скачать doc
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ХИМИЯ
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
10-11 сыныптар
қоғамдық-гуманитарлық бағыт
Аcтана 2010
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ
ХИМИЯ
оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін
мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы
10-11 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана 2010
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген
Бағдарлама авторлары: Нұрахметов Н.Н., Дүйсебек Ә.Т., Бекішев Қ.Б., Темірболатова Ә.Е., Жұмаділова Р.Н.
Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11 сыныптарына арналған «Химия» оқу бағдарламасы .– Астана, 2010. – 18 б.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім беру академиясы, 2010
І. Түсініктеме
“Химия” оқу пәні “Жаратылыстанудың” білім беру саласына жатады. Орта білім жүйесіндегі оның рөлі оқушыларға табиғат туралы, қоршаған орта туралы ғылыми білімдерін қалыптастыру, оларды ҚР қазіргі заманғы химиялық және металлургиялық өндірістердің ғылыми-практикалық және технологиялық даму заңдылықтарымен таныстыру қажеттілігінен туындаған, атап айтқанда оқу пәнінің көмегімен алдыңғы қатарлы және жоғары құзыретті Қазақстан Республикасының азаматын қалыптаструға мүмкіндік туғызу болып табылады.
Орта мектептің 10-11 сыныптарының базалық деңгейінде химия курсы қоршаған әлемнің химиялық ғылым негізіндегі жалпы сипаттамалары мен жалпы заңдылықтарын оқытады, ғылымның қолданбалы аспектілері - өмір мен оқу жағдайларында қызметтің құзыретті тәсілдерін қалыптастыру мен дамыту негізі ретінде қарастырылады.
Білімдік және құзыретті нәтижелерді қалыптастыру негізін дүниетанымдық
идеялар құрайды:
органикалық және бейорганикалық әлемнің бірлігі туралы;
химиялық құбылыстарды танып білу туралы;
табиғаттағы заттардың өзара байланысы, олардың құрамы, құрылысы, физикалық және химиялық қасиеттері туралы;
адам өмірінің барлық сферасында химиялық заттарды қолданудың олардың құрылысы мен қасиетіне сай болуы туралы.
Жоғары сатыда химия курсын оқу оқушыларды әлемнің бірыңғай ғылыми көрінісін (химиялық құрауышын қалыптастыру) қалыптастыруға үлесін қосып қана қоймайды, сонымен бірге түлектерді біліммен, дағдымен және адам өмірінде, материалдық өндірісте қажетті қызмет тәсілдерімен қаруландырады.
Қоршаған орта, органикалы және бейорганикалық заттар оқу пәнінің нысандары. Оқу пәнінің зерттеу аймағы: заттардың құрамы, құрылысы және қасиеттері, олардың химиялық өзгерістерінің заңдылықтары, химия технологиясы мен оның экологиялық аспектілері.
“Химия” пәнін оқытудың жалпы мақсаттары
Оқушылардың қоршаған әлемді құраушы химиялық білімдер туралы, осы салада қолданылатын тәсілдер мен әдістер туралы, ғылыми дүниетанымдық көзқарастар мен тұлғалық-мәнді қызметті жүзеге асыру құралының негізі ретінде білім жүйесін қалыптастыру;
Оқу пәнінің көмегімен жалпы орта білім берудің жоғары сатысының түлектерінің құзіретін дамыту;
Өз бетінше жұмыс жасау арқылы және қажеттіктерін қанағаттандыру мен өздерін көрсете білулеріне сәйкес оқушылардың танымдық және интеллектуальдық қабілеттерін дамыту.
“Химия” пәнін оқытудың міндеттері
Білім, түсінік және түсініктерді, заңдылықтарды, заңдарды, теорияларды, ұғымдарды және химия ғылымының әдістерінің қолданылу мүмкіндіктері мен түсініктері, білігі негізінде оқушылардың қоршаған әлем туралы жаратылыстану-ғылыми көзқарастарын қалыптастыру;
оқушылардың күнделікті өмірде және оқу процесі кезінде маңызды химиялық заттармен химиялық аспаптармен ұқыпты, қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру;
оқушыларды ғылым мен өндірістің негізгі бағыттарының дамуымен, экономикалық проблемаларды шешуде химияның техника мен технологиядағы рөлімен таныстыру;
әлемнің қазіргі заманғы ғылыми көрінісін ойлау мен қазіргі заманғы білімді, мәдениетті тұлғаға қажетті біліммен және қызмет тәсілімен қаруландыруда химияның маңызды үлес қосатынын түсіндіруді қамтамасыз ету;
оқушыларда химиядан өз бетінше білім алуды, сонымен қатар алынған білімді әртүрлі химиялық құбылыстарды, заттардың құрылысы мен қасиеттерін, қазіргі заманғы технологияларды практикада қолдануды түсіндіру үшін алынған білімдерді қолдана білуді қалыптастыру; жаратылыстану ғылыми және өзіндік білімді жалғастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
химияны оқу кезінде оқушылардың проблемаларды шешу тәсілдері мен, ақпараттық және коммуникативтік қызмет тәсілдерін білуді қамтамасыз ету;
оқушыларды пән көмегімен болашақ мамандығын дұрыс таңдай білуге дайындауға және жоғары кәсіби оқу орнында оқуын жалғастыру мүмкіндігіне көмектесу.
