скачать doc
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
ОҚУ БАҒДАРЛАМАCЫ
10-11 сыныптар
қоғамдық-гуманитарлық бағыт
Астана 2010
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы
10-11 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАCЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Қирабаев C.С., Жұмажанова Т.Қ., Әрінова Б.А., Құрманбай Г.С., Мадиева А.Т.
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы орта білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасы.– Астана, 2010. – 27 б.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім беру академиясы, 2010
І. ТҮСІНІК ХАТ
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы оның көркем әдебиетінде көрініс табады. Оқушыларды көркемдік әлеміндегі тұтастықты, қоршаған ортадағы үйлесім мен жарастықты және адамзат баласына тән барлық ізгі қасиеттерді оқушы бойына ұялатуға ерекше орын алатын «Қазақ әдебиеті» пәнінің 10-11 сыныптарына арналған бұл бағдарламасы оқытудың жаңа талаптарына сай мазмұндық, құрылымдық және әдістемелік жағынан жаңартылып ұсынылып отыр.
Жас жеткіншектерді көркемдiк әлемiндегi тұтастықты, қоршаған ортадағы үйлесiм мен жарастықты және адамзат баласына тән барлық iзгi қасиеттердi оқушы бойына ұялатуда ерекше орын алатын «Қазақ әдебиетi» пәнiнiң әлеуметтік-гуманитарлық бейінінің 10-11 сыныптарына арналған оқу бағдарламасында негiзгi деңгейдегі әдеби бiлiмнiң мақсаттары мен мiндеттерiн толықтыра түсу ойластырылды.
Негізгі орта мектепті аяқтаған оқушылар таңдау бағытына қарай бағдарлы сыныптарда оқуын жалғастырады. Бағдарлы оқытудың басты мақсаты – оқушылардың бейімдік білім алуын жүзеге асыру, олардың отбасында, жергілікті және аймақтық ортада әлеуметтенуін, сонымен қатар оқушыларды орта және жоғары кәсіптік оқу орындарына дайындау үшін орта жалпы білім беру бағдарламаларындағы жеке пәндерді кеңейтіп оқытуды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл сыныптарда оқушылардың бейімділіктері, қабілеттері мен өзіндік қызығушылықтары барынша ескеріледі. 10-11 сыныптар бағдарламасы бағдарлы мектеп жағдайында екі бағытта оқытуға лайықталған: а) қоғамдық-гуманитарлық бағдарлы; ә) жаратылыстану-математика бағдарлы. Базалық деңгейдің 10-11 сыныптарында бағдарлама қазақ әдебиетi туралы жалпы ұғымдары бар, оқырмандық мәдениетiнiң негiздерi қалыптасқан, көркем туындыны рационалды және эмоционалды меңгере алатын, әдеби теориялық бiлiм – дағдыларын қолдана бiлетiн оқушыларға арналып жасалынды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектептер бағдарламада көрсетілген әдеби білім мазмұнын толық оқиды, ал жаратылыстану математика бағытындағы мектептер бағдарламаның мазмұндық құрылымын толық сақтайды, бірақ оның тақырыптарының ішкі мәнін терең ашуды мақсат етпейді. Мәселен, белгілі бір автор туралы негізгі мағлұмат, автордың қазақ әдебиетіндегі орны, оның басты шығармасы берілген апталық сағаттар мөлшері тұрғысынан қарастырылады да, бағдарламадағы көрсетілген тақырып шолу түрінде қамтылады. Халық ауыз әдебиетінен бастап XVIII ғасырды қамтыған мазмұнда оқытылған тарихи курс материалдарын толық ұсынуға оқу жоспарындағы мүмкіндік сәйкес келмейді. Осы есептен 9-сыныпта басталған тарихи курс 10-11 сыныптарда одан әрі жалғастырылып, іштей сабақтастыққа құрылады және тиянақталып, тұтастық бітімге ие болады.
«Қазақ әдебиеті» бағдарламасы қандай бағыттағы мектепке арналып жасалмасын, ол пәннің негізгі қызметін жүзеге асыруға бағытталады және мемлекетік білім стандартында белгіленген білім мазмұны мен оқу нәтижесінің жоспарланған түрі болып табылатын оқушылардың білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар негіздерін міндетті түрде сақтайды.
Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес «Қазақ әдебиетi» пәнi «Тіл және әдебиет» білім беру саласына енеді. Бұл бiлiм беру саласының мақсаты – оқушының тiл және көркем сөз туралы дүниетанымын кеңейту, ғаламның шындық болмысын таныту және олардың функционалдық сауаттылығы мен прагматикалық қабiлеттерiн жетiлдiру болып табылады. Пәнді оқытуда тәуелсіз еліміздің төл әдебиетін ұлттық құндылық ретінде бағалап қабылдауға үйрету және оқушылардың сөз өнерi негiзiнде сөйлеу шеберлiгiн арттыру қарастырылады.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәнінің 10-11 сыныптардағы білім мазмұнына әдебиеттiң теориялық мәселелерi, құрамдас бөлiктерi, әдеби ағымдар мен бағыттар, әдеби көркем шығармаларды тұтас талдау жүйесi, әдеби шығарма және болмыс, ұлттық мәдениет, әдебиет және ұлттық рух, әдебиет және ғаламның шындық бейнесi, әдебиеттiң өзге ғылымдармен байланысы, қазiргi әдебиеттегi заманауи мәселелер, әдеби оқырмандық мәдениет, сөз өнерi және шығармашылық даму, көркем шығарманың стильдiк ерекшелiктерi өзек етiлiп, әдебиет туралы бiртұтас ұғым қалыптастыру ойластырылады.
«Қазақ әдебиеті» пәнiн оқуда оқушылар көркем шығармалардың табиғатын таныту, оның мазмұндық-құрылымдық сипаттарын ажырата бiлу және әдебиеттiң сөз өнерi ретiндегi құдiретiн дәйектей алу дағдыларын меңгереді. Әдебиет көркемөнерінің бір түрі ретінде танымдық, тәрбиелік, дамытушылық, гедонистикалық (оқушының көркемөнерді эстетикалық ләззаттану күйін кеше қабылдауы) қызмет атқаратындықтан бұл бағдарламаларда көрсетілетін әдеби білім мазмұны негізгі сатыдағы берілген білімнің табиғи жалғасы, біртұтас құрамдас бөлімі және толық аяқталған әдеби курс болып табылады.
«Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты - қазіргі өзгермелі қоғам жағдайында өзіндік белсенділік көрсете алатын, халқымыздың тарихын, дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей білетін, әдеби көркем туындыда бейнеленген құбылысты эстетикалық тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларымен қаруланған, оқырмандық талғамы терең, жан-жақты дамыған дара тұлға қалыптастыру.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәнінің міндеттері:
оқушыларға әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдауға мүмкіндік туғызып, әдеби білім мазмұнын жүйелі меңгертуді ұйымдастыру;
төл әдебиеттің ұлттық сипатын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің халықтық көрінісін, көркем туындының идеялық мағынасы мен тақырыптық ерекшелігін түсіндіру;
дара тұлғаның көркемдік мәдениетін дамыту, кейіпкерлер қарым-қатынасындағы, табиғаттағы жарасымдық пен сұлулықты, имандылық пен ізгілікті терең пайымдап, тебірене қабылдай алуға үйрету;
оқушылардың оқу әрекеттерін, образды ойлау қабілеттерін жетілдіріп, сөз өнерін құндылық ретінде қабылдай алуына мүмкіндік туғызу;
ойын сауатты, еркін жеткізе білуге, шешен де ұтқыр сөйлеу алуға баулу.
