өнерін, тариха – әдеби процесті, әдебиет дамуының заңдылықтарын, көркем шығармаларды, жазушылардың шығармашылық ғұмырнамасын зерттейтін ғылым екендігі.
Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сынның әдебиет тарихы және теориясымен байланысты.
Шығармаларды оқып талдауға – 54 сағат.
Шығармашылық жұмыстарға – 8 сағат.
Сыныптан тыс оқуға – 6 сағат.
11-СЫНЫП
Кіріспе. ХХ ғасыр әдебиеті туралы (1 сағат)
Ахмет Байтұрсынов (2 сағат).
«Қазақ салты» , «Жиған-терген», «Анама хат», «Маса», «Сөз иесінен», «Қырық мысал».
А. Байтұрсынов – ХХ ғасырдың бас кезіндегі демократ бағыттағы қазақ интеллигенциясының ірі өкілі. «Маса! – үн-түнсіз, ауыз тағдырына мойын ұсынып келген халықты оятып, қараңғылыққа, енжарлыққа қарсы тұруға шағырған ұран.
«Жиған-терген» өлеңі.
«Қырық мысал». Мысалды аударғанда ақын оқушыларына жақын да, түсінікті болуына назар аударғандығы.
Әдебиет теориясы: Өлең туралы, мысал туралы ұғымды тереңдету.
Міржақып Дулатов (2 сағат).
«Қазақ жерлері», «Шәкірт», «Таза бұлақ» өлеңдері; «Бақытсыз Жамал» романы.
Өмірінен мәлімет. Ағартушылық бағыты.
Сыныптан тыс оқуға: «Хан Абылай» , «Хазірет сұлтан».
Сұлтанмахмұт Торайғыров (2 сағат).
«Туған еліме», «Оқып жүрген жастарға», «Сарыарқаның жаңбыры», «Сымбатты сұлуға» өлеңдері, «Қамар сұлу» романы.
Сұлтанмахмұттың өмірі мен ақындық жолы. Лирикасы. Ақын поэзиясындағы азаматтық сарын, еліне деген сүйіспеншілік, әлеуметтік қайшылықтарды суреттеу.
Сыныптан тыс оқуға: «Кім жазықты?» романы.
Әдебиет теориясы: Роман туралы ұғымды тереңдету.
1916 жылғы көтеріліс туралы өлең-жырлар.
Шолу (2 сағат)
Омар Шипин «Амангелді батыр», Иса Дәукебаев «Бекболат», Б. Берденов «1961 жыл», Жамбыл Жабаев, «Зілді бұйрық» т.б.
Әдебиет теориясы. Әдебиеттің халықтығы туралы.
Сәкен Сейфуллин (2 сағат).
Өлеңдер: «Нұра», «Біздің жігіттер», «Сыр сандық», «Шаһит болған достарыма», «Көкшетау» поэмасы.
Сәкен – сезімтал, ойшыл, лирик ақын. "Көкшетау

Әдебиет теориясы: Образ туралы.
Сыныптан тыс оқуға: "Жас қазақ марсельезасы", "Кел, жігіттер".
Мағжан Жұмабаев (2 сағат).
«Жазғы таң», «Толқын», «Туған жер», «Сен сұлу», «Шолпы», «Мені де өлім, әлдиле», «Қолыбайдың қобызы»
М. Жұмабаев – сыршыл, суретшіл, нәзік үнді, кіршіксіз таза жүректі ақын.
"Қолыбайдың қобызы" – адам рухының таңғажайыптылығы жырланған дастан.
Әдебиет теориясы: Лирика туралы.
Сыныптан тыс оқуға: «Қорқыт».
Жүсіпбек Аймауытов (2 сағат).
«Қартқожа» романы.
Ж. Аймаутов – қазақ әдебиетіндегі проза жанрының классигі.
Қартқожа бейнесі, 1916 жылғы қазақ аулының көрінісі.
Сыныптан тыс оқуға: «Ақбілек» романы.
Бейімбет Майлин (2 сағат).
«Қара шелек», «Айт күні», «Ұлбосын», «Шұғаның белгісі».
Б. Майлин – әңгіме шебері. Әңгімелеріне арқау болған шынай ауыл өмірінің бейнесі. Жазушы тілі.