10-11 сыныптардағы Химия пәнін оқыту мазмұны мына дидактикалық ұстанымдарға сәйкес құрылған:
оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы;
оқу пәні мазмұнының сабақтастығы;
оқу процесі арқылы білім, білік, дағды қалыптастыру және оларды практикада қолдана алу біліктерімен үйлестіру;
білім беру мазмұнында Қазақстан экономикасының аймақтық ерекшеліктерінің көрініс табуы.
білім мазмұнында жаратылыстану ғылымдарының жаңа жетістіктерінің және қазіргі экологиялық проблемалардың ескерілуі;
оқу пәнінің мазмұны мен құрылымының тұлғаға бағдарлануы;
оқытудың мазмұндық және процессуалдық бірлігінің сақталуы, химиялық өндірістің тиімді технологиялары туралы біліктілік қалыптасытыруға бағытталуы;
Осындай дидактикалық ұстанымдарға сәйкес жоғары сыныптардағы химия пәнінің мазмұндық элементтерін таңдау мыналар арқылы жүзеге асырылады:
біріншіден, оқу бағдарламасында тұлғаның өзіндік әлеуетінің дамуына ықпал етуші танымдық-дамытушылық қызметінің қамтылуы;
екіншіден, оқушылардың табиғи процестер мен құбылыстарға зерттеу жүргізе алу дағдыларын қалыптастырушы танымдық-оқыту қызметінің қамтылуы;
үшіншіден, білім беру мен тәрбиенің бір-біріне үйлесімділігі және оқушылардың қоршаған ортаға экологтық-гуманистік қатынасын қалыптастыратын тәрбиелік қызметінің қамтылуы;
төртіншіден, қазіргі өзгермелі дүниеде тұлғаның өз бетінше білім алу мен өз-өзін жүзге асыру қабілеттерін қалыптастыруға жағдай жасайтын әлеуметтік-бейімділеу қызметінің қамтылуы.
Химия пәні бойынша оқу жүктемесі
Қоғамдық-гуманитарлық бағытта:
10 сыныпта – аптасына 1 сағат, жылына-34 сағат;
11 сыныпта – аптасына 1 сағат, жылына-34сағат;
II ХИМИЯ ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
10- сынып
(аптасына 1 сағаттан, барлығы 34 сағат)
1-Тақырып. Атом құрылысы iлiмi тұрғысынан қарағандағы периодтық заң мен химиялық элементтердiң периодтық жүйесi ( 4 сағат)
Химияның негiзгi ұғымдары: химиялық элемент, атомдар, молекулалар, салыстырмалы молекулалық масса және заттың молярлық массасы. Бейорганикалық қосылыстардың жіктелуі.
Химиялық элементтердiң алғашқы жіктелуі. Д.И.Менделеевтiң периодтық заң мен периодтық жүйенi ашуы. Химиялық элементтердiң периодтық жүйесiнiң құрылысы.
Атом құрылысының күрделiлiгiнiң анықталуы. Атом құрамы. Изотоптар. Атомдағы электрондардың күйлерi. Электрондардың энергетикалық деңгейлерге таралуы. I-IV период элементтерi атомдарының электрондық құрылысы. s-, р-, d- және f- элементтер туралы түсiнiк. Периодтық жүйенiң негiзгi сипаттамаларының физикалық мағынасы. Химиялық элементтер мен жай заттардың қасиеттерiнiң өзгеруi. Бейорганикалық қосылыстардың қасиеттерiнiң периодтар мен топтар бойынша өзгеруi.
Периодтық заң мен химиялық элементтердiң периодтық жүйесi туралы ғылыми білімдердің дамуы және олардың ғылымның дамуы мен ғылыми-жаратылыстық көзқарасты қалыптастырудағы маңызы.
Есептер мен жаттығулар.