10-11 сыныптардағы «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша берілетін білім мазмұнын сұрыптауда ғылымилық, түсініктілік, жүйелілік, сабақтастық, іс-әрекеттілік, пәнаралық ықпалдастық, сабақтастық сияқты дидактикалық ұстанымдар басшылыққа алынып, оқушылардың бейіндік ерекшеліктері ескеріледі. Оқытудың барлық деңгейлерінде жалғасын табатын сабақтастық ұстанымы пәндік білім мазмұнын меңгертудің әдіснамалық және әдістемелік қағидаларынан көрінеді. Оқытудың іс-әрекеттілік ұстанымы білім алушылардың танымдық әрекетін дамытып, олардың өз әрекетін өзі бақылай алуының қалыптасуына негіз болады. Пәнаралық интеграция ұстанымы берілетін білім мазмұнының нәтижелiлiгi мен оқытудың сапалық деңгейін танытады. Сол себептi әдебиеттің басқа пәндермен ықпалдастығы оқушының интеллектуальдық-танымдық, iскерлiк сапаларын, шығармашылық әрекетiн, қарым-қатынастық бiлiктiлiгiн, әлеуметтенуге бейiмдiлiгiн, эстетикалық, рухани-адамгершiлiк құндылықтарын дамытуға септігін тигізеді. Қазақ әдебиетін оқытуда түсініктілік ұстанымы оқушылардың өзіндік қабілеті мен ерекшеліктерін ескере отырып үйлесімді психологиялық ахуал тудыруға мүмкіндік жасайды. Оқушылардың тұлғалық жетістіктерін ескеру ұстанымы күрделі тапсырмаларды шешуге, өздік жұмыстарды орындауға бағытталып, оқушылардың күтілетін нәтижеге жетуіне мүмкіндік береді. Шығармашылық ұстанымы әр түрлі тапсырмаларды өздігінен орындау білігін қалыптастыру,
Сөйтіп, тұтастай алғанда «Қазақ әдебиеті» пәнінің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламасы пәннің мақсаты, мазмұны, оқытудың жалпы ұстанымдары туралы, сонымен қатар, осы пәннің оқушыларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлі туралы ақпараттық-әдістемелік қызмет көрсетеді. Ұсынылған әдеби білім мазмұнын толық қамти отырып, бағдарлама оқушылардың нәтижелі білім алуының барлық мүмкіндіктерін орайластырады.
Пән бойынша оқу жүктемесі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес:
10-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;
11-сыныпта аптасына 3 сағаттан, барлығы – 102 сағат оқытылады.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәні мазмұнының вариативті бөлігі
Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде жүзеге асады.
ІІ «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
10-СЫНЫП
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет.
Жалпы шолу (2 сағат)
ХІХ ғасырдағы қазақ елінің тарихи-әлеуметтік жағдайларына сипаттама. Ресейдің қазақ елін отарлауы, отаршылдыққа қарсы бұқаралық күрес. Кенесары Қасымов, Сырым Датұлы, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісұлы бастаған көретілістің әдебиетте көрініс табуы.
Қазақ еліндегі тарихи-әлеуметтік жағдайлардың қоғамдық санаға ықпалы. Қазақ даласындағы өмір құбылыстарын өлең, жыр, толғауларында бейнеленген қазақ поэзиясының көрнекі өкілдері Байтоқ, Жанұзақ, Барақ жырау, Шернияз, Алмажан туралы.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихында әртүрлі ағымдардың пайда болуы.
Дулат Бабатайұлы.
«Еспембет дастаны». Өлеңдері (3 сағат)
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлімет.
Дулат – ХІХ ғасырдың орта кезіндегі қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып, түр жағынан байыта түскен, көркемдік тәсіл тұрғысынан жаңа сатыға көтерген ірі ақын.
Дулат өлеңдерінде жасалған адам образдары, табиғат бейнесі.
Дулаттың дидактикалық өлеңдері «Еспембет» дастанының сюжеттік маңызы. Дастандағы Еспембет образын сомдаудағы ақындық тәсілдер (жанама мінездеу, суреттеу) Еспембеттің қазақ жерін шабуға келген қалмақтармен соғысы. Соғыстың жалпы панорамасы, сол сияқты жеке көріністерді, жекпе-жек ұрыстарды сипаттаудағы ақындық шеберлік. Дастандағы Ақбөрте тұлпар образы. Дулат жырларының көркемдік ерекшеліктері.
Әдебиет теориясы: Аллитерация, ассонанс, эпитет, метафора, теңеу.
Махамбет Өтемісұлы
«Менің атым Махамбет», «Атадан туған атақты ер», «Нарын», «Тайманның ұлы Исатай» (3 сағат)
Махамбет – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы көрнекі ақын.
Ақынның өмір сүрген дәуірі. Халықтың арман-тілегін жақтауы. Махамбет жырларындағы ақынның өз бейнесі мен Исатай бейнесі.
Ақын шығармаларының қазақ әдебиеті тарихындағы орны.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғам өмірімен байланысы туралы ұғым. Дыбыс қайталау (ассонанс, аллитерация). Риторикалық сұрау.
Пәнаралық байланыс. Қазақстан тарихы XVIIIғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты. Кіші жүздегі шаруалар көтерілісі (1783-1797). 1836-1837 жылдары Бөкей хандығында Исатай Тайманов басшылығымен болған шаруалар көтерілісі.
Музыка. Құрманғазы. «Лаушкен», «Кішкентай».
Сүйінбай Аронұлы
«Бөрілі менің байрағым», «Ту алып жауға шапсаң сен», «Датқалар» «Үмбетәліге» (2 сағат).
Айтыстары: «Сүйінбай мен Тезек төре», «Сүйінбай мен Қатаған». Сүйінбай – қазақ поэзиясын мазмұны, түрі, тақырыбы жағынан байытуда өзіндік орны бар ақын. Ол – халық мұңын мұңдап, үстем тап өкілдерінің әділетсіздігін бетіне басып әшкерелеп отырған батыл да әділ сыншы.
Сүйінбай – айтыстың асқан шебері және қазақ пен қырғыз елдеріне өткір тілі, озық ойымен кеңінен танылған ақын.
Әдебиет теориясы: Айтыс туралы ұғымды кеңейту.
Шортанбай Қанайұлы
«Зар заман», «Опасыз жалған», «Бала зары», «Жыр толғаулар» (1 сағат)
Түркістан қаласы маңында дүниеге келген суырып салма ақынның шығармаларында ХІХ ғасырдың орта тұсындағы патша үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатынан туындаған әлеуметтік өмірдің шынайы суреттелуі.
Шортанбай еңбекші бұқараның азапты ауыр тұрмысын, шынжыр балақ, шұбар төстердің әділетсіздігі мен зұлымдығын әшкерелеген ақынның бірі. Ақынның өткен игі жақсылардың іс-әрекетін аңсап, тәлім-тәрбие мәселесін ескі салт-жоба, шариғат тұрғысынан қарастыруы. Шортанбайдың айтыс ақыны ретінде көрінуі.
Әдебиет теориясы: Жыршы ақындар поэзиясы.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті.
Сыныптан тыс оқуға: Шығармаларынан оқушының қалауымен.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
«Толғау», «Үш жігіт», «Аңқау мен қу», «Жылдың төрт мезгілі» (1 сағат)
Ақын шығармаларынан көрінетін терең ойшылдықпен өткір сықақшылдық. Майлықожаның адам мінезіндегі кемшіліктерді, еңбекке, елге деген сүйіспеншілікті жырлауы. Оның шығыс ақындарына еліктеу.
Сыныптан тыс оқуға: «Жақсы болса жұбайың»
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет
Жалпы шолу (2 сағат)
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің демократтық, ағартушылық бағытының ұлттық әдебиетінің болашақ даму жолын бағыттаған тың беталыс екендігі.
Ыбырай мен Абай негізін салған қазақтың демократтық жаңа әдебиеттің тууы. Ағартушы идеяның алдыңғы орынға шығуы.
Қазақ әдебиетінде ақындықтың, жазушылықтың жаңа үлгісінің пайда болуы. ХІХ ғасыр поэзиясы – өз дәуірінің шындық жайларын жинақтап қамтыған көркемдік шежіре.