«Шұғаның белгісі». Хикаяттағы махаббат, достық, жоғары адамгершілік, имандылық, ізгілік мәселерінің қойылуы мен шешілуі. Жазушының баяндау стилі, кейіпкерлерінің даралану ерекшелігі, композициялық құрылысы, тілі.
Әдебиет теориясы: Оқиғалар, кейіпкерлер, олардың байланысы, көркемдейтін құралдар.
Сыныптан тыс оқуға: «Неке қияр» драмасы.
Ілияс Жансүгіров (2 сағат).
«Құлагер», «Күйші» дастандары.
Ілияс – эпик ақын. Ақын шығармаларының халықтық поэзия рухымен суарылғандығы. Күй сарындарының эпикалық суреті. «Құлагер» мен «Күйші» дастандары – өнер иесі туралы жазылған кесек шығармалар.
Әдебиет теориясы: Кейіпкер, психологизм.
Сыныптан тыс оқуға: Өлеңдері: «Арман», «Ағынды менің, Ақсуым».
Жамбыл Жабаев
«Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандары. (2 сағат)
Жамбылдың шығармашылық өмірбаяны. Ауыз әдебиетінің өкілі. Айтыс ақыны екендігі. Сұраншы, Өтеген батырлардың өмірде болған тарихи тұлғалар екендігі.
Әдебиет теориясы: Ауыз әдебиеті батырлық дастандар
Сыныптан тыс оқуға: «Көрұғлы» дастаны.
Ұлы Отан соғысы және әдебиеті (2 сағат)
Лирика (Ж.Жабаев, Қ. Аманжолов, Ж. Саин, С. Мәуленов т.б.), публицистика (Б.Бұлқышев, Б. Момышұлы т.б.), көркем проза ( Ғ. Мүсірепов «Қазақ солдаты», Ә. Нүрпейісов «Курляндия», С Мұқанов, «Сырдария», Қазақ жұмысшыларының қалыптасу тақырыбы – Ғ. Мұстафин «Қарағанды», Ә. Сәрсенбаев «Толқында туғандар», тарихи – әлеуметтік шежіре – М. Әуезов «Абай жолы» романы. Поэмада қалам тартқан көрнекті қаламгерлер: Т. Жароков «Жапонды орман жаңғыртты», Х. Ерғалиев «Біздің ауылдың қызы» т.б. Драматургияның дамуы: Ғ. Мүсірепов «Амангелді», С. Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов, Ә. Әбішев, «Достық пен махабат».
Мұхтар Әуезов (6 сағат).
«Абай жолы» эпопеясы. Драмалық шығармалалы (Еңлік Кебек», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» т.б.).
М. Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны, әңгімелеріндегі қорғансыздар рухының биіктігі, адам мен табиғат қатынасындағы ізгілік идеясы. «Еңлік – Кебектегі» негізгі проблематика, оның шешілуі барысында кейіпкерлер характерінің сомдалуы.
«Абай жолы» роман – эпопеясы. Абайдың көркем бейнесінің даму жолдары. Романның компазициясы: сюжет пен кейіпкерлер дамуынан ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар мәселелерінің көтерілуі. Романның әдеби – тарихи маңызы.
Әдебиет теориясы: Роман – эпопея туралы ұғым. Пейзаж оның авторлық пафосты жеткізуге қызметі. Драма туралы ұғым.
Сыныптан тыс оқуға: Аудармалары. В. Шекспир «Оталло»
Сәбит Мұқанов (2 сағат).
«Сұлушаш» поэмасы.
«Сұлушаш» - өлеңмен жазылған шоқтығы биік шығарма. Кейіпкерлердің психологиялық лиризм. Туындының ауыз әдебиеті дәстүрімен байланысты. Ботагөз – тарихи-әлеуметтік сипаттағы роман. 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыс көріністері, одан кейінгі жылдардығы қазақ халқының өміріндегі сұрапыл заманның бейнеленуі, кейіпкерлер даралығы.
Әдебиет теориясы: Тарихи роман.
Сыныптан тыс оқуға: «Шоқан Уәлиханов» пьесасы.
Ғабит Мүсірепов (2 сағат).
«Қазақ солдаты» романы.
Ғ. Мүсірепов – көркемсөз зергері. Ана туралы әңгімелеріне шолу. «Қазақ солдаты» - Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігін көркем суреттеген патриоттық шығарма. Жазушының адам портретін жасау шеберлігі.