Заттардың салыстырмалы молекулалық және молярлық массаларын есептеу;
Қосылыстың құрамындағы элементтiң массалық үлесi ұғымын пайдаланып есептеу;
Химиялық элемент атомының құрамын анықтау;
Электрондарды энергетикалық деңгейлер бойынша бөлу және атомдардың электрондық және графикалық формулаларын жазу;
Периодтық жүйедегi орны бойынша химиялық элементтер атомдарының валенттiк мүмкiндiктерiн, валенттiктерiн және тотығу дәрежелерiн анықтау.
Көрсетiлiмдер.
III-период элементтерi түзетiн жай заттардың үлгiлерi.
III-период элементтерi оксидтерiнiң үлгiлерi, олардың кейбiреуiн суда ерiтiп, ерiтiндiлерiн индикатормен тексеру.
2 -тақырып. Химиялық байланыс және зат құрылысы (3 сағат)
Коваленттiк байланыс. Иондық байланыс. Иондық және коваленттiк қосылыстардың қасиеттерi. Кристалдық торлардың типтерi. Металдық байланыс. Сутектiк байланыс.
Көрсетiлiмдер.
Химиялық байланыстың әртүрлi типтерiмен байланысқан заттар.
Әртүрлi заттардың кристалдық торларының модельдерi.
Зертханалық тәжiрибелер.
Молекулалардың модельдерiн жасау.
3-тақырып. Химиялық реакциялардың жылдамдығы және
химиялық тепе-теңдiк (5 сағат)
Химиялық реакцияларды әрекеттесетін және реакция нәтижесiнде
түзiлетiн заттардың саны және құрамы бойынша, тотығу дәрежесiнiң өзгеруi
бойынша, қайтымдылығы және жылу эффектiлерi бойынша жiктеу.
Химиялық реакциялардың жылдамдығы. Реакция жылдамдығына әсер ететiн факторлар: әрекеттесетiн заттардың табиғаты, концентрация, температура, жанасу бетi, катализаторлар мен ингибиторлар. Химиялық тепе-теңдiк және оны ығыстыру шарттары. Ле Шателье принципi. Химиялық реакциялардың жүру заңдылықтарын бiлудiң химиялық процестердi басқару үшiн маңызы.
Көрсетiлiмдер:
Химиялық реакциялардың түрлерiне мысалдар (ыдырау, қосылу бейтараптау, жану және т.б.).
Реакция жылдамдығының жанасу бетiне тәуелдiлiгi (мырыш түйiршiктерi мен ұнтақтарының тұз қышқылымен әрекеттесуi).
Есептер мен жаттығулар.
Химиялық реакциялардың әртүрлi типтерiнiң химиялық теңдеулерiн құруға мысалдар.
4-тақырып. Ерiтiндiлер. Ерiтiндiлердегi реакциялар.
Қышқылдық - негiздiк әрекеттесу теориялары (5 сағат).
Ерiтiндiлер туралы жалпы мағлұматтар. Бейорганикалық заттардың әртүрлi кластарының диссоциациялануы. Қышқылдар мен негiздердiң иондық теориясы. Судың диссоциациялануы. Сутектiк көрсеткiш. Тұздардың гидролизi. Қышқылдық-негiздiк әрекеттесулер туралы осы күнгi көзқарастар.
Көрсетiлiмдер.
Иондардың электр өрiсiнде қозғалуы.
Алмасу реакциялары.
Тұздар ерiтiндiлерiндегi индикаторлардың түстерiнiң өзгеруi.
Зертханалық тәжiрибелер.
Гидроксидтердi алу және олардың қасиеттерiн зерттеу.
5-тақырып. Металдар (7 сағат)
Металдар мен бейметалдар. Металдардың периодтық жүйедегi орнына және атомдарының құрылысының ерекшелiктерiне байланысты жалпы сипаттамасы. Негiзгi және қосымша топша металдары.
Табиғи, биологиялық процестерде және техникада маңызды роль атқаратын металдар: сiлтiлiк металдар, кальций мен магний, алюминий және темiр. Металдардың жемірілуі және одан сақтану.
Адамдардың тұрмысында кең қолданылатын маңызды металдардың табиғаттағы қосылыстары. Металдардың Қазақстандағы маңызды кен орындары. Қазақстанның металлургия өнеркәсiбi және қоршаған ортаны өндіріс қалдықтарының зиянды әсерінен қорғау.
Көрсетiлiмдер.
Металдар мен құймалардың үлгiлерi.
Na+ және K+ иондарын анықтау.
Сa2+ иондарын анықтау.
Al3+ иондарын анықтау.
Темiр құймаларының үлгiлерi.
Fe2+ және Fe3+ иондарын анықтау.
Зертханалық тәжiрибелер.
1. Металдардың химиялық белсенділігін салыстыру.
2. Натрий, калий, кальций қосылыстарының үлгiлерiмен таныстыру.
3. Алюминий және оның құймаларының үлгiлерiмен таныстыру.