Әдебиеттің реалистік сипаты.
Романтикалық үлгідегі шығармалардың пайда болуы («Медғат – Қасым», «Дағыстан»).
Шоқан Уалиханов
«Ыстықкөл күнделігі», «Жоңғар очерктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері» (2 сағат)
Шоқанның өмірі мен шығармашылығы, Шоқан – қазақ халқының тұңғыш талантты ғалымы, әдебиет зерттеушісі. Шоқан – қазақ, қырғыз ауыз әдебиетін жинап зерттеуші.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғам өміріндегі маңызы.
Пәнаралық байланыс: Тарих: ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы.
Қазақстан мәдениеті. Театр. С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов» пьесасы.
Сыныптан тыс оқуға: «Алтышахар немесе Қашқария туралы»
Ыбырай Алтынсарин
«Жаз», «Өзен», «Залым төреге», «Азған елдің хандары», «Азған елдің билері», «Атымтай Жомарт», «Мейірімді бала», «Қазақ хрестоматиясы» (3 сағат)
Ыбырайдың өмірі мен ағартушылық қызметі. Оның жазушылық өмірінің ағартушылық идеясына өзектестігі, демократиялық-ағартушылық көзқарасының қалыптасуы.
Ыбырай – қазақ балалар жазба әдебиетін дамытушы.
Өлеңдерінде әлеуметтік теңсіздіктің, ел әкімдерінің сыналуы.
Табиғат лирикасы. Ы.Алтынсарин – шағын әңгіме шебері.
Әдебиет теориясы: әңгіме туралы түсінікті дамыту.
Мұрат Мөңкеұлы
«Үш қиян», «Шәлгез», «Қазтуған», «Қарасай – Қази» (1 сағат)
ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген көрнекі ақындардың бірі Мұрат Мөңкеұлының өлеңдеріндегі замана жайының суреттелуі. Мұрат шығармаларында кездескен қателіктер мен қайшылықтарға байланысты дарынды ақынның шығармаларының бағаланбай келгендігі жөнінде.
Мұрат – айтыстың шебері және үлкен эпик ақын.
Қашаған Күржіманұлы
«Атамекен», «Есқали сұпыға айтқаны», «Байларға», «Қонақ кәде», «Оразалыға», «Осы күні жолдас болдым сексенменен» өлеңдері. Дастандары: «Атамекен», «Адай тегі» (1 сағат)
Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы.
Қашаған өлеңдеріндеі басты тақырыптың бірі – бұқара өкілдерінің адамгершілігімен жырлау.
Дастандарында халықтың көне тарихымен шежіресін толғауы.
Пәнаралық байланыс. Тарих ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы әлеуметтік жағдай.
Сыныптан тыс оқуға: «Ізім», «Бота» өлеңдері.
Әдебиет теориясы: Толғау туралы ұғымды жалғастыру.
Абай Құнанбаев (10 сағат)
«Жаз», «Күз», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Мәз болады болысың», «Сегіз аяқ», «Ескендір» (дастан) (5 сағат)
Абайдың өмірі, шығармашылық жолы. Ұлы ақын өлеңдерінің құдіреті туралы, Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары. Ақынның тіл байлығы.
Қара сөздері:бесінші сөз, жетінші сөз, он бірінші сөз, он бесінші сөз, он сегізінші сөз, жиырма бесінші сөз, отыз бірінші өз.
Абай қара сөздерінің көтерген мәселелері, даналық ойлары, насихаттары, пікір жағынан өлеңдерімен тығыз байланысы, өзіндік ерекшелігі.
«Ескендір» дастаны. Дастанның тақырыбы, идеялық-көркемдік маңызы.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің халықтығы туралы. Лирика ұғымы.
Пәнаралық байланыс: Музыка. «Абай» операсынан фрагменттер. Бейнелеу өнері. Ә.Қастеев «Жас Абай».
Тарих. ХІХ ғасырдағы Қазақстан.
Орыс әдебиеті. А.С.Пушкин шығармалары.
Шәкәрім Құдайбердіұлы
«Жастарға», «Дүние мен өмір», «Бір Аллаға сыйынған арам өлмес», «Ақындарға», «Кәрілік туралы», «Еңлік – Кебек» дастаны (5 сағат)
Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылық жолы. Түрік, араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгеруі, дүние жүзі мәдениетімен таныс болуы. Шәкәрімнің өнер – білім, адамгершілік, болашақ, махабат туралы лирикалық өлеңдері.
Шәкәрім – Абай шәкірті, ұлы ақынның орыс, шығыс поэзиясындағы оған әсері. Ақын шығармасындағы азаматтық әуен. Әлеуметтік өмірдегі кесапат кесірді, кертартпалықты әшкерелеуі, әділдікті, ақиқатты бейбіт тіршілікті жырына арқау етуі. Шынайы адал махаббатты жырлауы. Ақын лирикасындағы нәзік те терең психологизм.
«Еңлік-Кебек» дастаны. Дастанда ақынның демократиялық-гуманистік көзқарасының көрінуі, кейіпкерлер бейнесін даралап берудегі шеберлігі поэма оқиғасының терең драматизмге құрылуы.
Әдебиет теориясы: Дастан туралы ұғым.
Пәнаралық байланыс: Театр. «Еңлік-Кебек» пьесасы.
Шәңгерей Бөкеев
«Бұл дүние пәнилығын етеді екен», «Қайран жерім», «Ғылым», «Қосаяқ», «Құйрық атып күлия», «Қашқын» поэмасы. (2 сағат)
Шәңгерейдің өмірі мен шығармашылық жолы. Оның өз өмірінің әр қилы кезеңдерін бейнелей отырып, замана тынысын, тіршілігін шебер бейнелеп көрсетуі туралы. Ақынның табиғат құбылыстарын көркемдеп сурететуі. Шәңгерейдің аудармашылығы.
Әдебиет теориясы: Кейіптеу ұғымын тереңдету. Аударма шығармалар ұғымы.
Сыныптан тыс оқуға: Шәңгерейдің достық, махаббат жайлы өлеңдері оқушы таңдауына ұсынылады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
«Хал-ахуал», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Сарыарқа кімдікі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашасыз».
Дастандары: «Гүлшат – Шеризат» (2 сағат)
Мәшһүр Жүсіп шығармаларында орын алған білім, жер мәселесі, сөз бостандығы. Халық бостандығы мәселелері.
Мәшһүр Жүсіптің халық ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерін – дастандар мен хикаялары, тарихи жырларды («Көрұғлы», «Ер Көкше», «Сайын батыр» т.б.) жинап, Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұрасын хатқа түсіріп қалдыруы.
Мәшһүр поэмалары – ертегі, аңыз негізінде жазылған сюжетті, әңгімелі шығармалар.
Әдебиет теориясы: дастан туралы.
Сыныптан тыс оқуға: Айтыстары.
Нарманбет Орманбетұлы
«Көпті көрген көнемен», «Шал қайғысы», «Замана», «Сарыарқа сайран жерім-ай», «Ғылым туралы» (1 сағат)
Өмірі мен шығармашылығы, отарлық езгі, өктемдікке қарсы үн көтерген, ұлттық болмыс, ұлттық тәуелсіздікке үндеген ақын.
Нарманбет өлеңдерінен ұлы Абай рухының айқын аңғарылуы.
Нарманбет мұрасының көп уақыт жабық жатуы.
Сарыарқа – ақын жырларының өзекті пафосы.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғамдық мәні.
Жамбыл Жабаев.
Ақындар шығармашылығына шолу (3 сағат)
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениетіндегі әнші-ақындар шоғыры. Ақындық, әншілік, композиторлық – әрқайсысы жеке-жеке өнер.
Жаяу Мұса Байжанов, Мұхит Мералыұлы, Ақан Қорамсаұлы, Үкілі – Ыбырай Сандыбайұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Әсет Найманбайұлы, Мәди Бапиұлы, Иман Жүсіп, Естай Беркімбайұлы, Сегізсері (Мұхамедханапия) Баһрам Шақшақов, Біржан Қожағұловтар тума талант, табиғи дарын иелері.