Әдебиет теориясы: Реалистик бейне. Әдебиеттерге романтика, символ.
Сыныптан тыс оқуға: «Кездеспей кеткен бір бейне» хикая.
Ғабиден Мустафин (2 сағат).
«Дауылдан кейін» романы.
«Дауылдан кейін» романы – тарихи тақырыпқа жазылған шығарма. Романның компазициясы мен тілі.
Әдебиет теориясы: Романның компазициясы. Афоризмдер.
Сыныптан тыс оқуға: «Көз көрген» романы.
Қасым Аманжолов (2 сағат).
«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы.
Поэмадан қазақ халқының ерлік дәстүрінің шырқау биікте суреттелуі.
«Өзім туралы» т.б. өлеңдері. Мазмұн тереңдігі мен түр үйлесімі.
Әдебиет теориясы: Поэма жанры туралы ұғым.
Сыныптан тыс оқуға: Лирикалық өлеңдер.
Әбділда Тәжібаев (2 сағат).
«Портреттер», «Монологтар».
Көрнекті лирик ақын. Сыр туралы өлеңдері. «Портреттер» толғау – эссесі.
Сырбай Мәуленов (2 сағат).
«Шөңге», «Қаратау», «Торғай қақпасы», «Ізгілік», «Ілияс».
Өлеңдеріндегі сыршылдық.
Жұбан Молдағалиев (2 сағат).
«Мен – қазақпын» поэмасы.
Ж. Молдағалиевтің өмірі туралы мәлімет.
«Мен – қазақпын» поэмасындағы эпикалық кеңдік, елжандылық, асқақтық рух.
Әдебиет теориясы: Азаматтық пафос.
Тахауи Ахтанов (2 сағат).
«Шырағың сөнбесін» романы.
Т. Ахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы. Кейіпкерлеріне сипаттама. «Шырағың сөнбесін» романындағы өмір сүйгіштік рух.
Әбдіжәміл Нұрпейісов (2 сағат).
«Қан мен тер» трилогиясы.
Ә. Нұрпейісовтың өмірі, шығармашылығы туралы
«Қан мен тер» трилогиясындағы балықшылар өмірі. Балықшылықты кәсіп еткен ел шежіресі.
Әдебиет теориясы: Сюжет, композиция
Ілияс Есенберлин (2 сағат).
«Көшпенділер» трилогиясы.
І.Есенберлиннің шығармашылық жолы. Триологиядағы тарихи тағылым мәселесі.
Сыныптан тыс оқуға: «Ғашықтар».
Мұқағали Мақатаев (2 сағат).
«Көктем де келер», «Қайран Қарасазым-ай», «Туған жерге», «Қабағы таудың қатулы», Махаббат жырлары: «Арулар», «Махаббат диалогы», «Алдынын терезенің», «Есіңе мені алғайсың»; Өмір туралы толғану: «Көңілім», «Соқпақ», «Кең дүние», «Жан азығы», «Асығып алыс күндерге», «Бақыт деген күміс жолды күн» өлеңдері.
Поэмалары: «Райымбек», «Аққулар ұйықтағанда».
М.Мақатаевтың өмірі, шығармашылығы. Шығармаларындағы шыншылдық, тазалық, асқақтық. Мұқағалидың қазақ поэзиясына қосқан үлесі.
Қадыр Мырза-әлі (2 сағат).
«Дала дидары», «Домбыра», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау».
Қазақ поэзиясындағы фәлсафалық лириканың аса ірі өкілі. Ақын өлеңдеріндегі адам өмірі, әлем тағдыры, табиғат тіршілігі, келешек ұрпақ қамы мәселелерінің өзара үйлесімі.
Қабдеш Жұмаділов (2 сағат).
«Дарабоз».
Көркем сөз саңлығы. «Дарабоз» романында халық тағдырын суреттеудегі жазушы шеберлігі.
Мұхтар Мағауин (2 сағат)
«Тазының өлімі» хикаяты.
Жазуының шығармашылық жолы туралы. «Тазының өлімі» хикаясындағы экологиялық проблематика.
Әдебиеттің мәңгілік көшінде.