Практикалық жұмыстар.
Металдар тақырыбына арналған тәжiрибелiк есептердi шешу.
Есептер мен жаттығулар.
Химиялық теңдеулер бойынша газдардың массаларын, зат мөлшерлерiн және көлемдерiн есептеу.
Металдардың генетикалық қатарына сүйене отырып, реакция теңдеулерiн құрастыру.
6-тақырып. Бейметалдар және олардың қосылыстары (8 сағат)
Бейметалдардың жалпы сипаттамасы. Бейметалдардың периодтық жүйедегi орналасуы. Бейметалдардың негiзгi қасиеттерiнiң периодтық жүйедегi өзгеру заңдылықтары. Бейметалдардың күнделiктi тұрмыста және техникада қолдануға қажеттi басты физикалық және химиялық қасиеттерi.
IV А - топ элементтерiнiң жалпы сипаттамасы. Көмiртек пен кремний. Табиғатта таралуы. Аллотропиялық түр өзгерiстерi: олардың құрылысы мен физикалық қасиеттерi. Химиялық қасиеттері. Көмiртек пен кремнийдiң маңызды қосылыстары, олардың тұрмыста, құрылыста және Қазақстан өнеркәсiбiнде қолданылуы.
VА - топ элементтерiнiң жалпы сипаттамасы. Азот және фосфор. Табиғатта таралуы, алынуы, физикалық және химиялық қасиеттерi, қолданылуы, биохимиялық ролi. Азот пен фосфордың маңызды қосылыстары, олардың маңызы. Қазақстанның фосфор өнеркәсiбi және оның қалыптасуы мен өркендеуiне Қазақстан ғалымдарының қосқан үлесi.
VIА - топ элементтерiнiң жалпы сипаттамасы. Оттек және күкiрт. Табиғатта таралуы, алынуы, физикалық және химиялық қасиеттерi, қолданылуы, биохимиялық ролi. Күкiрт пен оттектiң маңызды қосылыстары, олардың табиғаттағы ролi және қолданылуы. Қазақстандағы күкірт қышқылы өндірісі.
VIIА – топ элементтерiнiң жалпы сипаттамасы. Хлор және йод, олардың қосылыстары.
Көрсетiлiмдер.
Бейметалдардың үлгiлерi ( көмiртек, фосфор, күкiрт, йод және т.б.).
Көмiрдiң ерiген заттарды адсорбциялауы.
CO32-, SiO32-, NO3-, PO43-, S2-, SO42-, Cl- иондарына сапалық реакциялар.
Бейметалдардың табиғи қосылыстары (Минералдар мен табиғи
қосылыстар жинақтамасы).
Зертханалық тәжiрибелер.
Аммоний тұздарының сiлтiлермен әрекеттесуi.
Практикалық жұмыстар
Иондарға сапалық реакциялар.
«Бейметалдар» тақырыбы бойынша тәжiрибелiк есептердi шешу.
Есептер мен жаттығулар.
1. Бейметалдар қатысатын реакция теңдеулері бойынша есептеулер.
2. Бейметалдардың генетикалық қатарына сүйене отырып, реакция теңдеулерiн құрастыру.
7-тақырып. Бейорганикалық заттар және қоршаған ортаны қорғау.
(2 сағат)
Қоршаған ортаның химиялық заттармен ластануы. Азоттың, күкiрттiң, көмiртектiң, галогендердiң, ауыр металдардың әсерiнен биосферада болатын өзгерiстер. Химия ғылымы мен технологияның қоршаған ортаны қорғаудағы рөлi. Химия және салауатты өмiр сүру.
Есептер мен жаттығулар.
Экологиялық мазмұнды есептердi шығару.
Бүкiл 10-сынып курсы бойынша есептердiң әртүрлi типтерiн шығару.
11- сынып
(барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағаттан)
1–тақырып. Кiрiспе. Органикалық заттар – көмiртек қосылыстары
(3 сағат)
Органикалық химия пөнi. Органикалық қосылыстардың көптүрлiлiгi. Органикалық заттардың ерекшелiктерi.
А.М.Бутлеровтың органикалық заттардың химиялық құрылыс теориясы. Көмiрсутектердiң электрондық құрылысы. Көмiртек атомдарының валенттiк күйлерi. Гомология және изомерия туралы түсiнiк. Зат қасиеттерiнiң құрамы мен құрылысына байланыстылығы.
2–тақырып. Көмiрсутектер (7 сағат)
Көмiрсутектердiң жiктелуi. Қаныққан, қанықпаған және ароматты көмiрсутектер. Олардың жалпы формулалары мен аталуы.