Поэзия, музыка тарихында, әншілік-өнер саласында мол мұра қалдырған өнер қайраткерлері.
Біржан сал Қожағұлұлы
«Жамбас сипар», «Ләйлім шырақ», «Ақтентек», «Сырғақты», «Жанбота», «Көкек» әндері. «Біржан – Сара» айтысы (3 сағат)
Үш жүздің ардақты әншісі Біржан – әнді шығарушы, әрі орындаушылығымен қатар әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын.
Біржан – сол заманның бай, болыс-билеріне бас имеген ақын. Біржан әндерінің белгілі бір жағдайға, тақырыпқа байланысты туатындығы.
Пәнаралық байланыс: Театр «Біржан – Сара» операсы.
Ақан Қорамсаұлы
«Жайықтың ақ түлкісі», «Ақ көйлек», «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман», «Құлагер», «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» (3 сағат)
Ақан – қазақтың әнші – ақындар тобының көрнекті өкілі. Ақанның өмірінен мәлімет. Ақан – ақын, әнші, сазгер. Ақанның әлеуметтік өмірге тереңдеуі, заман жайлы толғаулары, жастарды өнерге үндеуі.
«Құлагер» ақын трагедиясы. Ақынның өзіндік сөз саптауы.
Әдебиет теориясы: Махаббат лирикасы туралы ұғымды кеңейту.
Пәнаралық байланыс: тарих: ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның мәдениеті.
Театр. Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері – Ақтоқты» Әдебиет С.Жүнісов «Ақан сері» романы.
Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасы.
Сыныптан тыс оқуға: «Қарлығаш», «Ғайни».
Әсет Найманбайұлы
«Қор болмас зерек адам ақылы бар», «Үлкен Ардақ», «Кешубай», «Перизат», «Арғынмын, атым Әсет – арындаған». Дастандары: «Салиха – Сәлмен» (2 сағат)
Әсет – ойға жүйрік, көркем сөзге шебер, тілге бай ақын. Өз тұстастарымен ұқсастығы, айырмашылығы, әкелген жаңалықтары әдеби дамуға ықпалы бар қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге көзқарасы, халықтың ой-сезімін, санасын, тұрмысын бейнелеуінде көрген ақын-әншінің әдебиет тарихындағы орны.
Пәнаралық байланыс: А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары»
Сыныптан тыс оқуға: «Адамның жасы жөнінде», «Тоты»
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің тегі мен түрлері
Көркем шығарма. Шығарманың тақырыбы. Идеясы, сюжеті, композициясы, көркем бейнелері. Шығарманың тілі, суреткердің стилі. Аударма әдебиеті ерекшеліктері (2 сағат)
Әдебиет танытушылар (2 сағат)
Әдебиеттанудың сөз өнерін, тарихи – әдеби үрдісті, әдебиет дамуының заңдылықтарын, көркем шығармаларды, жазушылардың шығармашылық ғұмырнамасын зерттейтін ғылым екендігі.
Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық алатын орнын анықтайтын әдбиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сынның әдебиет тарихы және теориясымен байланысы.
10-сынып бағдарламасына енген ақын-жазушылар жайлы сын-зерттеулер:
М.Базарбаев, Ә.Дербісалин. «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары».
М.Қаратаев. «Эпостан эпопеяға». Алматы, 1969
М.Базарбаев. «Әдебиет және дәуір». Алматы, 1966
Б.Кенжебаев. «ХІХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті». Алматы, 1976
М.Әуезов. «Әр жылдар ойлары». Алматы, 1959
Т.әбдірахманов. «Ағартушы ақындар жайында».
С.Мұқанов. «Жарқын жұлдыздар». Алматы, 1964.
Ә.Дербісалин. «Ы.Алтынсарин жазушылық қызметі туралы». Алматы, 1971
С.Қирабаев. «Өнер өрісі». Алматы, 1995
10. З.Ахметов. « Абайдың ақындық әлемі» Алматы, 1995
11. М.Мырзахметов. « Абай жүрген ізбен» Алматы, 1995
12. А. Нұрқатов. « Абайдың ақындық дәстүрі».
13. Ш. Сәтбаева. « Шәкәрім Құдайбердиев» . Алматы 1990
14. Р. Сыздықова .« Абайдың сөз өрнегі». Алматы, 1992
15. Бес ғасыр жырлайды. ІІ том. Алматы, 1989.
16. Қ. Жұмалиев. « ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті». Алматы, 1967. ІІ бөлім.
17. Б.Әбдіғазиев. « Асыл арна». Алматы, 1992
18. С.Мақпыұлы. « Қазына». Алматы, 2004
19. Қ.Раев « Өсиетнаме». Сын-зерттеулер. ІІ кітап. Дулат тағылымы. Алматы: Раритет, 2003
Шығармаларды оқып, талдауға – 58 сағат
Шығармашылық жұмыстар – 6 сағат
Сыныптан тыс оқылған шығармалар жайлы әңгіме – 4 сағат
11-СЫНЫП
ХХ ғасырдың бас кезінде әдебиет.
Жалпы шолу. ( 1 сағат)
ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның тарихи – әлеуметтік жағдайы
1905-1907ж. Буржуазиялық-демократиялық революцияның, бірінші империялистік соғыстың және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ел өміріне әсері, әдебиет, мәдениет дамуына ықпалды. Әдеби бағыттар жайлы.
Ахмет Байтұрсынов
«Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш» ( 3 сағат)
Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихындағы ірі тұлға, аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы. «Маса»
Жинағындағы өлендердің енжарлыққа қарсы курес ашуға шақырған
Ұран ретіндегі сипаты, ақынның ағартушылық ойлары. Халықтың ой-санасың оятудағы мәні
Аудармалары. «Қырық мысал» .
«Әдебиет танытқыш» - тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы ірі еңбек.
Спандияр Көбеев
«Қалың мал» романы ( 2 сағат)
Спандияр Көбеев қазақ халқының ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысы ішіндегі бүкіл әлеуметтік өмірін көзімен көрген ағартушы, оқытушы, ақын, аудармашы.
Әдебиет теориясы: Роман туралы ұғым.
Қосымша оқуға: « Орындалған арман»
Міржақып Дулатұлы
Өлеңдері: «Шәкірт», «Таза бұлақ», «Оян қазақ», «Бақытсыз Жамал» ромманы ( 3 сағат)
Өмірінен мәлімет. « Оян қазақ» жинағындағы өлеңдерде М.Дулатұлы уағыздаған азаттық идеялардың ағартушылық, адамгершілік бағыты.
«Бақытсыз Жамал» романы - қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның бірі. Романда суреттелген әлеуметтік теңсіздік, қазақ әйелдерінің аянышты тағдыры. Жамал бейнесінің релистік сипаты, автордың адм психологиясын беру, композиция құрі шеберлігі .
Әдебиет теориясы: Көркем әдебиет туралы.
Жүсіпбек Аймауытов
«Ақбілек» романы, «Шернияз пьесасы» (3 сағат)
Өмір жолы, шығармашылық мұрасы, қағамдық-әлеуметтік қызметі. Жүсіпбек Аймауытов – дарынды жазушы, драматург, аудармашы, серкесөз шебері, психология және педагогика ғылымдары саласында да осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған іргелі еңбектер қалдырған ірі ғалым, оқулықтар авторы.
«Ақбілік» романы. Романның негізгі тақырыбы – аласапыран жылдардағы қазақ ауылының өмір шындығы. Адамдар тағдырындағы өзгерістерді берудегі жазушының суреткерлік қарымының кеңдігі. Бас кейіпкер Ақбілек күйзелісінің әлеуметтік ұлттық психилогиялық негізі. Романдағы басқа да кейіпкерлер. Жазушының табиғат суреттеуіндегі шеберлік.