Жалпы шолу (2 сағат)
И. Байзақов, Қ. Әбдіқадіров, А.Тоқмағамбетов, Ғ. Орманов, Х. Ерғалиев, Ғ. Қайырбеков, С. Сейітов, Ә. Шәріпов, З. Шашкин, Қ. Қайсенов, Ә. Нұршайықов, Қ. Шаңғытбаев, Ш. Мұртаза, К. Салықов, Т. Бердияров, Ж. Нәжімеденов, Т. Әлімқұлов, Ш. Мұхамеджанов, А. Сүлейменов, С. Жиенбаев, Б. Нұржекеев, С. Жүнісов, Д. Исабеков, С. Сматаев т.б ақын –жазушылардың шығармашылығына жалпы шолу. Драматургия, әлем әдебиеті туралы.
Шығармаларды оқып талдауға – 54 сағат.
Шығармашылық жұмыстарға – 8 сағат.
Сыныптан тыс оқуға – 6 сағат
ІІІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ, БІЛІК, ДАҒДЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
10-сынып оқушылары:
әдеби шығармаларды ұлттық құндылық ретінде ұғынып, ХІХ-ХХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті үлгілерін талдай алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық- тақырыптық мәнін айқындай алады;
әдебиеттің өнер түрлерімен (бейнелеу, сәулет, саз, мүсін, театр, кино т.б.) байланысын түсіндіреді;
көркем шығармадағы негізгі ойды анықтай алады;
эпикалық, лирикалық және драмалық туындылардағы басты кейіпкер келбетін таниды;
көркем шығарманы эпизодтарға бөліп, ондағы көріктеу құралдарын тауып, талдайды;
әдеби туындыдағы басты проблематиканы анықтайды;
шығармадағы авторлық көзқарасты айқындай алады;
оқыған көркем туынды бойынша шығармашылық жазба жұмыстарын орындайды;
қосымша оқуға ұсынылатын шығармаларды өздігінен оқып талдайды;
сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқиды;
көркем әдебиет туралы ғылыми сын мақалаларды түсініп оқиды, оларды талдауда өзіндік ой тұжырымын жасай алады;
берілген мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелі жеткізе алады;
көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиетінің үлгілерімен салыстыра талдай біледі;
әдебиеттің өзге ғылымдармен (тіл, философия, тарих, қоғамтану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, жаратылыстану т.б.) сабақтастығын ұғынады;
шешен сөйлеу дағдыларын меңгеріп, өзіндік көзқарасын білдіре алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық, эстетикалық, тәрбиелік, танымдық мәнін айқындай алады;
көркем бейнелі сөздерді орынды қолданып, жазба жұмыстарын (эссе, шағын шығарма жазу т.б.) орындай алады.
11-сынып оқушылары:
ХХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті үлгілерін әдебиеттің тектері мен жанрларына сәйкес талдай алады;
әдебиеттану терминдері сөздіктерін, энциклопедияларды пайдалана алады.
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық- тақырыптық мәнін айқындай алады; әлем елдері әдебиетімен салыстырады;
әдебиеттің өнер түрлерімен (бейнелеу, сәулет, саз, мүсін, театр, кино т.б.) байланысын түсіндіре алады;
көркем шығармадағы негізгі ойды автордың көзқарасы мен замана шындығы тұрғысынан анықтай алады;
эпикалық, лирикалық және драмалық туындылардағы басты кейіпкер келбетін таниды, олардың іс-әрекеттерінің өмірдегі жағдаяттарға, қоғамдық ортаның әсеріне қатысты екендігін дәйектей алады;
шығармадағы авторлық көзқарасты айқындайды ;
ізденіске түсіп, сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқиды;
көркем әдебиет туралы ғылыми сыни мақалаларды түсініп оқиды, оларды талдауда өзіндік ой тұжырымын жасай алады;
берілген мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелеп, толықтырулар енгізе алады;
ұлттық мұра ретінде танылған үздік шығармалардың тарихи сипатын, маңызын көркемдік шындық тұрғысынан суреттей алады;
көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиетінің үлгілерімен салыстыра талдай біледі;
әдебиеттің өзге ғылымдармен (тіл, философия, тарих, қоғамтану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, жаратылыстану т.б.) сабақтастығын ұғынады;
әдеби білімдері негізінде ұтқыр да, шешен сөйлеу дағдыларын меңгеріп, көпшілік алдында өзіндік көзқарасын білдіре алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық, эстетикалық, тәрбиелік, танымдық мәнін айқындайды;
шығармада бейнеленген өмір шындығы мен автордың ойын тани алады;
шығарма немесе оның ішіндегі кейіпкерлер бойынша ой толғау, пікірнама, сыни мақала жазады;
көркем - бейнелі сөздерді орынды қолданып, жазба жұмыстарының күрделі түрлерін (эссе, шығарма, өлең құрастыру, сценарий жазу т.б.) орындайды.