Алкандар (қаныққан көмiрсутектер) және циклопарафиндер (циклоалкандар). Гомолог қатарлары, өкiлдерi. Олардың күнделiктi өмiр мен техникада қолданылуларына негiз болатын физикалық және химиялық қасиеттерi.
Қанықпаған көмiрсутектер. Этилен, бутадиен, ацетилен. Олардың адамның тiршiлiк iс-әрекетiне қажеттi негiзгi физикалық және химиялық қасиеттерi. Марковников ережесi.
Арендер (ароматты көмiрсутектер). Бензол, толуол. Ароматты көмiрсутектердiң негiзгi физикалық және химиялық қасиеттерi. Улы химикаттар (пестицидтер, гербицидтер) және қопарылғыш заттар жөнiнде түсiнiк.
Көмiрсутектердiң табиғи шикiзат көздерi. Газ, мұнай, көмiр. Тас көмiрдi кокстеу. Көмiр – отын және химиялық өнеркөсiп шикiзаты. Мұнай және мұнайдан алынатын өнiмдер, олардың қолданылуы.
Қазақстандағы газдың, мұнайдың, көмiрдiң негiзгi кен орындары және оларды өндiру. Көмiрсутектер мен олардың өнiмдерiнiң қоршаған ортаға әсерi. Газ, мұнай, көмiр кендерiндегi өндiру және өңдеу жұмыстары кезiнде қоршаған ортаны қорғау мәселелерi.
Көрсетiлiмдер:
1.Органикалық заттар құрамындағы көмiртектi сапалық анықтау.
2.Қанықпаған көмiрсутектер құрамындағы еселi байланыстың бар екенiн тәжiрибе жүзiнде көрсету.
Зертханалық тәжiрибелер:
Көмiрсутектердiң молекулалық модельдерiн жасау.
Есептер мен жаттығулар:
Көмiрсутектердiң изомерлерiнiң құрылым формулаларын жазу.
Көмiрсутектер қатысатын реакциялар теңдеулерi бойынша есептеулер жүргiзу.
3–тақырып. Оттектi органикалық қосылыстар (12 сағат)
Оттектi органикалық қосылыстардың жiктелуi. Спирттер, фенолдар, альдегидтер, карбон қышқылдары, жай және күрделi эфирлер, көмiрсулар. Функционалдық топтар. Оттектi органикалық қосылыстардың жалпы формулалары және аталуы туралы түсiнiк
Органикалық гидроксоқосылыстар. Спирттер және олардың түрлерi. Бiр атомды және көп атомды спирттердiң өкiлдерi: метанол, этанол, этиленгликоль, глицерин. Фенол. Олардың маңызды физикалық және химиялық қасиеттерi. Бiратомды және көп атомды спирттердi, фенолды сапалық анықтау. Спирттер мен фенолдардың тiрi организмге өсерi. Қоршаған ортаны құрамында фенолы бар өнеркөсiп қалдықтарынан қорғау.
Карбонилдi қосылыстар. Құрамы. Жеке өкiлдерi: құмырысқа, сiрке альдегидтерi, ацетон. Қаныққан және қанықпаған карбон қышқылдары. Олардың табиғатта кездесуi. Құмырысқа, сiрке, стеарин, акрил, олеин, сүт, қымыздық, лимон қышқылдары. Карбонилдi қосылыстардың физикалық және химиялық қасиеттерi. Альдегидтер мен карбон қышқылдарын сапалық анықтау.
Эфирлер. Жай және күрделi эфирлер. Құрамы. Табиғатта таралуы. Диэтил эфирi және күрделi эфирлердiң көп тараған өкiлдерi. Майлар: сұйық және қатты майлар. Олардың құрамдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Сұйық майдан қатты май алу. Майдың гидролизденуi. Тағам майының организмдегi биохимиялық ролi.
Сабын және синтетикалық жуғыш заттар туралы түсiнiк. Табиғатты синтетикалық жуғыш заттармен ластанудан қорғау. Қазақстандағы синтетикалық жуғыш заттар өндірісі.
Көмiрсулар. Табиғатта таралуы. Жiктелуi. Моносахаридтер, дисахаридтер және полисахаридтердiң жеке өкiлдерi: глюкоза, фруктоза, сахароза, крахмал, целлюлоза. Олардың адамның қолданылуларына қажеттi негiзгi физикалық және химиялық қасиеттерi. Фотосинтез реакциясының маңызы. Көмiрсулардың биохимиялық ролi.
Қазақстанның май, қант, целлюлоза өндiрiстерi.
Бейорганикалық және органикалық заттардың өзара айналулары. Көмiрсутектер мен оттектi органикалық қосылыстардың арасындағы генетикалық байланыстар.