Пьесаларына жалпы шолу. «Шернияз» пьесасы. Пьесаның тақырыбы – қазақ жастарының қоғам өміріне араласуы.
Әдебиет теориясы: Роман туралы ұғымды кеңейту.
Қосымша оқуға: «Қартқожа» романы.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
«Туған еліме», «Тұрмысқа», «Таныстыру», «Қамар сұлу» романы.
(3 сағат).
Сұлтанмахмұттың өмірі мен ақындық жолы.
Лирикасы. Ақын поэзиясындағы азаматтық сарын, еліне деген сүйіспеншілік, әлеуметтік қайшылықтарды суреттеу. Сұлтанмахмұт өлеңдеріндегі оқу-білім тақырыбы.
«Қамар сұлу» романы. Романдағы әлеуметтік, адамгершілік проблемалары. Ахмет пен Қамар. Сатиралық бейнелер. Романның әдеби-тарихи маңызы.
Әдебиет теориясы: Сыншыл реолизм. Лирикалық кейіпкерлер.
Мағжан Жұмабаев
«Туған жерім Сасықкөл», «Туған жер», «Сен сұлу», «Күміс нұрлы ай», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Сағындым», «Шолпы», «Сырдағы Алашқа» (өлеңдер мұғалімінің не оқушының таңтауында). Поэмалары: «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы». (3 сағат).
Өмірі мен шығармашылық жолы. Мағжан өлеңдеріндегі халықтық рух, азаматтық әуен, ағартушылық-демократиялық сарын. Мағжанның табиғат, махаббат лирикасы. Мағжан лирикасындағы ақынның өз бейнесі.
Әдебиет теорясы: Лирика туралы.
Сәбит Дөнентаев
«Заман кімдікі?», «Бозторғай», «Балалық», «Ой», «Тарих тоңы», «Портфель», «Бір адвокат мінезімен». Прозасы. Фельетондары. (1 сағат).
С.Дөненбаевтың өмірі мен жазушылық қызметін мәліметін (өткен сыныпта оқылған шығармашылығына сүйеніп).
С.Дөнентаев сюжеттік шағын өлеңнің сатираның шебері, журналист.
Әдебиет теориясы: аллегория, сатира туралы ұғымдарды кеңейту.
1916 жылғы көтеріліс туралы өлең-жыр үлгілері. Шолу (1 сағат).
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған әдебиет. Оның әдебиеттік демократтық дәстүрлермен байланысы. Омар Шипин. «Аманкеді батыр» дастаны, Иса Дәукебаев. «Бекболат поэмасы», Б. Берденов. «1916 жыл», Жамбыл Жабаев. «Зілді бұйрық».
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің халықтығы туралы.
1930-1960 жылдардағы әдебиет
Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу. (2сағат)
Еліміздің тарихындағы ірі оқиғалар суреті. Әдеби –мәдени дамулар. Өндіріс тақырыбы. Қазақ әдебиеті Ұлы Отан соғысы жылдарында.
Сәкен Сейфуллин
«Жайлауға көшу», «Сыр сандық», «Көкшетау» поэмасы. (3 сағат)
Өмір жолы, шығармашылығы, жеке тұлғасы (шығармасына сүйене отырып). Өлеңдерінің реалисттік сипаты, демократиялық-ағартушылық бағытта,тақырыптық байлығы, суреткерлік шеберлігі. Ақын және төңкерілісі.
«Көкшетау» поэмасының компазитциялық құрылымы. Ертегі, аңыздарда негізделген оқиға тұстары. Тұтқын қыз, Адақ образдары. Поэмадағы Абылайхан. Табиғатты суреттеу. Сұлу мүсіндік бейнелер.
Сәкен- қазақ мәдениеті мен тарихында қайталанбас өзіндік орны бар, азамат, күрескер ақын, бұрмаланған идеологиға негізделген тоторитарлық қоғам құрбаны.
Қосымша оқуға: "Тар жол тайғақ кешу".
Бейімбет Майлин
«Азат әйел», «Көңіл айту» өлеңдері. «Майдан» пьесасы (2 сағат).
Өмірінен мәлімет. Майлин шығармашылығының басты тақырыбы-қарапайым еңбек адамы, қазақтың қалың бұқарасының қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі жаңалықтарға байланысты сана-сезімдегі өзгерістері, рухани ояну, өсуі. Майлин- шағын әңгіме жанрының майталманы.
Роман, хикаяттарына жалпы шолу. Майлин-драматург.
Әдебиет теориясы: Оқиғалар мен кейіпкерлер, көркемдеуші құралдар.
Қосымша оқуға: Әңгімелері (мұғалімнің ұсынуы бойынша).
Ілиас Жансүгіров
«Ағынды менің Ақсуым», «Гималай», т.б. Поэмалары: «Құлагер», «Күйші» (3 сағат).
Өмірі мен әдеби еңбектері. Ілияс лирикасының негізгі тақырыптары:
«Құлагер» поэмасының көркемдік шеберлігі, тілі, әдеби тарихи мәні. Поэмадағы Көкшетау көріністер. «Күйші» поэмасы. Поэмының композициялық құрылымы. Поэмадағы өнер. Халық күйлерінің әлеуметтік сипаты, рухани қуаты.
«Құлагер», «Күйші» дастандары – өнер иесі туралы жазылған шығармалар.
Әдебиет теориясы: Кейіпкер, психологизм .
Жамбыл Жабаев
Айтыстары мен дастандары. ( 2 сағат)
Жамбылдың өмір жолы, айтыс ақыны ретінде танылуы.
Жамбыл айтыстарында сол кездегі қоғамдағы көкейтесті әлеуметтік мәселелерді көтеруі. Жамбылдың айтыстағы ақындық шеберлігі Жамбыл - ірі эпик ақын
Сұрашы, Өтеген батырлардың өмірде болған тарихи тұлғалар екендігі, Жамбыл ақын Сұраншы батырдың ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығын құлатудағы ерлігін айтады. Өтеген батырдың Жоңғар шапқыншылығында көрсеткен ерлігін шынайы суреттеуі.
Әдебиет теориясы: Ауыз әдебиеті, батырлық дастандар туралы.
Қосымша оқуға: Отты жылдар өлеңдерінен таңдау бойынша.
Мұхтар Әуезов
«Абай жолы» эпопеясы. «Еңлік-Кебек», «Түнгі сарын» ( 8 сағат)
Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі. Проза және драматургия жанрларын өркендетуге қосқан үлесі.
М. Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны. Жазушының әңгімелері. («Қорғансыздың күні», «Қыр суреттері», «Көесерек», т.б). Әңгімелеріндегі қорғансыздар рухының биіктігі, адам мен табиғат қатынасындағы ізгілік идеясы.
«Еңлік-Кебек» пьесасы. Шығармадағы негізігі проблематика.
Пьесадағы драмалық конфликт және характер. Монолог пен диолог.
«Абай жолы» эпопеясы. Әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген шығарма. Романдағы Абайдың азаматтық, ақындық өмірі. Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың заман шындығына қатынасы. Абай бейнесіеің даму заңдылығы. Романның композициясы. Сюжет пен характер. Кейіпкер тілінің даралануы. Шешендік сөз үлгісі. Табиғаттың көркем бейнесі. Романның әдеби-тарихи маңызы.
Әдебиет теориясы: Роман-эпопея туралы ұғым. Пейзаж
Қосымша оқуға: « Абай», « Қаракөз» пьесалары.
Сәбит Мұқанов
«Сұлушаша», «Ботагөз» романдары. (4 сағат)
С. Мұқановтың өмірбаяны, шығармашылық мектебі. (Ақын, жазушы, әдебиет зерттеуші).
«Сұлушаш» - өлеңмен жазылған роман, ақынның шоқтығы биік шығармасы екендігі. Романның кейіпкері, оған жазушы көзқарасы.