IV «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жалпы орта білім беру жүйесінде «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытуды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көрсетілген талаптар бойынша жүзеге асады. Негізгі орта деңгейді аяқтаған оқушыларға «Қазақ әдебиеті» оқу пәнін оқытуда білім алушылардың бейімділіктері, қабілеттері мен жеке дара қызығушылықтары барынша ескеріледі.
Әдебиетті оқытуда тек ең танымал деген туындылармен таныстыру ғана көзделіп, ХХ ғасыр және егемен ел әдебиеті туралы қысқаша түсінік беріледі. Сол себепті 10-11-сыныптарда әдебиеттiң теориялық мәселелерi, құрамдас бөлiктерi, әдеби ағымдар мен бағыттар, әдеби көркем шығармаларды тұтас талдау жүйесi, қазiргi әдебиеттегi заманауи мәселелер, әдеби оқырмандық мәдениет, сөз өнерi және шығармашылық даму, көркем шығарманың стильдiк ерекшелiктерi тұтастай емес, әр тақырыптың өзіндік ерекшелігіне қарай талданады.
Жаратылыстану және математика бағытындағы қазақ әдебиеті бағдарламасы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектепке арналған қазақ әдебиеті бағдарламасының білім мазмұнын толық қамтиды. Дегенмен, сағат санының (аптасына 1 сағат) аздығына байланысты ақын жазушылардың өмірі мен шығармашылығына тоқталу тек шолу түрінде болады. Тақырыптардың ішкі мәнін толық ашу мақсат етілмейді. Мәселен, белгілі бір автор туралы негізгі мағлұмат, автордың қазақ әдебиетіндегі орны, оның басты шығармасы берілген апталық сағаттар мөлшері тұрғысынан қарастырылады да бағдарламадағы көрсетілген тақырып шолу түрінле қамтылады.
Жаратылыстану – математикалық бағыттағы 10-сыныпқа ұсынылған білім мазмұны да қоғамдық – гуманитарлық бағдарлы мектептердегі білім мазмұны сияқты ХIX ғасыр әдебиетіндегі қазақ елінің болашағын ағартушылық идеясымен байланыстыратын, саяси және рухани тәуелсіздік рухы біріктіретін ақын – жазушылар топтамасынан құрылады. Әдеби білім мазмұнының толығуына байланысты Дулат Бабатайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүйінбай Аронұлы т.б. мұралары дербес сипатта оқытылады. Бұл сыныпта сонымен қатар XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің жарқын болашағын белгілеген, осы күшке тікелей қосылмаса да, оған тілектес болған халық мұңын шығармасында арқау еткен бір топ әнші – ақындар шығармашылығы да қамтылды.
11-сыныпта берілетін білім мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі уақытты қамтиды. Бұған дейінгі мектептегі әдебиетіміздің білім мазмұнында 1960 жылдардан кейінгі ақын – жазушылар соңғы дәуір әдебиеті деген айдармен шолу түрінде ған беріліп келгені аян, ал ендігі жерде ХХІ ғасырда оларды соңғы дәуір әдебиеті деп емес, қазақ әдебиетінің нағыз тарихы, құрамдас асыл құрылымы деп білу қажет болады, онсыз жас ұрпаққа қазақ әдебиетін толық таныту мүмкін емес.
Сөйтіп, 11сыныптағы білім мазмұны XX ғасырдың басынан бүгінге дейін қазақ әдебиеті туралы толыққанды түсінік бере алатын болады.