Көрсетiлiмдер:
Этанол мен глицериннiң суда ерiгiштiгi.
Этанол, глицерин, фенол, альдегидтер мен карбон қышқылдарының сапалық реакциялары.
Практикалық жұмыстар:
Майлардың қасиеттерiн зерттеу (ерiгiштiгi, қанықпағандығын дәлелдеу).
Майлардан сабын алу.
Сабын мен синтетикалық жуғыш заттардың қасиеттерiн салыстыру.
Есептер мен жаттығулар:
Оттектi органикалық қосылыстардың генетикалық байланыстарына жаттығулар орындау.
4–тақырып. Азотты органикалық қосылыстар (3 сағат)
Аминдер. Аминдердiң құрылысы және изомериясы. Аминдер - органикалық негiздер, олардың сумен және қышқылдармен әрекеттесуі. Анилин - ароматты негiздердiң өкiлi. Нитробензолдан анилиндi алу (Н.Н.Зинин реакциясы). Анилиннiң практикалық маңызы.
Амин қышқылдары. Құрылысы және изомериясы. Амин қышқылдарының құрамына байланысты (амин және карбоксил топтарының болуы) химиялық қасиеттерiнiң ерекшелiктерi. Амин қышқылдарының тiршiлiк үшiн маңызы және табиғатта кездесуi. Пептидтер синтезi, олардың құрылысы.
Құрамында азоты бар органикалық қосылыстар (пиррол, пиридин) жөнiнде жалпы түсiнiк.
Көрсетiлiмдер:
Амин қышқылдарының ерiтiндiлерiнен функционалдық топтарын сапалық анықтау.
Анилиндi бояумен матаны бояу.
5–тақырып. Жоғары молекулалы қосылыстар (5 сағат)
Жоғары молекулалы қосылыстар жайындағы негiзгi түсiнiктер. Мономер, полимер, сополимер, полимерлену дәрежесi. Полимерлердiң жiктелуi. Полимерлердi алу өдiстерi: полимерлену және поликонденсациялану. Табиғи және синтетикалық жоғары молекулалы қосылыстар. Каучук, белоктар және нуклеин қышқылдары - табиғи полимерлер өкiлдерi.
Белоктар - жоғары молекулалы қосылыстар. Оларды түзейтiн негiзгi амин қышқылдары. Белоктың бiрiншi реттiк, екiншi реттiк және үшiншi реттiк құрылымдары. Белоктардың қасиеттерi: денатурациялануы, гидролизденуi, екідайлылығы, түстi реакциялары. Организмдегi өзгерiсi. Белоктарды зерттеуде және олардың биосинтезiнде Қазақстан ғылымында қол жеткен табыстар.
Нуклеин қышқылдары және нуклеотидтер. Нуклеотидтердiң құрамы: гетероциклдi азотты (пуриндi, пиримидиндi) негiздер, рибоза мен дезоксирибоза және фосфор қышқылының қалдығы. ДНҚ молекуласының құрылымы. ДНҚ қос спиралiнiң құрылысындағы толықтыру (комплементарлық) принципi. РНҚ молекуласының құрылымы және түрлерi. Нуклеин қышқылдарының тiршiлiк үшiн маңызы.
Синтетикалық жоғары молекулалы қосылыстар. Пластмассалар және олардың жiктелуi. Полиэтилен, полипропилен, поливинилхлорид. Олардың негiзгi қасиеттерi және қасиеттерiне байланысты қолданылуы.
Талшықтардың жiктелуi. Синтетикалық талшықтар және олардың түрлерi. Маңызды өкiлдерi: капрон, кевлар, лавсан. Олардың қасиеттерi мен қолданылуы.
Синтетикалық каучук (көксағыз): бутадиен, изопрен, бутадиенстирол. Вулканизация реакциясы. Резеңке, қасиеттерi мен қолданылуы.
Қазақстандағы пластмасса мен каучук өнеркәсібі.
Көрсетiлiмдер:
Пластмассалар, көксағыз және талшықтар жиынтықтары.
Табиғи, жасанды және синтетикалық талшықтардың қасиеттерiн салыстыру.
Талшықтарды танып бiлу.
6–тақырып. Органикалық қосылыстардың адам тiршiлiгiндегi маңызы ( 4 сағат)
Биологиялық маңызды органикалық қосылыстар: белоктар, амин қышқылдары, ферменттер, майлар, сiрке қышқылы, глюкоза, крахмал, витаминдер, нуклеин қышқылдарының организмдегi рөлi. Ферменттер - биологиялық катализаторлар.
Тағам құрамындағы органикалық заттар. Тағамның құндылығы. Жасанды тамақ өндiрiсiнiң дамуы. Тағамды дұрыс пайдалану және бұзылудан сақтау жолдары.