Романның көркемдік, композициялық ерекшеліктері, кейіпкерлерді даярлау, психологиялық суреттеу шеберлігі, тіл көркемдігі ауыз әдебиеті дәстүрмен байланысты т.б.
«Ботагөз» - тарихи , әлеуметтік роман. Қазақ ауылындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен одан кеңгі тарихи оқиғалардың бейнеленуі.
Әдебиет теориясы: Тарихи роман.
Қосымша оқуға: «Өмір мектебі»
Ғабит Мүсірепов
«Қазақ солдаты», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» трагедиясы. (3 сағат)
Ғ Мүсірепов – көркемсөз зергері. Ана туралы әңгімелеріне шолу. «Қазақ солдаты» - Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігін көркем суреттеген патриоттық шығарма.
Жазушының адам портретін жасау шеберлігі, тіл көркемдігі, стилі.
Оның бойындағы халқымыздың адамгершілік, парасаттылық азаматтық, батырлық, елдік, ерлік болмысының жарқын көріністері. Жазушы гуманизмі.
Әдебиет теориясы: Реалистік образ. Әдебиеттегі романтика, символ.
Қосымша оқуға: «Оянған өлке» романы.
Ғабидин Мұстафин
«Шығынық», «Қарағанды» романдары. ( 2 сағат).
Ғ Мұстафиннің жазушылық қызметі туралы. Тарихи тақырыптағы және өндіріс тақырыбындағы шығармалары туралы әдеби-эстетикалық талдау.
Әдебиет теориясы: Романның композициясы. Афоризмдер.
Қасым Аманжолов
«Ұлы Отан соғысы туралы жыр», «Байқал», «Орал», «Ақын өлімі туралы аңыз», «Елге хат», «Арнау» өлеңдері. ( 2 сағат).
Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы. Поэзиясындағы достық пен пен махаббат, елдік пен ерлік, ой мен сезім.
Әдебиет теориясы: Поэма туралы ұғымды тереңдету.
Пәнаралық байланыс: Тарих. Ұлы Отан соғысы
Қосымша оқуға: «Бикеш» , «Құпия қыз»
Әбілдә Тәжібаев
«Портреттер» толғау-эссесі, « Монологтар» (1 сағат)
Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Жазушының қазақ әдебиетінің поэзия мен драматургия саласында қатар еңбек етуі .
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің жанры мен стилі.
1960 жылдардан осы кезге дейінгі әдебиетке жалпы шолу (2 сағат).
Ізденістер, проза. Көкжиектің кеңуі. Ерлік пен достықтың шежіресі. Замана бейнесі. Жетекші жанр жемісі. Абай дәстүрімен. Драма. Сын жанры. Гүлдену дәуірі.
Хамза Есемжанов
«Ақ Жайық» романы (2 сағат) .
Өмірбаяны мен шығармашылығы. «Ақ Жайық» романы – адам мен қоғам өміріндегі аласапыранды кезеңнің жанды суреттелген шежіресі.
Ілияс Есенберлин
«Көшпенділер» триологиясы (3 сағат).
Жазушы шығармашылығы жөнінде мәлімет. Ілияс Есенберлин шығармашылығындағы тарихи тағылым.
Әдебиет теориясы: Тарихи роман.
Пәнаралық байланыс: Тарих. Көшпенділер туралы.
Қосымша оқуға: «Алтын Орда», «Қатерлі өткел» романдары.
Жұбан Молдағалиев
«Мен –қазақпын» дастаны, «Қыран дала» (1сағат).
Ақынның шығармашылық өмірі. Поэмадағы халық тарихы, халық болмысы, халық тіршілігі, халқын сүйген ақындық сезім.
Әдебиет теориясы. Поэма жанрын тереңдету.
Сырбай Мәуленов
«Боранда», «Қош бол, сәулем», «Түбірлер», «Жастығым сені жоғалттым», «Ақ түн» т.б. өлеңдері (1 сағат) .
Өмірі мен шығармашылық жолы. Сырбай өлеңдеріндегі сыршыл сезім.
Әдебиет теориясы: Лирика туралы
Тахауи Ахтанов
«Шырағың сөнбесін», «Боран» романдары. (2 сағат)
Жазушының өмірі, шығармашылығы жайында. Романдағы өмір сүйгіштік рух. Кейіпкерлердің психологиялық жай-күйі. Жазушының тілі.
Әдебиет теориясы: Тақырып пен идея.
Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Қан мен тер» триологиясы (2 сағат).
Өмірі мен шығармашылығы. Типтік бейне. Балықшылар өмірі. Ақбала, Еламан, Тәңірберген бейнелерін сомдауы жайында. Романдағы күлкі.
Әдебиет теориясы: Сарказм, ирония.
Қосымша оқуға : «Соңғы парыз».
Пәнаралық байланыс. География. Арал теңізі, оның экологиясы.
Мұқағали Мақатаев
«Чили, шуағым менің», «Ару ана» поэмасы (2 сағат).
Өмірі. Қазақ поэзиясындағы Мұқағали орны. Елсүйгіштік рухы. Махаббатты жырлаудағы ақынның өзіндік ерекшелігі, ақынның Бауыржанға, Фаризаға арналған өлеңдеріндегі көңіл-күйі, толғанысы.
Әдебиет теориясы: Поэзия туралы.
Қосымша оқуға: «Төлегенге», «Сергей Есенинге», «Пушкинмен қоштасу».
Шерхан Мұртаза
«Қара маржан», «Қызыл жебе» романдары (2 сағат).
Өмірі мен шығармашылығы. Жазушы шығармаларындағы тақырып тереңдіні. Драмалық шығармалары мен аудармалары жөнінде мәлімет.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттегі тарихи тұлғалар.
Қосымша оқуға : Пьесалары. «Ай мен Айша» повесі.
Сәкен Жүнісов
«Ақан сері» романы (2 сағат).
Жазушының суреткерлік шеберлігі. Атқұмар халық психологиясы. Ақан мен Құлагер. Романдағы тарихи шындық. Жазушының қазақ елінің қарым-қатынасын, әлеуметтік құрылысы мен тұрмысын бейнелеуі.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің халықтығы туралы.
Қосымша оқуға: Драмалық шығармалары.
Қадыр Мырза-әлі
«Домбыра» (1 сағат).
Қазақ поэзиясындағы философиялық лириканың аса ірі өкілі екендігі. Табиғатты қорғауға ақынның өзіндік үн қосуы. Өлеңнің тәрбиелік мәнінің қуаттылығы.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттің қоғамдық мәні.
Қосымша оқуға: «Дала дидары», «Бұлбұл бағы»
Тұманбай Молдағалиев
«Шақырады көктем», «Құстар қайтыа барады», «Өмір, қымбаттым менің» т.б. өлеңдері (1 сағат).
Ақынның шығармашылыығы жайында. Лирикалық шығармаларындағы нәзік сезім, асқақ арман, кіршіксіз сезім мен ынтық жүрек жылуы.
Әдебиет теориясы: Өлең, өлең құрылысы туралы ұғымдарды тереңдету.
Пәнаралық байланыс: Тіл. Сын есімдер.
Қосымша оқуға: Махаббат оты сөнбейді.
Қабдеш Жұмаділов
«Дарабоз» (2 сағат)
Жазышының шығармашылық жолы туралы. Романның тарихи тақырыпта жазылғандығы. Жазушының тіл шеберлігі. Кейіпкер, портрет, пейзаж.
Пән аралық байланыс: Тарих. XYII ғасырдағы Қазақстан. Қабанбай батыр жайында.
Қосымша оқуға: «Соңғы көш».
Әбіш Кекілбаев
«Аңыздың ақыры», «Бір шөкім бұлт» (2 сағат).
Өмірі мен шығармашылығы жайлы мәлімет. Жазушының көркемдік әлеміндегі өзіндік орны мен адам сезіміне терең бойлай алудағы суреткерлік шеберлігі.
Қосымсша оқуға: «Шыңырау» романы.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттегі психологизм.