Бұл бағытта әдебиет теориясына аса назар аударылмайды. Себебі көркем шығармаларды әдеби-теориялық тұрғыда, көркемдік тұтастықта талдау міндеті қойылмайды. Шығармашылық тапсырмалар да қарапайым түрде беріледі. Алайда, мұндай әрекеттер әдебиеттің пәндік қызметіне нұсқан келтірмейді. Сондықтан пәнді оқытуда оның жалпы қызметі басшылыққа алынып, сөз өнері арқылы оқушыларға ұлттық құндылықтарды таныту, олардың сөйлеу шеберлiгiн арттыру міндеті алға қойылады. Әдебиеттi оқып үйрену арқылы оқушылар әлеуметтiк өмiрге бейiмделiп, қоршаған орта, замана келбетiн түсiнуге қажеттi бiлiм-бiлiк дағдыларымен қаруланатындықтан, пәнді оқытуда өз ұлтының мәдениетiн құрметтеу, ана тiлiн ардақ тұту, төл әдебиетiн терең сезіммен сүйе бiлудi үйрету де назардан тыс қалмайды.
Мектептегі әдебиетті оқыту көркем бейне арқылы көрінетін ақиқатты меңгертуді көздейді. Көркем ойдың адамгершілік, эстетикалық байлықтарын игеру оқырманнан дамыған көңіл-күй тебіренісі қабілетін, жаңғыртушылық және шығармашылық қиялды, көркем шығармаларды талдау және бағалаудың белгілі бір күрделі білік дағдыларының болуын, тілдік машықтарды, өнер тілінің шарттылық ерекшеліктерін білуін талап етеді. Бұның бәрі жинақталып келгенде, оқушылардың адам мен табиғат арасындағы, адам мен адам және адам мен қоғам арасындағы белсенді қатынасының, дүниетанымының, көркемдік талғамының қалыптасуына қызмет етеді. «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту көркем бейне жасаудағы жазушы шеберліктерін танытады және оқушылардың бойында туған жерге, елге, ұлттық тарих, ұлттық салт-дәстүрге, ана тіліне, егемен мемлекетіне, оның Заңдарына шексіз құрмет сезімін дарытады, әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі танып білуіне, сол арқылы өзгелерді де танып білуіне көмектеседі, өзіндік, отбасылық, қауымдастықтардағы, ұлттық, халықтық, адамзаттық құндылықтарды меңгеруіне ықпал етеді, түптеп келгенде, қазақстандық елжандылық сезіміне баулиды. Көркемөнер ретінде әдебиет өзінің оқырмандарына дүниенің сан алуын сырларын ашады. Әдеби шығармалардан ләззаттану, қанағат табу – оны жалпы түсінудің бірінші сатысы болады жа, ал әдеби шығармашылық заңдарын меңгерту – көркем бейне түрінде жүзеге асырылған автор ойына жетудің кепілі болып табылады. Сол себепті де әдебиетті оқытудың мәні сөз өнерінің адам сезіміне әсер ету құдіретінің сырларын танып білуде екендігіне бағдарламада баса көңіл бөлінді.
Бағдарламада көрсетілген шолу тақырыптары мүмкіндігінше әдеби сапалық, жанрлық тұрғыдан және тарихи желінің әдебиет мазмұнынан толық көрінуі тұрғысынан ойластырылды.
Пәнаралық байланыс әр тақырып сайын беріліп отырады.
Жоғары сынып оқушылары әдебиет сыны, оқулыққа енген шығармалар жайлы пікірлерді де қоса оқыса дұрыс болар еді деген ниетпен белгілі сыншы-ғалымдардың еңбектерінің тізімі де ұсынылады. Сын жүйелі жазылған әдебиет тарихы емес. Сондықтан ол әдеби фактінің бәрін қамтып, оған баға беріп үлгере алмайды. Ол негізінен бүгінгі әдебиет дамуының басты бағытын, оның өмірмен байланысын, шындықты игеру жолын ашуға, осы жолдағы басты еңбектерді талдап көрсетуге, сол материалдар арқылы әдебиеттің метадологиялық, теориялық негіздерінің баюына үлес қосуға тиіс. Сын-мақалаларды әр ақын-жазушының шығармашылығын өткен соң беріп отыру оқулықтың үлесіне тиетін болады.
Қорыта айтқанда, «Қазақ әдебиеті» пәнін қазіргі талаптарға сай оқыту әдістемелік жүйенің өзіндік ерекшеліктерінің бірі болып табылады.