Витаминдер, олардың маңызы және табиғатта кездесуi.
Тұрмыста қолданылатын органикалық заттар: сабын, шампунь, тiс пасталары, әртүрлі жуғыш заттар, косметикалық препараттар, өсiмдiктердi қорғаудың химиялық құралдары. Пестицидтер, гербицидтер және өсiмдiктердiң өсуiн тездетушiлер жөнiнде түсiнiк. Органикалық заттар негiзiндегi әртүрлі ерiткiштер, бояулар, лактар, желiмдер және т.б.
Қоршаған ортаның ластану көздерi. Химиялық экология зардаптары және адам денсаулығы. Адам денсаулығына керi әсерiн тигiзетiн химиялық заттар және оларға қарсы күрес шаралары. Дәрi-дәрмектiк заттарды дұрыс сақтау және пайдалану.
Химия - жаратылыстағы өзгерiстердi зерттейтiн ғылым. Химияның басқа ғылымдармен байланысы. Жалпы ғылымдардың дамуы мен табиғатты, өмiрдi, қоғамды диалектикалық тұрғыдан түсiнудегi химияның маңызы. Материя қозғалысының химиялық түрi. Жаратылыстың диалектикалық заңдарын химиялық тұрғыдан ұғынып түсiну.
Органикалық химияны дамытудағы Қазақстандық ғалымдардың еңбектерi.
III ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Оқушы
Біледі:
- ертінділермен, газдармен және қатты химиялық заттармен жұмыс істеуде және күнделікті өмірде, тұрмыста қолдануда техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауды;
- маңызды химиялық өнімдерді өндірудің технологиялары, химиялық процесстерді жүргізудің тиімді жағдайларын және ұстанымдарының ғылыми негіздерін;
- Қазақстандағы маңызды табиғи миниралды ресурстармен химиялық өндіріс орындарын, оларды дамытудың жолдарымен болашағын тиімді және экологиялық қауіпсіз жаңа технологияларды өндірудің және олардың негізінде алынатын химиялық өнімдерді өндіру мәселелері;
- табиғаттағы заттардың және химиялық элементтердің, энергияның өзара алмасу заңдылықтары және оларды адамның өндірістік қызметі салдарынан бұзылу мүмкіндіктерін және оның қауіптілігін;
- тұрмыста, өндірісте қолданылатын химия ғылымының маңызды заңдылықтарын;
- тамақ, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия және басқа химиялық өнімдерді дұрыс және қауіпсіз қолдануды;
- Қазақстанның экологиялық проблемаларын, олардың аймақтық ерекшеліктерін және оларды алдын-алудың ғылыми-технологиялық шарттарын;
- химия ғылымы бойынша теориялық және практикалық білімдерін басқа жаратылстану-ғылыми, технологиялық, экологиялық және экономиакалық білімдермен үйлестіре отырып, адам қызметінің әртүрлі саласында қолдану негіздерін.
Түсінеді:
- дүниенің жаратылыстану-ғылыми сипатының химиялық мәнін, бейорганикалық және органикалық заттардың, табиғи және синтетикалық материалдардың құрамын, құрылысын, өзара айналу заңдылықтарын, теорияларын түсіндіретін негізгі ұғымдарды;
- бейорганикалық және органикалық дүниенің бірлігімен өзара үйлестіру және байланыстылығын;
- ел экономикасын дамытудағы халықтың әлауқатын жақсартудағы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы химияның ролін;
- адамның табиғатты пайдаланудағы және түрлендірудегі өзінің өндірістік-тұрмыстық қызметін ұйымдастырудағы жауапкершілігін;
- химияның адамзаттың шикізат өңдеу жаңармай және энергетикалық проблемаларын шешудегі маңызын;
Жасай алады:
- химиялық процестермен табиғаттың химиялық қалдықтар әсерінен ластануы салдарынан болатын адамзаттың жақандық проблемалырын талдауды және болжауды;
- химия пәнінен алған білімдерін оқу үрдісінде күнделікті өмірде және тұрмыста тиімді түрде қолдануды;
- химиялық заттарды қате пайдалану салдарынан зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету.
Қолдана біледі:
химияның негізгі заңдары мен теорияларын химия бойынша теориялық және эксперименталды есептерді шешуге;
химия пәнінен алған білімдерін күнделікті өмірде, тұрмыстық жағдайларда;
химияның негізгі заңдары мен теорияларын, химия өндірісінің технологияларының негіздері мен даму бағыттырын түсіндіруде.