Мұхтар Мағауин
«Тазының өлімі» (2сағат).
Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы. Әдебиет тану ғылымы саласындағы зерттеулері. Көркем туындыларындағы тақырып тереңдігі.
«Тазының өлімі» романының экологиялық проблематика көтерген туынды екендігі. Романдағы кейіпкерлердің психологиясы
Әдебиет теориясы:Роман, эпикалық жанр туралы ойды жинақтау.
Қосымша оқуға : «Қобыз сарыны», «Алдаспан» ғылыми зерттеулері.
Мұхтар Шаханов
«Біздің жақта қыс ұзақ» (2 сағат).
Жазушы шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы. Драмалық шығармалары. Повестері.
Әдебиет теориясы: Әдебиеттегі миф. Драма туралы.
Пән аралық байланыс: Театр. «Кербұғы» (Балет-спектакль)
Әдеби жанрлар туралы
Драматургия жөнінде (2 сағат). (Қ.Мұхамеджанов, О.Бодықов, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, Н.Оразалин , Б.Мұқай, Қ.Шаңғытбаев).
Сатира (2 сағат). (А.Тоқмағамбетов, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Т.Қожакеев, С.Адамбеков, Ү.Уайдин, С.Кенжеахметов, К.Әмірбеков).
Фантастика және детектив. Балалар әдебиеті. Публицистика шеберлері (2 сағат).
Қ. Жұмалиев, Е.Ысмаилов, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Х.Сүйіншіәлиев, М.Базарбаев, А.Нұрқатов, Т.Нұртазин, Қ.Мұхаметханов, С.Қирабаев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, Ә.Нарымбетов, Ө.Күмісбаев, М.Дүйсенов, С.Әшімбаев, Ш.Елеукенов, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов, З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, С.Қасқабасов, Б.Кәрібаева, А.Сейдімбек, Қ.Ергөбек , Б.Майтанов, Т.Жұртбай т.б.
Шығарманы оқып, талдауға – 90 сағат.
Шығармашылық жұмысқа – 8 сағат.
Сыныптан тыс оқуға – 4 сағат.
ІІІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ, БІЛІК, ДАҒДЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
10 –сынып оқушылары:
әдеби көркем туындыларды ұлттық құндылық ретінде ұғына алады;
халық ауыз әдебиеті, көне дәуір, орта ғасыр, ХІХ-ХХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті үлгілерін әдебиеттің тектері мен жанрларына сәйкес талдай алады;
әдебиеттану терминдері сөздіктерін, энциклопедияларды пайдалана алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық- тақырыптық мәнін айқындай алады;
әдебиеттің өнер түрлерімен (бейнелеу, сәулет, саз, мүсін, театр, кино т.б.) байланысын түсіндіреді;
көркем шығармадағы негізгі ойды анықтай алады;
эпикалық, лирикалық және драмалық туындылардағы басты кейіпкер келбетін таниды;
көркем шығарманы эпизодтарға бөліп, ондағы көріктеу құралдарын тауып, талдайды;
әдеби туындыдағы басты проблематиканы анықтайды;
шығармадағы авторлық көзқарасты айқындай алады.
оқыған көркем туынды бойынша шығармашылық жазба жұмыстарын орындайды;
қосымша оқуға ұсынылатын шығармаларды өздігінен оқып талдайды;
көркем шығарма кейіпкерлеріне мінездеме береді;
көркем шығармаларды мәнерлеп, жатқа оқиды;
сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқиды;
шығарманы көркемдік тұтастықта талдаудың жолдарын, амал-тәсілдерін меңгереді;
көркем әдебиет туралы ғылыми сын мақалаларды талдауда өзіндік ой тұжырымын жасай алады;
берілген мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелі жеткізе алады
көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиетінің үлгілерімен салыстыра талдай біледі;
әдебиеттің өзге ғылымдармен (тіл, философия, тарих, қоғамтану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, жаратылыстану т.б.) сабақтастығын ұғынады;
шешен сөйлеу дағдыларын меңгеріп, өзіндік көзқарасын білдіре алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық, эстетикалық, тәрбиелік, танымдық мәнін айқындай алады;
көркем бейнелі сөздерді қолданып, жазба жұмыстарын (эссе, шағын шығарма жазу т.б.) орындай алады.
11 –сынып оқушылары:
қазақ әдебиетінің классикалық көркем туындыларын ұлттық құндылық, мәдени мұра, тарихи-көркем шежіре ретінде түсініп оқиды және оларға талдау жасай алады;
ХХ ғасыр және қазіргі заман әдебиеті үлгілерін әдебиеттің тектері мен жанрларына сәйкес талдай алады;
әдебиеттану терминдері сөздіктерін, энциклопедияларды пайдалана алады;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық- тақырыптық мәнін айқындай алады; әлем елдері әдебиетімен салыстырады;
көркем туындының кейіпкері жайлы қойылған жағдаяттық сұраққа жауап беруде әдеби тіл нормалары мен пікірталас мәдениеті талаптарын сақтай сөйлейді;
әдебиеттің өнер түрлерімен (бейнелеу, сәулет, саз, мүсін, театр, кино т.б.) байланысын түсінд鷪ре алады;
көркем шығармадағы негізгі ойды автордың көзқарасы мен замана шындығы тұрғысынан анықтай алады;
эпикалық, лирикалық және драмалық туындылардағы басты кейіпкер келбетін таниды, олардың іс-әрекеттерінің өмірдегі жағдаяттарға, қоғамдық ортаның әсеріне қатысты екендігін дәйектей алады;
көркемдегіш құралдарды әдеби талдауда орынды қолдана алады;
әдеби туындыдағы басты проблематиканы анықтайды;
шығармадағы авторлық көзқарасты айқындай алады;
қосымша оқуға ұсынылатын шығармаларды өздігінен оқиды, олардағы негізгі ойды ретіне қарай пайдаланады;
шығармашылық бағытта ізденіске түсіп, сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқиды;
шығарманы көркемдік тұтастықта талдаудың жолдарын, амал-тәсілдерін меңгереді;
көркем әдебиет туралы ғылыми сыни мақалаларды түсініп оқиды, оларды талдауда өзіндік ой тұжырымын жасай алады;
берілген мәтіндерді баяндалу тәсіліне қарай жүйелеп, толықтырулар енгізе алады;
ұлттық мұра ретінде танылған үздік шығармалардың тарихи сипатын, маңызын көркемдік шындық тұрғысынан суреттей алады;
әдебиеттің өзге ғылымдармен (тіл, философия, тарих, қоғамтану, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, жаратылыстану т.б.) сабақтастығын ұғынады;
әдеби білімдері негізінде ұтқыр да, шешен сөйлеу дағдыларын меңгеріп, көпшілік алдында өзіндік көзқарасын білдіреді;
көркем шығарманың негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық, эстетикалық, тәрбиелік, танымдық мәнін айқындай алады;
шығарма бойынша ой толғау, пікірнама, сыни мақала жаза біледі;
көркем-бейнелі сөздерді қолданып, жазба жұмыстарының күрделі түрлерін (эссе, шығарма, өлең құрастыру, сценарий жазу т.б.) орындайды.
IV «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ПӘНІН ОҚЫТУ
ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жалпы орта білім беру жүйесінде «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытуды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көрсетілген талаптар бойынша жүзеге асады. Негізгі орта деңгейді аяқтаған оқушыларға «Қазақ әдебиеті» оқу пәнін оқытуда білім алушылардың бейімділіктері, қабілеттері мен жеке дара қызығушылықтары барынша ескеріледі.
Әдебиетті оқытуда тек ең танымал деген туындылармен таныстыру ғана көзделіп, ХХ ғасыр және егемен ел әдебиеті туралы қысқаша түсінік беріледі. Сол себепті 10-11 сыныптарда әдебиеттiң теориялық мәселелерi, құрамдас бөлiктерi, әдеби ағымдар мен бағыттар, әдеби көркем шығармаларды тұтас талдау жүйесi, қазiргi әдебиеттегi заманауи мәселелер, әдеби оқырмандық мәдениет, сөз өнерi және шығармашылық даму, көркем шығарманың стильдiк ерекшелiктерi тұтастай емес, әр тақырыптың өзіндік ерекшелігіне қарай талданады.