IV ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Орта білім беру жүйесінде Химия пәнін оқытудың басым міндеті ретінде оқушылардың танымдық іс-әрекет және ақпараттық-коммуникативті іс-әрекет түрлерін ұйымдастыруды меңзейді:
- танымдық іс-әрекет қоршаған дүниені танып білу үшін бақылау, өлшеу, эксперимент жүргізуді, модельдеуді пайдалануды; зерделеу нысандары арасындағы мәнді қызметтік байланыстар мен қатынастарды бөліп көрсетуді; себеп-салдарлық байланыстардың сипатын айқындауды; оқу және практикалық есептерді шешуді, өз бетінше әр түрлі шығармашылық және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра алуды; мақсат қою, нәтиже, оны бағалау тәрізді проблемаларды шешу компетенттілігі аясында өзінің танымдық іс-әрекетін өз бетінше, қызығушылықпен ұйымдастыра алуды болжайды;
- ақпараттық- коммуникативті іс-әрекетке бастапқы және қосалқы ақпаратты ала білу және оны өңдей алу, сондай-ақ оны пайдалана білу; негізгі ақпаратты қосалқыдан бөле алу, алынған ақпараттың сенімділігін бағалай алу; қойылған мақсатқа сәйкес ақпарат мазмұнын жеткізе алу; ақпаратты бір таңбалық жүйеден екіншісіне көшіре білу; пайымдауын кеңінен негіздей алу, анықтамалар беріп, дәлелдемелер келтіре білу; ақпараттарды өңдеу, жіберу, жүйелеу үшін, танымдық және практикалық іс-әрекеттің нәтижелерін көрсету үшін мультимедиялық қорларды, копьютерлік технологияны пайдалана алу біліктілігімен қаруландыру; жазу, көпшілік алдында сөйлей білу (өз ойын айту, монолог, пікір талас және т.б.), топпен жұмыс істей алу коммуникацияларының негізгі түрлерін меңгеру; пікір алмасушының көзқарасын түсіне білу және басқа пікірдің болуын мойындай білу қабілеттілігін дамыту, сұқбаттасу және пікірталас жүргізудің этикалық нормалары және ережелерін білу жатады.
Оқу үдерісінде оқушылар өздері байқап көре алатын көрсетілімдер, эксперименттер, қарапайым зерттеулер кеңінен пайдалануы тиіс. Бұл ұсыныстар көрнекілікті қамтамасыз етуге ғана емес, ең алдымен, «Химия» пәні бойынша мектеп түлектерінің дайындық деңгейіне қойылатын стандарт талаптарын жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар туғызуға бағытталған. Талаптарда зерттеушілік, аналитикалық сипаттағы, ақпараттық құралдармен жұмыс істеу сияқты жалпы оқу біліктері маңызды орын алады. Олардың барлығы білім берудің іс-әрекеттік компоненттері болып табылады. Оқу үдерісін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі бұл міндеттерді тиімді шешуге жеткілікті болуы тиіс. .
Химия пәні бағдарламасында адамның табиғатпен өзара қарым-қатынасы, адамның Әлемдегі және планетадағы орны, өмірдің мәні туралы мәселелер, сондай-ақ оқушыларға білім беруде және тәрбиелеуде үлкен мәні бар лабораториялық және практикалық жұмыстар маңызды орын алады.
Оқу бағдарламасының мазмұны мұғалімге оқушыларда жаратылыстану заңдары мен заңдылықтары негізінде практикалық тапсырмалар орындау біліктерін қалыптастыруға көмектеседі.
Оқыту үдерісі негізінен интерактивтік негізде құрылады. Бұл тапсырмалардың біліктілік қалыптастыруға бағдарланған сипатта болуын көздейді.
Оқу бағдарламасында жұмыстың креативті тәсілдеріне және формаларына ерекше орын бөлінеді, проблемалық мәселелерді талқылау арқылы ұжымдық жұмыс жүргізу, оқушыларды өзіндік шығармашылық жұмысқа және топта бірігіп және жеке жасайтын қызықты тапсырмаларға бағыттайтын дамытушы сипаттағы шығармашылық тапсырмаларды орындау және практикалық есептерді шығару ұсынылады.
10-11 сыныптарға арналған «Химия» пәнінің кез келген тақырыбын игеру ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (ИКТ), негізінен компьютерді оқу құралы ретінде пайдалану түрінде қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мұнда ақпараттық-компьютерлік технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын оқу материалдарының мазмұны жалпы оқытуға бөлінген сағаттың 15-20%-ын құрайды. Мультимедиялық бағдарламалардың көмегімен сабақ үстінде көрсетілімдік тәжірибе арқылы қарастыруға болмайтын табиғаттағы құбылыстар мен процестерді көрсетілімдеуге болады. Виртуалды тәжірибелер құбылыстар мен процестердің мәнін оқушылар тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.