10-сыныпқа арналған білім мазмұны ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қазақ елінің болашағын ағартушылық идеясымен байланыстыратын, саяси және рухани тәуелсіздік рухы біріктіретін ақын-жазушылар топтамасынан құрылды. Әдеби білімнің мазмұнының толығуына байланысты Дулат Бабатайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүйінбай Аронұлы т.б. әдебиет өкілдерінің мұралары дербес сипатта оқытылады.
Бұл сыныпта сонымен қатар ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің жарқын болашағын белгілеген, осы күшке тікелей қосылмаса да, оған тілектес болған халық мұңын шығармасына арқау еткен бір топ әнші – сазгер ақындар шығармашылығы да қамтылды.
Ал 11 сыныпта берілетін білім мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі уақытты қамтиды. Дәстүрлі мектептегі әдебиетіміздің білім мазмұнында 1960 жылдардан кейінгі ақын-жазушылар «соңғы дәуір «әдебиеті» деген айдармен шолу түрінде ғана беріліп келгені аян, ал ендігі жерде, яғни ХХІ ғасырда оларды соңғы дәуір әдебиеті деп емесе, қазақ әдебиетінің нағыз тарихы, құрамдас асыл құрылымы деп білу қажет болады, онсыз жас ұрпаққа қазақ әдебиетін толық таныту мүмкін емес. Осы орайда Х.Есенжолов, Қ.Аманжолов, Ж.Молдағалиев, Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, С.Жүнісов, Ш.Мұртаза, Т.Молдағалиев, С.Мауленов, Т.Ахтанов, М.Шаханов, Ө.Бөкей, Ә.Кекілбаев, т.б. шығармаларын арнайы қарастыруға мүмкіндік туып отырғандықтан. 11 сынып білім мазмұны ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі қазақ әдебиеті туралы толыққұнды түсінік бере алатын болды.
Бағдарлы сыныптарда тақырыптық жүйеге орай әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымынан түсініктер беріледі. Оқытудағы мұндай әрекеттер оқушылардың негізгі мектепте меңгерген әдебиеттiң тектерi, жанрлары, көркем шығарма, авторлық стиль, авторлық пафос, көркем бейне, туындының композициясы, тiлi, құрылысы сияқты теориялық ұғымдарды жүйеге келтiрiп, тереңдете түсуіне мүмкiндiк береді.
Сөйтіп, әдебиет көркем өнердiң бiр түрi ретiнде танымдық, тәрбиелiк, дамытушылық, гедонистикалық (оқушының көркемөнердi эстетикалық ләззаттану күйiн кеше қабылдауы) қызмет атқаратындықтан бұл бағдарламада көрсетiлген әдеби бiлiм мазмұны негiзгi деңгейде берiлген базалық бiлiмнiң табиғи жалғасы, бiртұтас құрамдас бөлiмi ретіндегі әдеби курс болып табылады. Түптеп келгенде, мектептің базалық деңгейінде әдебиеттi оқыту қазақ әдебиетiнiң бiртұтас жүйелi сипатын ашуға құрылып, білім алушылардың үйлесiмдi дамуына қызмет етеді.
Мектептегі әдебиетті оқыту көркем бейне арқылы көрінетін ақиқатты меңгертуді көздейді. Көркем ойдың адамгершілік, эстетикалық байлықтарын игеру оқырманнан дамыған көңіл-күй тебіренісі қабілетін, жаңғыртушылық және шығармашылық қиялды, көркем шығармаларды талдау және бағалаудың белгілі бір күрделі білік дағдыларының болуын, тілдік машықтарды, өнер тілінің шарттылық ерекшеліктерін білуін талап етеді. Бұның бәрі жинақталып келгенде, оқушылардың адам мен табиғат арасындағы, адам мен адам және адам мен қоғам арасындағы белсенді қатынасының, дүниетанымының, көркемдік талғамының қалыптасуына қызмет етеді. «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту көркем бейне жасаудағы жазушы шеберліктерін танытады және оқушылардың бойында туған жерге, елге, ұлттық тарих, ұлттық салт-дәстүрге, ана тіліне, егемен мемлекетіне, оның Заңдарына шексіз құрмет сезімін дарытады, әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі танып білуіне, сол арқылы өзгелерді де танып білуіне көмектеседі, өзіндік, отбасылық, қауымдастықтардағы, ұлттық, халықтық, адамзаттық құндылықтарды меңгеруіне ықпал етеді, түптеп келгенде, қазақстандық елжандылық сезіміне баулиды. Көркемөнер ретінде әдебиет өзінің оқырмандарына дүниенің сан алуын сырларын ашады. Әдеби шығармалардан ләззаттану, қанағат табу – оны жалпы түсінудің бірінші сатысы болады жа, ал әдеби шығармашылық заңдарын меңгерту – көркем бейне түрінде жүзеге асырылған автор ойына жетудің кепілі болып табылады. Сол себепті де әдебиетті оқытудың мәні сөз өнерінің адам сезіміне әсер ету құдіретінің сырларын танып білуде екендігіне бағдарламада баса көңіл бөлінді.
Бағдарламадағы әрбір тақырыпқа бөлінген сағаттарға мұғалім нақты жағдайларға байланысты тақырыпішілік, блогішілік өзгертулер жасай алады. Бағдарламада көрсетілген шолу тақырыптары мүмкіндігінше әдеби сапалық, жанрлық тұрғыдан және тарихи желінің әдебиет мазмұнынан толық көрінуі тұрғысынан ойластырылды.
Сонымен қатар 10-сыныпта әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымы туралы арнайы сағаттар бөлінді. Бұның өзі оқушылардың 5-9 сыныптарда меңгерген әдебиеттің тектері, жанрлары, көркем бейне, шығарма, авторлық тұрғы (стиль), авторлық пафос, көркем бейне, туындының композициясы, тілі, оның құрылысы сияқты теориялық ұғымдарын жүйеге келтіріп тереңдете түсуге мүмкіндік беріп, оқушыларды шығармамен монографиялық деңгейде рационалды және эмоционалды тануға дайынадйтын болады.
Пәнаралық байланыс әр тақырып сайын беріліп отырады.
10-11 сыныптар үшін ұсынылған әдеби шығармалар 5-9 сыныптардағы сияқты көркем мәтіндер, үзінділер емес, бұл сыныптардағы ақын-жазушылар шығармашылығы монографиялық тұрғыда оқытылатындықтан шығарманы мүмкіндігіне қарай тұтастай оқыту көзделген. Сол себепті жоғары сынып оқушылары әдебиет сыны, оқулыққа енген шығармалар жайлы пікірлерді де қоса оқыса дұрыс болар еді деген ниетпен белгілі сыншы-ғалымдардың еңбектерінің тізімі де ұсынылады. Сын жүйелі жазылған әдебиет тарихы емес. Сондықтан ол әдеби фактінің бәрін қамтып, оған баға беріп үлгере алмайды. Ол негізінен бүгінгі әдебиет дамуының басты бағытын, оның өмірмен байланысын, шындықты игеру жолын ашуға, осы жолдағы басты еңбектерді талдап көрсетуге, сол материалдар арқылы әдебиеттің метадологиялық, теориялық негіздерінің баюына үлес қосуға тиіс. Сын-мақалаларды әр ақын-жазушының шығармашылығын өткен соң беріп отыру оқулықтың үлесіне тиетін болады.
Қорыта айтқанда, бағдарлы деңгейде «Қазақ әдебиеті» пәнін қазіргі талаптарға сай оқыту әдістемелік жүйенің өзіндік ерекшеліктерінің бірі болып табылады.